Жеміс ағаштарын зиянкестер жайласа пияз қабығын пайдаланыңыз

0
4 615

Өсімдіктерден өзге оларға кесірін тигізетін зиянкестер де ауа-райына қарай өз әркеттерін өзгертеді.


Жеміс ағаштарын зиянкестер жайласа пияз қабығын пайдаланыңыз

Жылдан жылға ауа-райы түрлі «тосынсый» сыйлап келеді. Температураның бірден төмендеп немесе керісінше бірден қатты ысып кетуі, қуаңшылық, бір айлық жауын мөлшерінің бір-ақ күнде жауып тастауы. Мұның барлығы өсімдіктер мен жеміс ағаштары үшін өте жағымсыз әсер береді. Өсімдіктерден өзге оларға кесірін тигізетін зиянкестер де ауа-райына қарай өз әркеттерін өзгертеді. Олардың қатары жыл өткен сайын көбейіп, түрлі түрлері шығуда.


Айдарымыздан бұл жолы бақшадағы өсімдіктер, жеміс ағаштары зиянкестері, олармен күресу, жою, қарсы өңдеу жұмыстары жөнінде кеңестер оқи аласыздар.

Гүл құрты (цветоед)

Бұл – қарақоңыр түсті ұзындығы 5 мм шамасындағы кішкене қоңыз, тек алма ағашымен қоректенеді. Кейде ғана алмұртта кездесіп қалады. Гүл құрты +6 градуста жаймен тіршілігін бастайды. Ал +10градустан ары қарай белсенділігі артады. Олар әрбір түйнекке балалайды. Аналық гүл құрты жұмыртқа тастап кеткен жердің барлығы шетінен қурай бастайды.

6-11 күннен кейін қауашағын тастап шыққан құрттар жапырақтарды жеуге көшеді. Шілдеде қоректенуді тоқтатып, күздің ортасына қарай қабық астына жасырынады. Онда қатты салқын түскенше болып кейін түскен жапырақ астында қыстап шығады.

Гүл құртынан зақымданған алма ағашында ақшыл сұр түсті шіре пайда болады.


Біте, бит (тля)

Бақшадағы кез-келген өсімдіктің басты жауы – біте. Оның көптеген түрі бар. Алайда ең зияндысы қара өрікке түсетін біте.

Шие ағашына көп ретте шие бітесі түседі. Олар әсіресе маусым айында қатты көбейеді.


Шашақ қанаттылар (трипсы)

Шілде айының соңында, тамыздың басында біте өз жұмысын өзге зиянкестерге, шашақ қанаттыларға табыстайды. Шашақ қанаттылар барлық өсімдікке зиянын тигізеді. Бұл зиянкесті жай қарап, аз кезінде анықтау өте қиын. Олар жайлы ауа-райында өте жылдам көбейеді.

Шие шыбыны

Шие шыбыны – 3 -5 мм шамасындағы қызыл сары аяқтары бар ұсақ жәндік. Алайда өзі ұсақ болғанмен шиеге тигізер зияны өте үлкен.


Бүргешіркей (медяница)

Шекілдеуікті дақылдар үшін, әсіресе алма мен алмұрт үшін қауіпті зиянкес. Бүргешіркей өсімдіктің шырынын сорып, оның өсуі мен өнім беруіне кедергі келтіреді. Егер ағаштарда бүргешіркей көбейіп кетсе, онда оның жапырақтары түсіп бұтақтары қурай бастайды. Жеміс ағаштары өте әлсіреп, суыққа төзімсіз болады.


Жеміс ағаштарындағы зиянкестермен күресудің ортақ тәсілі

Жеміс ағаштарының зиянкестері тізімі ары қарай да жалғаса береді. Біз тек ең көп тарағандарын ғана теріп алдық. Зиянкестер көп түрлі болғанымен олармен күресу жолдары ұқсас және ортақ тәсілдер де жетерлік.

Зиянкестер қолайлы ауа-райында үздіксіз көбейе беретін болғандықтан оларға қарсы өңдеу жұмыстарын жеміс ағаштарының өсіп-өнуі кезінде әр 10-14 күнде жүргізу керек. Өңдеу жұмыстарына Карбофос, Искра, Актара секілді жәндікжойғыштарды пайдалануға болады. Ал зиянкесстер аз болса, онда Фитоферм биопрепаратын қолданған дұрыс.

Егер жеміс ағаштары биік болып, оның ұшына жету мүмкін болмаса, бүріккіш жеткен жерге дейін шаша беру қажет. Зиянкестерді толық жоя алмасаңыз да, көбейіп кетуіне жол бермейсіз.


Халық арасындағы тәсілдер

Зиянкестермен күресуге үйдегі қолда бар заттар да жақсы көмектеседі. Әсіресе бітені. Тек ескере кететін нәрсе – үйдегі қолда бар заттармен өңдеу кезінде бүркіген су тікелей зиянкестер ошағына тиюі керек. Дұрыс шашылмаған жағдайда оның пайдасы аз. Бұл халық арасындағы тәсілдердің басты кемшілігі.

Ас содасы

5 литр суға 4 ас қасық ас содасын араластырып өсімдіктерге шашу керек. Бқл тәсілді зиянкестер енді пайда болғанда жасаған жөн. Егер көбейіп кетсе шамасы келмей қалады.

Алма ағашы үшін йод

Йодтың 10 тамшысын 5л суға араластырып, алма ағашындағы зиянкестерге шашады.

Пияз қабығының тұнбасы

100-200гр пияз қабығын 1л суға салып 1 тәулікке қалдыру қажет. Кейін тұнбаны 2:1 мөлшермен (2л суға 1л тұнба) араластырып, бұлтты күні немесе кешкісін ағаштарға шашу керек.

Дәл осы тәсілмен өзге де ащы өсімдіктерді, ащы бұрыш, қызанақ сабақтарының тұнбасын пайдалануға да болады. Бүркуді ағаштың астыңғы жағындағы жапырақтарынан бастау керек. Сондай-ақ тұнбаны бітеге мейлінше тікелей шашқан жөн. Олай болмаған күнде оның тиімділігі төмендейді.


Қанқыз (божьи коровки)

Қанқыз қоңызын зиянкестерді жоюға пайдалануға болады. Қанқыздың бір дернәсілі 20-40 бітені жеп қоя алады. Үлкен қоңыз да бітелерді жейді, бірақ аз мөлшерде. Алайда қанқыздың дернәсілдерінің түрі қорқынышты болғандықтан көп адам оны зиянкес екен деп жойып жібереді.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.