26 ақпан – ӘЙНЕК ЖУҒЫШТАР КҮНІ.
Ақпан айында, әсіресе көктем ерте шығатын Оңтүстік өңірі осынау мезгілдің жақындығын сезіне бастаймыз. Терезеден сыртқа қарап көктемнің лебін сезуге тырысамыз. Ал ол уақытта күз бен қысқы ауа-райының салған іздері терезені күңгірт әрі кір етіп тұрады, демек терезені тез арада тазарту керек.
Терезені тазарту – оңай шаруа емес. Кейде тіпті ерекше күш салып тазартсаң да, айғызданудан құтыла алмай қалатын кездер болады. Бірақ мұндай келеңсіз жағдайда арнайы терзе жуатын маманды шақыруға болады. Өзге елдерде арнайы терезе жуатын мамандар бар. Олар көбіне көкке өрлеген биік үйлердің терезелерін тазартатын болғандықтан - "өндірістік альпинистер" деген атқа ие болған. Биіктіктен қорықпайтын, әр үйдің, кеңсенің т.б жерлердің терезесін тазартып, айнадай жалтыратып, жарқыратып, мол шуақ түсуіне септігін тигізетін мамандық иелері 26 ақпанда өздерінің кәсіби мерекелері – ӘЙНЕК ЖУҒЫШТАР КҮНІН тойлайды.
Өндірістік альпинистер – бұл Қазақстанда жаңа игерілген кәсіп, әрі сұранысқа ие. Өйткені елімізде әйнектен салынған биік ғимараттардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Алдағы уақытта аталған мерекені біз де тойлап қалармыз. Әзірге үйдегі терезені өзіміз тазартып, үй ішін шуаққа толтырып, жайлылық орнатайық.
Әрбір әйел баласының терезе жууға қатысты өзінің әдіс-тәсілдері құпиялары болады. Сонда да терезе тазартамыз деушілерге бірқатар ерекше тәсілді ұсыныстарымыз бар.
Әйнектерді дұрыс жуу жолдары
Егер әйнектер қатты кір болмаса, онда оны салқын су және крахмал ерітіндісімен (крахмал – 1 ас қасық, салқын су – 1литр) жуу керек. Ал қатты кірленген, айғыздалғанәйнектер үшін келесі құрамды пайдалану ұсынылады:
- Су қосылған мүсәтір спирті (спирт – 1ас қасық, су – 1литр)
- Хлорлы әк ( әк – 50гр, су – 1литр)
- Сірке су қоспасы (сірке су – 2ас қасық, су – 1литр)
- Бор немесе тіс ұнтағы (бор – 100гр, су – 2 литр) (тіс ұнтағы – 100гр, су – 2литр)
Әйнектерді дұрыс тазарту жолдары
Әйнекті тазарту үшін арнайы әйнек жуатын сұйықтық құралы пайдаланылады. Ал кейде кәдімгі өсімдік майын пайдалануға болады! Майға батырылған жұмсақ шүберекпен әйнектің барлық беті сүртіледі. Артынан түкті немесе мақта шүберекпен, болмаса дәретхана қағазымен құрғағанша сүртіп тазарту керек.
Кейбір әйнектердегі шыбын қалдырған қара дақтардан құтылу үшін (айна үшін де тиімді) пиязды пайдаланамыз. Кез –келген көлемдегі пиязды алып ортасынан екіге бөліп, әйнекті сүртеміз. Соңынан әйнекке арналған сұйықтықпен немесе көк (синька) пен су араласқан қоспамен тазартып, құрғатып алу керек.
Әйнекке мұз қатпас үшін...
Ақпан қыстың соңғы айы, алда көктем болса да мұз қататын күндер көп. Сондықтан терезеге қататын мұз да мәселе туындатады. Аяз салған өрнектер әдемі болғанымен олардан күн көзі мен жарық өте нашар өтеді әрі ерігеннен кейін терезе алдында көлшік пайда болып, терезеден салқын есе бастайды. Сондықтан әйнек бу мен аяз өрнектеріне толмас үшін, ішкі жағынан глицеринді қоспамен сүрту керек. Глицерин – 1қасық, спирт – 3 қасық, яғни 1ге 3 мөлшерде қосу қажет. Артынан қайта сүртудің қажеті жоқ.
Үйлеріңіз жарық, шуақты болсын!
Дайындаған: Э.Базарбаева,
Оқи отырыңыз: Теңге гүлі ақша шақырсын десеңіз мынаған мән беріңіз!