Арамшөпке "ішімдік беріп" құтылуға болады

0
12 908

Бау-бақша мен үй айналасын басқан арамшөптерден құтылу жолдары.


Арамшөпке

Биылғы маусым жаңбырлы болып, әсіресе шаруалар мен дихандарға қуаныш сыйлады. Жерге мол түскен ылғалдан егілген егін, бау-бақша мен мал азығы болар шөптің мол болары анық. Сондай-ақ мұндай кезде жер үйлердің аулалары мен бақшаға егілген көшеттерді де шөп басып, оны тазарту қиындап жататыны бар. Қолмен жұлып немесе түбінен шауып әуре-сарсаңға түсіп жатамыз. Бірақ шамалы уақыттан кейін қайта шыққан шөптерді көреміз. Ондай арамшөптерден оңай әрі біржола құтылуға бола ма? Бұл сұрақтың жауабын төменнен оқи аласыздар. Сіздер үшін шөптен құтылудың ең тиімді, оңай, әрібіржола құтылудың бірнеше әдістерін жинақтадық.

Дәстүрлі. Арамшөптен құтылу үшін жерді аударып, қопсыту қажет. Бұл тәсіл төңірегінде қазір талас көп. Дегенмен көпжылдық тамырсабақты арамшөптерден құтылу үшін жерді аударып, қазу тиімді тәсілдің бірі болып қала береді. Бірақ бұл тәсіл үй айналасындағы шөпті тазартуда жарамсыз. Себебі үй айналасын аударып, қопарып тастауға болмайды. Сондықтан көбіне бау-бақшада тиімді.

Химиялық. Улы химиялық препаратпен арамшөптен құтылу әдісі өте жылдам әсер етеді және тиімді нәтиже көрсетеді. Алайда қарсы көрсетілімдері бар, сондықтан пайдалану кезінде аса ұқыптылық пен мұқияттылықты талап етеді. Мұндай химиялық қоспасы бар препараттар себілген аймағының барлығын қуратып, түгелдей жарамсыз етеді. Оның ішінде бау-бақшаға егілген дақылдар, ауладағы гүлдер болсын барлығын да қуратып жібереді.Сондықтан мұндай тәсіл көбіне ештеңе егілмейтін аймаққа және төсеніш тастарының арасынан шыққан шөптерден құтылуда жақсы көмекші бола алады. Препарат түрлері - «Торнадо», «Антибурьян» т.б.

Анықтау әдісі. Байқасаңыздар арамшөптер көбіне бос жатқан жерлерге шығып, ал дақылдар, гүлдер егілген аймаққа аз, әрі біржылдық шөптер басады. Мұнан шығатын қорытынды - үй айналасында бос жатқан жер болмағаны жөн. Ең болмағанда түрлі гүлдер егіп, өзіңізді қуанышқа, үйіңізді сәнге бөлеп қойыңыз!

Жабындау әдісі. Мұндай әдісті бау - бақша үшін байқап қолдану керек. Себебі жабын көшеттерді қысып тастамау қажет. Ал ашық шөп басып жатқан жерге ең бір қолайлы, тиімді әдіс. Ол үшін полиэтиленді үлбір (полиэтиленовая пленка) алып, шөптің бетін толықтай жауып тастау керек. 3-4 күн ішінде шөп өсетін жер таппай сарғайып, қурап кетеді де Сіз тек қалдығын сыпырып аласыз.

Алкагольді әдіс. Мұндай тәсілдің отаны - Америка. Өткен ғасырдың 30 жылдары сынамадан өткен. қолданылуы өте қарапайым: бір шелек (10литр) суға 150гр арақ қосып топыраққа сеуіп шығу керек. Бұл әдіс арқылы, егілген өсімдіктермен қатар арамшөптер де бойшаң болып өсіп, тамырымен жұлып тастау үшін қолға ілінетіндей ыңғайлы болады.

Өртеу әдісі. Бұл да бір ерекше тәсіл. Бұл әдіс бақша егетіндер үшін өте қолайлы екен. Тығыз шығатын өсімдіктер (мысалы, сәбіз, ақжелкен, аскөк т.б.) егілген жерлерде арамшөптер алдымен бас көтереді. Ал мұндай жердегі шөптерден оңай құтылудың ерекше әдісін бағбаншылар ойлап тапқан. Олар дәнекерлейтін шам (паяльная лампа) алып жүйектің бетінен бірқалыпта сырғыта отырып жүріп өткен. Мұндағы басты нәрсе - жағылған отпен бір орында ұзақ тұрып қалмау. Әйтпесе арамшөппен бірге әлі шықпаған көшеттерді де жоқ қылып жібересіз. Өртеп шөптерді күйдіріп алған соң, ол жерді суғарып салқындату керек.


Жұқарту әдісі. Бұл әдіс үй ауласы мен бау-бақшадағы үлкен -үлкен болып өсетін арамшөптерге арналған. Мысалы түрлі жапырақтары үлкен тікен шөптер т.б. Өсімдіктердің тамыры мен жапырақ, сабақтары тығыз байланыста болғандықтан, одан жерді қопарып құтылмай-ақ, жай ғана жапырақтарын, өскіндерін қырқып тастап отыру қажет. Егер осылай үнемі қырқып отыратын болсаңыз, тамыр да бойындағы күш-қуатын жоғалтып, қурап кетеді.

Ас содасы. Аталған зат тек ас үйде ғана емес, көптеген жерде өз пайдасын тигізеді. Соның бірі арамшөптен құтылу үшін. Ас содасының барынша күшті, ащы етіп дайындалған ерітіндісін, бүркігішке құйып, шөптің бетіне сеуіп шығу қажет. жерге түскеннен кейін ас содасы өсімдіктің тамырын зақымдап, оның тез қурап кетуіне әсер етеді.

Сіркесу. Арамшөптен құтылу үшін сіркесуды пайдаланудың зияны жоқ. Мұндай тәсілді пайдаланудың тиімділігі жазғы маусымның басында жасалса арта түседі. Таза сіркесу мен оның белсенілігін арттыратын түрлі қоспаларды қосу арқылы пайдалануға болады. Сондай-ақ сіркесу қоспасы арамшөптен ғана емес түрлі зиянкестерден де құтылуға көмектеседі. Ол үшін: 9 пайыздық бір литр сіркесуына 10мл сұйық сабын немесе ыдыс жууға арналған сұйықтық қосып, жақсылап араластырамыз. Бүркігішке құйып себеміз. Мұндай қоспа таза сіркесумен өңдегенге қарағанда тиімді және тез әсер етеді.

Тұз. Арамшөптен құтылудың тағы бір мықты деген әдісі - тұзды су. Сондай-ақ тұзды су арқылы колорад қоңызынан да құтылуға болады екен. Ол үшін: 1литр қайнаған суға 2 ас қасық тұз саламыз. Осы ыстық күйінде қажетсіз шөптерге құйып шығу керек. Бау-бақшада абайлап пайдаланған дұрыс.

Дайындаған кеңестер пайдаларыңызға жарасын! Уақыт пен ақшаларыңызды үнемдесін!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева

ERNUR.KZ.