Алма жегісі келген ағаш егеді

0
10 488

Бүгін алма ағашының қалай отырғызылуы және күтімі жөніндегі кеңесіміз артықтық етпейді. Алма ағашының мол өнім беруі үшін, сапалы өнім алуымыз үшін оның күтімінің де өзіндік әдіс-тәсілдерін қаперіңізге ала жүріңіз.


Алма жегісі келген ағаш егеді

Жерді игеру - әр адамзат баласының міндеті. Жерді игермесек, ол да жетім болады. Сондықтан, химикаттармен уланған дайын өнімді сатып алғанша, табиғи таза дақылды өз бау-бақшаңызда өсірсеңіз, ерекше махаббатыңыз бен маңдай теріңізді төккен жемістеріңіздің дәмі де тіл үйіріп, сіздің бойыңызға күш-қуат дарытатыны сөзсіз.

Көшет отырғызу технологиясы өте күрделі процесске жатады. Себебі отырғызатын көшеттердің сан алуан түрлерімен қоса оларды ыдыста немесе ыдыссыз өсіреді. «Не ексең, соны орасың» дегендей, бұл кезде отырғызған көшеттеріміздің мол әрі сапалы өнім беруі үшін көп еңбектенуді қажет етеді.

Соның ішінде бүгін алма ағашының қалай отырғызылуы және күтімі жөніндегі кеңесіміз артықтық етпейді.

Алма ағашының мол өнім беруі үшін, сапалы өнім алуымыз үшін оның күтімінің де өзіндік әдіс-тәсілдерін қаперіңізге ала жүріңіз.

Әлемде алма ағашының 36 түрі бар екен. Ал біздің елімізде жаздық, қыстық, күздік сорттарынан үш түрі өседі. Жемісінің құрамында 88 пайыз су, 8 пайыз қант, А, В1, В2, В6, С дәрумендері, сонымен қатар, көптеген минералды заттар кездеседі.

Мамандардың айтуынша, алма ағашының көшетін отырғызғанда бір жылдық көшетінен бастап отырғызған дұрыс. Алма ағашы қысқы ұйқысынан оянбай тұрып, жылына бір рет кесу жұмыстарын жүргізген жөн.

Өйткені, кесу жұмыстары ағаштың дұрыс гүлдеп, дұрыс өнім беруіне көмектеседі.

Ағаш өскен кезде оның әр бұтағында бүршіктер пайда болады. Сол бүршіктерден өсінді өседі. Неғұрлым сол бүршіктерді дұрыс сақтауымыз керек. Сондықтан, бұтақтың, яғни, бүршіктің ішкі жағынан қиып отыру керек.

Кесу жұмыстарын дұрыс атқаруды да білгеніміз артықтық етпейді. Артық бұтақтарды сақина тәрізді етіп емес, қиғашынан кесу керек.

НЕЛІКТЕН? Себебі, онда бұл жерден бүршік шығып, бұтақ өседі. Ол осы қиылған жерге тіреледі де, дұрыс бағытта өсе бастайды.

Оны не үшін жасаймыз? Келешекте бұтақтарды майыстырып, тартпау үшін немесе мұны барынша азайту үшін.

Жемістің көп болуы үшін, артық бұтақтарды да қырқып, жемістің ыңғайлы өсуіне жағдай жасау қажет. Артық бұтақ деп орталық бұтақтың жартысынан асып өсіп тұрған бұтақты айтамыз. Бұтақты кескен кезде сол жерден шоғырланып бұтақтар шығады. Ал жұлып алуға болмайды, мүмкіндігінше сындырып, немесе кесіп алған дұрыс. Жеміс ағашының астыңғы жағында өскен бұтақтарды сақина тәрізді тегіс кесіп алып тастаған дұрыс. Себебі, ағаштың діңі, яғни, жуан жеріне бұл көп зиян шектіреді. Ал бәсекелес бұтақтар бүкіл нәрдің бәрін өзіне тартып алады да жеміс беру азаяды. Сондықтан, мұндай бұтақтарды аяудың қажеті жоқ. Бізге керегі өзегі, төменнен жоғары қарай кеткен діңгек пен жеміс беретін аймақ қажет.

Жемісі піскенше, жер жағдайына қарай күніне 8-12 рет суғарылып, 2 рет тыңайтқыш себіледі.

Ал өсіп тұрған жеміс ағашы жағдайға қарай, екі жылда бір рет немесе жылына бір рет күзеледі.

Алманың зиянкестері, алма жегісі, алма биті, алма құрты, ақұнтақ сияқтылардан сақтану үшін алма ағашына көбірек күтім қажет. Оған көбірек көңіл бөліп, дер кезінде дәрілеп тұру да пайдалы болмақ.

Сонымен қатар, үсік шалу қаупінен де сақтандыру керек. Наурыз, сәуір айларының ортасына қарай, ағаштар бүршік жарады. Жапырақтанып, кейде сәуір айының аяғында, кейде мамыр айының бастапқы кезеңдерінде жеміс сала бастайды.

Әдетте алма жемісінің шырынынан сусындар, кей жағдайда шарап та дайындалады. Жемісін ағзадағы түрлі ауыр металл заттардан тазартуға, қан бұзылуының және жүрек ауруларын емдеуге қолданылады. Қолданыстағы кең тараған алма жемісін дәрумен, дәрі ретінде көп пайдаланады.

Гүлвира ЖҰМАДІЛДАЕВА

ERNUR. KZ