МАСА мен ШЫБЫНды сіздің үйде не қызықтырады? Біз байқамайтын ҚАТЕЛІКтер

0
681

Тер шалған киім мен дене – жәндіктер үшін ең тартымды магнит


МАСА мен ШЫБЫНды сіздің үйде не қызықтырады? Біз байқамайтын ҚАТЕЛІКтер

Сурет: ЖИ

Жаз мезгілімен бірге үйге шақырылмаған қонақтар да көбейеді. Терезені ашсаңыз – шыбын кіріп кетеді, кешкісін маса мазаны алады. Олар тыныштықты бұзып, шаққанымен қоймай, түрлі микробтарды таратуы мүмкін.

Есік-терезені жауып, жан-жақты қымтап отырғанның өзінде маса-шыбын ызыңдап жүреді. Қайдан кіргенін білмейсің, әйтеуір бір саңылау тауып, кіріп алған. Жәндіктердің үйге жанталаса ұмтылуына өзіміз байқамай жасайтын тұрмыстық әдеттер себеп болады екен.


Тер шалған киім мен дене иісі

Масалар адамның тынысынан бөлінетін көмірқышқыл газын, дене қызуын және тер құрамындағы заттарды жақсы сезеді. Бір терлегеннен кейінгі шығатын дене иісі олар үшін ең тартымды магнит. Сондықтан үйге және өзіңізге маса-шыбын үйір болмасын десеңіз, оның басты қаруы – жиі душ қабылдау, таза киім кию.

Энтомолог кеңесі:

«Масалар адамды 50 метр қашықтықтан-ақ көмірқышқыл газы (CO₂) арқылы сезеді. Сондықтан физикалық белсенділіктен кейін немесе спортпен шұғылданған соң олардың сізге үйір болуы – табиғи құбылыс. Ал I (0) қан тобы бар адамдарды масалар басқаларға қарағанда 2 есе жиі шағады деген ғылыми зерттеулер бар».


Судың жиналуы

Масалар жұмыртқасын тұрып қалған суға салады. Гүл құмырасының астындағы су, шыныаяқ түбіндегі қалдық су, бос құтылар немесе бөшкелер масалардың көбеюіне қолайлы орын болуы мүмкін.


Үйдің ылғалдылығының жоғары болуы

Жертөле, жуынатын бөлме немесе асүйдегі шамадан тыс ылғал кейбір жәндіктердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан үйді жиі желдетіп, артық ылғалды азайту маңызды.


Қоқысты уақытында шығармау

Ас қалдықтары, жеміс-жидек қабықтары мен тәтті тағамдардың иісі шыбындарды тез тартады. Қоқыс шелегі ұзақ уақыт тазаланбаса, ол жәндіктер үшін нағыз «дәмханаға» айналады.


Жемістерді ашық қалдыру

Піскен банан, қауын, қарбыз, шабдалы, жүзім сияқты жемістердің хош иісі шыбындарды өзіне тартады. Сондықтан жемістерді ашық ыдыста ұзақ сақтамай, арнайы қақпағы бар ыдысқа немесе тоңазытқышқа қойған дұрыс.


Лас ыдысты ұзақ жумау

Шайдың қалдығы, тәтті сусындар, шырын немесе тағам қалдықтары бар ыдыстар шыбындарға қолайлы орта жасайды. Әсіресе жаз мезгілінде лас ыдысты түнге қалдырмаған жөн.


Терезені кешке жарық жанып тұрған кезде ашу

Кешкі уақытта үйдің іші жарық болып, терезе ашық тұрса, сырттағы жәндіктер жарыққа қарай ұшады. Мұндайда масалар мен шыбындардың үйге қарай ұлы көші орын алады.


Тәтті сусындарды ашық қалдыру

Компот, шырын, тосап, бал немесе газдалған сусындардың иісі шыбындарды тез жинайды. Ас ішіп болған соң мұндай өнімдердің бетін міндетті түрде жауып қойған жөн.


Көпшілік маса-шыбыннан қорғануда тек химиялық құралдарға сүйенеді. Дихлофос, химиялық аэрозоль немесе фумигатор қолдануға әуес. Алайда олардың иісі кейбір адамдарға, әсіресе балаларға, жүкті әйелдерге және аллергиясы бар жандарға жайсыздық тудыруы мүмкін.


Бақытымызға қарай, шыбын мен масаны үркітудің қауіпсіз әрі табиғи жолдары аз емес. Оның үстіне мұндай әдістер үйдің ауасын ластамайды және қоршаған ортаға зияны аз.


1. Үйде хош иісті өсімдіктерді өсіріңіз

Кейбір өсімдіктердің иісі адамға жағымды болғанымен, жәндіктерге ұнамайды. Мысалы, жалбыз, лаванда, райхан (базилик), розмарин, лимонды мелисса. Бұл өсімдіктерді терезе алдына немесе балконға қойсаңыз, шыбын мен масаның үйге кіру ықтималдығы азаяды.


