Краскаға қант қосыңыз, бөлмеге сүт қойыңыз, басқа да оп-оңай лайфхактар
Сурет: ЖИ
Жаз – көпшілік үшін демалыс маусымы ғана емес, үй-жайға жөндеу жұмыстарын жүргізетін мезгіл. Бұл күндері айналамызда әктенген-сырланған, жаңарып-жаңғырған үйлер көп. Алайда, оларда жаңа өңмен қатар, қауіп те жоқ емес. Ең үлкен қауіп – бояулардың қолқаны қабатын өткір иісі. Ұзақ уақытқа дейін сақталатыны, жүректі айнытып, басты ауыртатыны – жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес. Тіпті біреулер сол иістен уланып, құрамындағы ұшпа органикалық қосылыстар салдарынан аллергия белгілері пайда болып, ауруханаға аттанып жатқан жағдайлар да кездеседі.
Бояу иісін жұтудан туындайтын ауру мен қолайсыздықтың алдын алуға көмектесетін балама әдістерді байқап көріңіз.
1. Пиязды пайдаланыңыз
Бірнеше бас пиязды аршып, ортасынан қақ бөліп, бөлменің бұрыш-бұрыштарына, терезе алдына қойып тастаңыз. Аақ немесе сары пияз улы иісті өзіне тартып, бөлмедегі ауаны бейтараптандырады.
2. Иісті сірке суымен жойыңыз
Сірке суы дақтарды кетіреді, дезинфекциялайды, тазалайды, сондай-ақ өзінің қышқыл құрамының арқасында жағымсыз иісті басады. Бұнда бір деталь бар: сірке суы жаңа бояудың өткір иісін жоюы үшін бірнеше күн қажет.
Әдістің сыры – ақ сірке суын (таза күйінде немесе сумен араластырып) аузы кең бірнеше ыдысқа құйып, боялған бөлмеге қою. Терезелері ашық тұрсын. Иіс толық кеткенше сірке суын ауыстырып тұрыңыз.
3. Бояуға қант қосыңыз
Көпшіліктің жіберетін ең жиі қателігі – бояуды аша салып, бірден қолдану. Иіс бас айналуын, жүрек айнуын немесе тұншығуды тудырмауы үшін оны түйіршіктері тарқағанша ағаш таяқшамен біртекті күйге дейін араластыру ұсынылады. Осы процесс кезінде бояудың әр литріне 2 шай қасық ваниль немесе қант қосыңыз. Қант иістің өткірлігін басады.
4. Сүтті пайдаланыңыз
2-3 литр сүт қажет болады. Бәрі бөлменің көлеміне байланысты. Сүтті отқа қойып, аздап жылытып алу керек. Содан кейін оны бірнеше ыдысқа бөліп құйып, жаңадан боялған бөлмеге қойыңыз. Сүт компоненттері белсендірілгеннен кейін бояу иісін басады.
5. Ас содасы
Бұл құрал көптеген үй шаруасында қолданылады. Жаңа бояудың иісін жою үшін тағамдық соданы бөлмеге, жиһаздарға және кілемдерге сеуіп, бір сағаттан кейін шаңсорғышпен тазалап алу керек.
6. Су бояу иісін сіңіріп алады
Жаңадан боялған бөлме ішіне бірнеше шелекке су толтырып қойса, өткір иісті жояды деседі. Бұл үшін ішінде суы бар шелектерді бөлменің ортасына және бұрыштарына бір немесе екі түнге қалдыру керек.
7. Цитрус хош иісі
Бірнеше шұңқыр ыдысқа қайнаған су құйып, тілімделген лимон мен ширек стақан тұз қосыңыз. Ыдыстарды бөлме ішіне орналастырып, түнге қалдырыңыз. Келесі таңда ыдыстағы қоспаны төгіп тастауды ұмытпаңыз.
8. Майлар мен хош иісті заттарды қолданыңыз
Оларды қосымша ретінде пайдалануға болады. Диффузорға жалбыз, шалфей, эвкалипт немесе лаванда майын тамызып, боялған бөлмеге қойыңыз. Майлардың қарқынды хош иісі бояу иісінен арылуға көмектеседі.
9. Белсендірілген көмір
Ең мықты табиғи абсорбенттердің бірі – белсендірілген көмір. Түйіршіктелген немесе ұнтақталған белсендірілген көмірді ыдыстарға салып бөлмеге қойсаңыз, ол иісті де, ауадағы токсиндерді де сорғыш сияқты сіңіріп алады. Әсіресе үй жануарлары немесе аллергиясы бар жандар тұратын үйге таптырмас құрал.
10. Кофе мен шай
Бояу иісі көбіне бөлменің өзінен емес, боялған шкафтың ішінде, тартпаларда ұзақ сақталады. Шкаф, комодты бояғаннан кейін иіс кетпесе, ішіне кофе дәндерін немесе шай қалташаларын салып қойған жөн. Олар иісті жасырып қана қоймай, бейтараптандырады.
Бояу иісінен сақтану шаралары
- Бетперде тағыңыз, әсіресе аллергияңыз болса
- Бояу кепкенше ауа айналымы болуы және иісті алып кетуі үшін желдеткіш қосып, терезелерді ашыңыз.
- Бояу кезінде балалар мен үй жануарлары буды жұтпауы үшін оларды маңайлатпаңыз.
- Екінші қайтара жақпас бұрын, бірінші қабаттың толық кебуіне мүмкіндік беріңіз. Сыртқы ылғал будың бөлінуін бөгеп, токсинді газдар бөлмейтін болады.
ШҰҒЫЛ КӨМЕК: Бояу иісінен бас ауырса, не істеу керек?
Егер бояу иісінен басыңыз айналып, жүрегіңіз айныса:
- Дереу таза ауаға шығыңыз.
- Бет-қолыңызды салқын сумен жуып, 15-20 минут демалыңыз.
- Лимон қосылған су немесе жылы сүт ішіңіз. Олар токсиндерді ағзадан тезірек шығарады).
Ең дұрысы – құрамында ұшпа органикалық қосылыстар (ҰОҚ) аз немесе мүлдем жоқ бояуды таңдау. Табиғи құрамы бар бояуларды таңдауға болады, оларда токсин азырақ. Акрил бояуларының да иісі әлсіз келеді, бірақ сәл қымбаттау тұрады.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Тесілген БАССЕЙНДІ бүтіндеуге қандай ЖЕЛІМ жақсы?
ЖАСАНДЫ КӨЗМОНШАҚ көз бен сұқтан САҚТАЙ ма?


