Асүйдегі БҰЛ ЗАТТЫ уақытылы тазартпаса, ӨРТ ШЫҒЫП КЕТУІ мүмкін

0
3 455

Оны кем дегенде айына 2 рет тазартып, сүртіп тұру қажет.


Асүйдегі БҰЛ ЗАТТЫ уақытылы тазартпаса, ӨРТ ШЫҒЫП КЕТУІ мүмкін

Қазір технологияның дамыған заманында асүйдегі газ плитасын сорғысыз (вытяжка) елестету мүмкін емес. Асүйде жасалған барлық тағам мен тәтті-дәмділердің иісін, күйген астарды, буланған және май иістерін сіңіріп, жұтып үздіксіз жұмыс жасап тұрғандықтан сорғыштың сүзгілерінде қақтар пайда бола бастайды. Сонымен қатар қабаттап жиналған майлар да асүйде оттың ұшқындауына әсер етуі мүмкін.

Міне, сондықтан мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін, сорғы мен сүзгіні кем дегенде айына 2 рет тазартып, сүртіп тұру қажет. Кейінгі үлгідегі кейбір сорғылар тазартатын уақыт келгенде арнайы белгі беретін етіп жасалған, бірақ сорғы мен сүзгінің қай үлгісі болса да тазарту аса қиын жұмыс емес. Мұны өзіңіз-ақ оп-оңай қолда бар заттармен жасап алуға болады. Төменде тазалаудың үздік тәсілдерін ұсынамыз.


1 - тәсіл. Сұйық сабын мен ас содасы ерітіндісінде тазарту

Негізі сорғыны өндірушілер бірауыздан тазартуды тек сабын ерітіндісінде ғана жасауды ұсынады екен. Алайда сорғыда жиналып қалған қақ пен майға жалғыз сабынды ерітіндінің күші аздық етеді. Сондықтан мұнда ас содасын қосып жасаған тиімді болады.

Ол үшін алдымен сүзгі сыятындай ыдысқа немесе ыдыс-аяқ жуатын шұңғылшаға (раковина) ыстық су құямыз. Су неғұрлым ыстық болғаны жақсы және сүзгі ішіне батып тұратындай етіп құю керек. Үстінен стақанның 1/4 бөлігінде ас содасын және 8-10 тамшы сұйық сабын немесе ыдыс жууға арналған сұйықтық тамызып, жақсылап көпіргенше қозғау керек. Судың ыстық болатынын естен шығармаған абзал.

Көпіршіп, жақсылап араласқан ерітіндіге сүзгіні батырып, 10 минутқа жібітіп қою керек. Белгілеген уақыт өткен соң, жұмсақ ысқыш немесе майлықпен жуып, таза суға шайып, кептіріп аламыз. Қайта орнына қойып, пайдалануға дайын.

Бірақ көп уақыт тазаланбаған сүзгі мұндай амалға бой бере қоймайды. Сондықтан оны дәл осы ерітіндіде 5-10 минут жібітіп емес, қайнатып алу қажет.

2- тәсіл. Құбырлардағы қоқымдарды тазалауға арналған ұнтақпен немесе ерітіндімен тазарту

Бұл бірнеше жыл жуылмаған қақтары қатып, майлары сіңіп қалған сорғыларды тазартуға арналған тәсіл. Себебі, бұл ұнтақ немесе сұйықтық жиі әрі ұзақ пайдаланылса, сүзгіні күйретіп жіберуі мүмкін.

Тазалау үшін үлкен бір немесе екі кішкентай сүзгі үшін 2-3 кіші қалташадағы құрғақ ұнтақ немесе жарты стақан сұйықтық қажет. Істі бастамас бұрын алдымен терезе көзін ашып, үйге сырттан ауа кіретіндей ету керек және қолға резеңке қолғап киген жөн. Сүзгіні жалпақ ыдысқа салып, ыстық суды сүзгінің бетін шамалы жабатындай етіп құю қажет. Үстінен біркелкі етіп ұнтақты/сұйқтықты құю керек. Пайда болған көпіршікте сүзгіні 7-10 минут шамасында ұстап тұрған дұрыс.

Уақыт өткеннен кейін сүзгіні алып жылы сумен бірнеше қайтара шаю ұсынылады.


3- тәсіл. Сорғының сүзгісін 9%-тік сірке суымен тазарту

Сірке суын пайдаланғанда міндетті түрде қолға резеңке қолғап киіп, бөлме терезесін ашуды ұмытпаған жөн. Тазарту үшін кішірек майлықты сіркесуға жақсылап малып алу керек. Сүзгіні толықтай сіркесуға малынған майлықпен сүртіп, 7-10 минут шамасында жібітуге қалдыру қажет. Ары қарай жақсылап шайып, кептіріп аламыз.


4-тәсіл. Лимонмен тазарту

1-2 лимонның қабығын аршып, ортасынан бөліп аламыз. Жұмсақ етімен сүзгіні қажет болған жағдайда сыртқы қондырғыны сүрту керек. Лимон сөліне 5-10 минут қалдырып, артынан сумен шайып, кептіріп алу қажет.


Маңызды: Өндірушілер сүзгіні тазалуда құрамында спирті бар тазартқыш құралдарын немесе еріткіш (растворитель) пайдаланбауды ұсынады. Сондай-ақ қатты қырғыш құралдарын да қолданбауға кеңес береді.

Сорғыш сүзгілерін уақтылы сүртіп, тазартып тұрған жөн. Уақыт өткен сайын майлар мен шаң сіңіп, қатая бастайды. Ал оны тазарту қиынға соғады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз: Ескі түсқағаздарды алудың 7 түрлі әдісі - БӘРІ ДЕ ОП-ОҢАЙ.