2. Лимон мен қалампырдың көмегі

Ең танымал халықтық әдістердің бірі – лимонның ортасынан кесіп, оның ішіне бірнеше дана кептірілген қалампыр (дәмдеуіш) шаншу. Лимонның эфир майы мен қалампырдың өткір хош иісі жәндіктерге жағымсыз әсер етеді. Мұндай табиғи қалқанды асүйге немесе демалыс бөлмесіне қойып қоюға болады.


3. Эфир майларын пайдаланыңыз

Маса мен шыбын кейбір өсімдік майларының иісін жақтырмайды. Әсіресе эвкалипт, цитронелла, шай ағашы, жалбыз, лаванда, лимонграсс майы тиімді саналады. Майдың бірнеше тамшысын суға қосып, бүріккішпен пердеге немесе терезе жақтауына шашуға болады. Сондай-ақ хош иістендіргіш шамға немесе диффузорға тамызуға болады.


4. Терезеге москит торын орнатыңыз

Бұл – ең қарапайым әрі ең тиімді қорғаныс тәсілдерінің бірі. Сапалы москит торы ауа айналымына кедергі келтірмейді, бірақ жәндіктердің үйге кіруіне жол бермейді. Егер тордың кішкентай ғана жері жыртылып қалса, оны уақытында жамаған дұрыс.


5. Үйде тәтті тағамды ашық қалдырмаңыз

Шыбындар әсіресе тәтті иістерге тартылады. Сондықтан жемістерді жабық ыдыста сақтаңыз. Тосап пен балдың қақпағын ашық қалдырмаңыз. Тәтті сусындарды дастарқанда ұзақ ұстамаңыз. Бұл қарапайым әдеттердің өзі шыбындардың санын азайтуға көмектеседі.


6. Су жиналатын жерлерді бақылаңыз

Масалар жұмыртқасын көбіне тұрып қалған суға салады. Гүл құмыраларының астындағы артық суды төгіп тұрыңыз. Ауладағы бос ыдыстарға жаңбыр суының жиналуына жол бермеңіз. Шелек пен бөшкелердің бетін жауып не төңкеріп қойыңыз. Осылайша масалардың көбеюіне қолайлы орта азаяды.


7. Үйді жиі желдетіп, тазалап тұрыңыз

Қоқыс шелегін күн сайын босатып, асүй үстелін таза ұстау – зиянкестердің көбеюінің алдын алатын ең тиімді әдеттердің бірі.


8. Сірке суынан жасалған тұзақ

Үй жағдайында қарапайым тұзақ жасауға болады. Кішкентай ыдысқа алма сірке суын құйып, үстіне бірнеше тамшы ыдыс жуатын сұйықтық қосыңыз. Иісі жәндіктерді тартады, ал сұйықтықтың беткі керілуі бұзылғандықтан, олар сыртқа шыға алмай қалады.


9. Кешкі уақытта жарықты бақылаңыз

Кеш түскенде жарыққа түрлі жәндіктер ұшып келеді. Егер терезе ашық болса, іштегі, сырттағы шамдарды өшіріңіз. Бөлме шамын терезе мен пердені жапқаннан кейін ғана қосыңыз. Жылы реңкті жарық шамдарын пайдаланыңыз. Бұл әдіс әсіресе ауылдық жерлерде жақсы нәтиже береді.


10. Табиғи хош иісті дорбалар жасаңыз

Кептірілген лаванда, жалбыз, түймедақ немесе розмаринді кішкентай матадан тігілген дорбаларға салып, терезе маңына немесе шкафқа іліп қоюға болады. Олар үйге жағымды иіс беріп қана қоймай, кейбір жәндіктерді де үркітеді.


11. Заманауи әрі технологиялық тәсілдер

  • Ультракүлгін (UV) тұзақ-шамдар. Химия бөлмейді, жарық арқылы тартып, желдеткішпен сорып алады. Балалар бөлмесі үшін де өте қауіпсіз.
  • Ультрадыбыстық репелленттер. Жәндіктерді дыбыс жиілігімен үркітетін құрылғылар.
  • Желдеткіш эффекті. Масалар өте әлсіз ұшады. Егер бөлмеде немесе балконда жай ғана вентилятор қосылып тұрса, ауа ағыны масалардың қонуына мүмкіндік бермейді.

Шыбын мен масадан толық құтылудың бір ғана әмбебап тәсілі жоқ. Ең жақсы нәтиже бірнеше әдісті қатар қолданғанда байқалады: үйді таза ұстау, қоқысты уақытында шығару, судың жиналуына жол бермеу, москит торын орнату және табиғи иістерді пайдалану. Осындай қарапайым әдеттер үйге жәндіктердің кіруін азайтып, жаз мезгілін әлдеқайда жайлы өткізуге көмектеседі.

Ең бастысы, жәндіктерді көбейтіп алмас үшін олардың пайда болу себептерін дер кезінде жою.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ: Бояу иісін тез кетіретін тәсілдер

Тесілген БАССЕЙНДІ бүтіндеуге қандай ЖЕЛІМ жақсы?