Қандай қыздар КЕРЕМЕТ КЕЛІН болады?

0
4 608


Қандай қыздар КЕРЕМЕТ КЕЛІН болады?

иллюстрациялық фото: Nazaccent.ru

«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» - күйіп кеткенде күйеулердің бәрінің, енелердің екісінің бірі айтатын сөз. Әрине, өмір болған соң, бұл мақалдың өміршеңдігіне де түрлі себеп табылады. Бірақ, жігіттер жарын, енелер келінді дұрыс таңдай алса, қылықты қыздың ішінде жатқан «қиғылықты» дер кезінде көре білсе, бұл мақалдың қажеті де болмас еді.

Ендеше, болашақ жарыңызды, келешек келінді таңдарда қандай қырларына мән берген жөн? Сондай жолдардың бірі – жұлдызнамасына қарап болжам жасауға болатынын айтады жорамалшылар.


Тоқты

Тоқты-қыздар үй шаруашылығын дөңгелетіп әкететін пысық келін болады. Оған «ананы үйт, мынаны бүйт» деп отыратын ақылшының керегі жоқ. Ол енесінен де, анасынан да, тіпті, көпті көпген әжесінен де көп білуі мүмкін. Сондықтан, асүйде аяғына оратылып, тірлігіне араласып жүрмеген жөн. Жүрдіңіз екен, алдап-сулап айтқанына көндіріп, өзіңізді де жұмсап жібергенін байқамай қаласыз. Себебі, олар үй тірлігінің ғана емес, біреуге бірдеңе үйретудің, дегенін жасатудың да шебері. Егер сізге үй-жайыңызды сеніп тапсыра алатын келін, «үйдің ұсақ-түйегінің бәрін өзім жайғаймын, сен алаңдамай сырттағы шаруаңды бітір» дейтін жар керек болса, Тоқты-бойжеткендер арасынан іздеңіз.


Торпақ

Олар бастапқыда өздерін керемет келін етіп көрсетеді. Жаңа келіндік өмірін қызық көргеннен барын салып, үйді мұнтаздай таза ұстайды. Күнде тіл үйіретін түрлі дәмге тойғызады. Бірақ, біліңіз, мұның бәрі уақытша. Көп ұзамай жаңа өмірі оны жалықтыра бастайды. Сол сәтте ақылыңызды айтып жөнге салмасаңыз, кейін кеш болуы мүмкін. «Келінді бастан» деген қағида дәл осы Торпақ-келіндерге керек.


Егіздер

Егер сізге тірлікке пысық, шаруасын шашау шығармай жасайтын келін, жар керек болса, Егіздерге көп үміт артпағаныңыз абзал. Олардан керемет үйбикесі шығады деу қиын. Келіндік қызметін де көңілі түскенде ғана жасауы ықтимал. Ал көңілі жылына бір-екі реттен көп түсе, қуаныңыз. Тағы бір ескерте кететін нәрсе: оларға келіндік қызметі, жұбайлық міндеті жайлы ескертіп айтудың қажеті жоқ. Қайтарған жауабы сізге ұнамауы бек мүмкін.


Шаян

Олар үйдегі әрбір ұсақ-түйек тірлігінің өзін үлкен махаббатпен атқаратын келін болады. Мұнтаздай тазалықтан бөлек, түшпара түй десеңіз, басынан аяғына дейін өз қолымен және артығымен жасап қояды. Киім берсеңіз, жай жуып қоймай, ағын ағартқышға салып, басқасын крахмалға салып, үтіктеп, жап-жаңа етіп береді. Мұндай келін қай енеге, қай күйеуге жақпасын?

Бірақ, мұның екінші жағы да бар. Үй шаруасына жан-тәнімен берілген келін шаршайды, солай ма? Осы себеппен жеке өмірге уақыт та, күш те таппай қалуы мүмкін.


Арыстан

Міне! Нағыз «қазақтың келіні» деген атқа лайық үйбикелері Арыстан белгісіндегі қыздар арасынан шығады. Оларды келіндер бәйгесіне түсіріп, қай қырынан сынаса да, бас жүлдені бермейді. Өйткені, кішкентай лашықтың өзін хан сарайындай салтанатты ете алады. Дайындаған сусын-сорпасының өзін шырын ба дерсің. Пісірген тәттілерінің дәмі бал татып, аузыңда ұзаққа дейін сақталады. Сырт келбетімен қандай қатты мінезді болса да, күйеудің көңілін ерітіп, жылы сөзбен ененің жүрегін жібіте алады. Бұдан артық қандай келін керек?!


