Қарақұмық қабығы, холлофайбер, мақта салынған және құс жастықтарды үйде оңай тазартуға болады.
Қыз-келіншектер үшін үй шаруасы еш уақытта толас тапқан емес. Әсіресе күн жылынып, жаз шыға қыруар шаруаның шеті сөгіле кетеді. Үй ішін толықтай әрлеп-сырлап тазарту, кілем, көрпе-жастықтарды жуып-шайып, қопсытып жаңалау. Мұның барлығы оңай шаруа емес. Тіпті техника дамып, химиялық тазарту құралдары қолда болса да...
Біздің келесі кеңесіміз жастықтарды тазарту жөнінде болмақ.
Қазіргі кезде жастықтың түр-түрі бар. Біз білетін құс жастықтан бастап, синтетикалық талшықтар, мақта, жүн, тіпті ішіне дән салынатын да жастық түрлері кездеседі. Ендеше бұларды да тазарту жолдары әртүрлі. Бәрін бірдей күнге жайып немесе суға салып жуа алмайтынымыз белгілі. Ендеше жастықтардың қайсысын қалай тазарту жөнінде білгеніміз жөн.
ҚҰС ЖАСТЫҚТАРды тазарту
Құс жастық - жастықтардың ішінде ең көп қолданылатыны. Құс жүнінен жасалған жастықтар ылғалды, шаңды жақсы тартады. Сондықтан оны жуып-тазалап тұрмаса, жастанатын адамда аллергия пайда болуы, тыныс алу жолдары аурулары туындауы мүмкін. Құс жастықтарды тазарту біршама қиын жұмыс болғандықтан оларды 2-3 жылда 1 рет тазарту ұсынылады.
Тазарту тәртібі
- Үлкен ыдысқа немесе ваннаға 30 градус шамасындағы жылы су құйып алу керек.
- Суға кір сабын немесе балалар сабынын үгітіп салу қажет. Сондай-ақ ыдыс жуатын сұйықтық немесе сусабын пайдалануға болады. Құс жастықты жууға ұнтақты пайдалануға болмайды. Ол құс жүнін біріктіріп қатырып қояды. Жұмсартқыш (кондиционер), шайқауыштар (ополаскиватель) пайдалану ұсынылмайды. Олардың иісі мамыққа сіңіп кетпей қалады. Ал ол аллергия туындатуы мүмкін.
- Көпіршіп тұрған суға жастықтың бір шетін сөгіп ішіндегі құс мамықтарын ақырындап салынады.
- 2-3 сағат сол суда жібіту керек.
- Уақыт өткен соң құс мамықтарын судан сүзгішпен сүзіп алу қажет.
- Ыдысты қайта таза суға толтырып мамықтарды тазартып шайып, сүзіп кептіруге қойылады.
- Оларды кептіру үшін ескі жастық қаптарын алып мамықтарды бөліп салып, күн мен жел жақсы тиетін жерге қою керек.
- 2-3 сағатта сілкіп, шайқап, аударып тұруды ұмытпаймыз.
- Құс мамықтарын кептіруге жаздың ыстығында 2-3 күн уақыт керек болады.
- Толықтай кепкен құс мамықтарын жаңа жастыққапқа немесе тазартылған өз қабына қайта салып тігіп алса болғаны.
Әрине бұл ұзақ және мұқияттылықты талап ететін жұмыс. Ддегенмен нәтижесі таза, мамық, исі аңқыған жаңа жастық, жайлы ұйқы болмақ.
Назарға алыңыз! Құс жастықтарды жумас бұрын жақсылап шаңын қағып алу керек. Сондай-ақ суға салып жууға тауық жүнінен жасалған жастықтар жарамайды. Олар тек арнайы тазарту орталықтарында құрғақ тазартудан өтеді немесе қатты ыстық күн астына жайылып алынады. Ал өзге құстардың мамықтары (қаз, аққу т.б.) жоғарыдағы тәсілмен жуып алуға жарайды.
ХОЛЛОФАЙБЕР жастықтар
Қазір мұндай жастықтар құс жастықтан кейінгі орында сұранысқа ие. Бұл жастықты қолмен немесе кір жуу машинасына салып көп уақыт жұмсамай, оңай жуып алуға болады.
- Алдымен ыдысқа 40 градустан жоғары емес температурада жастық толықтай батып тұратындай мөлшерде су құю керек.
- Суға сұйық жуу құралын, сұйық сабын немесе ыдыс жууға арналған сұйықтық, сусабын құйып жақсылап араластыру қажет.
- Жастықты салып, 30 минутқа немесе 1 сағатқа жібітіп қоямыз.
- Уақыт өткен соң судан шығармай тұрып жеңіл әрекетпен су ішінде шайқап алу қажет.
- Судан шығарып, қолда негізгі сулары ағып кеткенше ұстап тұрып, кейін таза суға салу керек.
- Осылайша сабынды көпіршігі кеткенше екі-үш рет таза суда шайып алған жөн. Бірақ сығуға болмайды. Тек суын сорғытып, тегіс жерге жайып қою керек.
МАҚТА және органикалық заттар (қарақұмық қабығы) салынған жастықтар
Мақта жастықтар ертеректе көп қолданысқа ие болған. Алайда қазіргі кезде мұндай жастықтарды жуу мүмкін болғандықтан, көпшілік көп қолдана бермейді. Бұл жастықтарды тек қатты ыстық кезде тікелей күн астына қойып көпсітіп, шаңын ұрғышпен қағып, тысын ауыстырып қана тазартуға болады. Ал жууға мүлде болмайды.
Органикалық заттар (қарақұмық қабығы) салынған жастықтар. Мұндай жастықтар қазіргі кезде көп болмаса да сұраныста бар. Бірақ мұндай жастықтарды да жууға болмайды. Тек жиі-жиі шаңсорғышпен шаңын сорып, ашық күн астына жайып алу керек. Жылына 1 рет сөгіп алып қабықтарды електен өткізіп алған дұрыс.
Керек кеңес қажеттеріңізге жарасын! Әрдайым заттарыңыз таза, дендеріңіз сау болсын!
Тағы оқи отырыңыз:
Бау-бақшаны басқан құмырсқадан ӨСІМДІК МАЙЫ құтқарады
Дайындаған: Э.Базарбаева,