Бикеш

Әдетте, бұл белгі аясындағы бойжеткендер ұқыпты да тиянақты. Тазалық пен тәртіпті жақсы көреді. Алайда, келіндік өмір басталған соң оның тазалықсүйгіштігі, тәртіп орнатқыштығы шектен шығып кетуі әбден мүмкін. Әсіресе, жүйкесі тозып, күйзеліске бой алдырса, тіптен асқынады. Ондайда тырнақ астынан кір іздеп, жуылмаған ыдыс, бүлінген киім, шкафқа тұрған шаң үшін ұрыс туғыза салу түк емес.


Таразы

Олар үшін екі нәрсені түсіну өте қиын: ақшаның бәрі қайда кетеді және шаң-тозаң қайдан шыға береді? Келін болып, бір үйдің шаруашылығын қолға алғанда бұл сұрақты қоюы жиілемесе, азаймайды. Бірақ, сырт көз біраз бақыласа, олардың себебін оңай табады. Өйткені, Таразы қыздар үшін үнем және толыққанды тазалау ұғымдары жат. Ақшаны көңілі қалаған нәрсеге кедергісіз жұмсағанды жақсы көреді, тазалық жұмыстарын да жеңіл-желпі жасайды. Егер осындай қырларына көз жұма қараймын, басқа жағын қатырса болды десеңіз, тіл табыса аласыз және ол сізге жақсы жар, жақсы келін бола алады.


Сарышаян

Сарышаян келіндер үшін үйде ең бастысы – тазалық. Таңмен тұра салып жуынып-шайынған соң шай қоюға емес, шаң сүртуге жүгіреді. Сондықтан, ұйқыдан тұрғанда таңғы ас дайын болмаса, таң қалмаңыз. Есесіне, үй мұнтаздай таза.

Үйде ғана емес, медитация арқылы санасын да жиі тазалайтындықтан, Сарышаянның ойы да, миы да тынық. Сондықтан, олар күйзеліске бой алдырмайды, үйде ұрыс-керіс шығармайды. Ешкімге соқтықпай, өзімен-өзі жүреді. Түртпектеген ененің де, көңілсіз келген күйеудің де көңілін күліп жүріп табады.


Мерген

Мергендер үшін үй шаруасы қызық емес. Сондықтан үй тазалап жүріп те, ас дайындап жүріп те бар ойы басқада болады. Өмірінің үй жинап, тамақ жасаумен, кір жуып, бала қараумен босқа өтіп жатқанын ойлап басы қатады. Себебі, Мерген үшін бұлар – маңызсыз да қызықсыз іс. Сөйте тұра, келіндік қызметін де, жұбайлық және аналық міндетін де мүлтіксіз орындауға, ата-ене мен бүкіл қайынжұрттың тілін табуға барын салады.

Артық-ауыс дүниеге қызықпайды. Басы артық бұйым, дүние-мүлік әперуді сұрап мазаны алмайды. Оларға әр бөлмеге ішіне бәрін жасырып боюға болатын шкаф болса жеткілікті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Банк картасындағы ОН АЛТЫ сан сізге ақша ШАҚЫРА ма, ҚАШЫРА ма?


Тауешкі

Келіндік қызметті еш қарсылықсыз қабылдайды және жасаудан ешқашан бас тартпайды. Жап-жақсы үйбикесі деп бағалауға болады. Тағы бір жақсысы, олар ешқашан ешкімнен сыр жасырмайды. Ата-енеге де, күйеуіне де, тіпті, балаларына да ашық әңгіме айта алады, сырлас досына айналады. Үйін жайғап, тамағын майлап, көңілін де жайлап отырған мұндай келін, жар, ананы жаман деп қалай айтасың? Әлбетте, «керемет» деген сөзге лайық.


Суқұйғыш

Суқұйғыш қыздардан жақсы үйбикесі шыға қоймайды. Өздері мұны біледі. Себебі де аян – Суқұйғыштар үй шаруасымен айналысқанды ұнатпайды. Әйтсе де, күнделікті жасалуы тиіс ең маңызды шаруалардан қол үзбейді. Жеңіл-желпі тазалық пен тамақ дайындауды өз қалауына қарай оңайлатып алады. Ал, толыққанды тазалық, жөндеу жұмыстарын жүргізу, қонақ шақыру сияқты көлемді шаруаларға отбасының басқа мүшелерінің көмегін күтеді.


Балықтар

Үйге, отбасына қатысты шаруаның бәрін махаббатпен атқарады және бұл оларды шабыттандырады. Бұл – жақсы. Алайда, кемшіндеу тұсы да жоқ емес. Айталық, шабыт болмаса, махаббаты маздамаса, бәріне қолын бір сілтеп, бөлмесінен шықпай қоя салуы да әбден мүмкін. Сондықтан, бұл жағынан алғанда бірде көл, бірде шөл деуге болады. Бұл мінезі адамдармен қарым-қатынаста да бой көрсетпей тұрмайды. Сондықтан, Балықтар белгісінен келін алатын болсаңыз, осы құбылмалылыққа дайын болыңыз.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