Дүниежүзілік банк Түркияға 1,7 млрд доллар бөледі

0
481

Бөлінетін қаражат Түркиядағы зілзала мен афтершоктардан кейінгі құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бағытталмақ.


Дүниежүзілік банк Түркияға 1,7 млрд доллар бөледі

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік банк Түркияға 1 млрд 780 млн доллар бөлетінін мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.

«Табиғат апатының ауқымын бағалау және бірінші кезекте қалпына келтіріліп, қайта құруды қажет ететін облыстарды анықтау үшін залал көлемін жедел бағалау басталды», делінген банк мәлімдемесінде.

Бөлінетін қаражат Түркиядағы зілзала мен афтершоктардан кейінгі құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бағытталмақ.

«Дүниежүзілік банк бүгін адамдардың жаппай өліміне, жаралануына және Түркияның оңтүстік-шығысы мен оның айналасына айтарлықтай залал келтірген зілзала мен одан кейінгі жерасты дүмпулерінен соң қалпына келтіру жұмысы мен көмек көрсетуге $1,78 млрд бөледі», – деді Дүниежүзілік банк басшысы Дэвис Малпасс.

Сонымен қатар ол Дүниежүзілік банк табиғат апаттарын реттеудегі халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, бірінші кезекте қалпына келтірілуі тиіс облыстарды және апаттың ауқымын анықтау мақсатында залал шығынын жедел бағалауға кіріскенін жеткізді.

Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, Түркияда зілзала құрбандарының саны 18 мыңнан асты, сондай-ақ, 74 мыңнан астам адам жарақат алған.

Жер сілкінісінен қаза тапқандар арасында Қазақстанның екі азаматы бар. Бүгін таң ата Хатай провинциясында үйінді астынан отандасымыз Мирболат Құрмашевтің денесі табылды.

Оны құтқару үшін үйіндіні аршу жұмыстары кеше түстен кейін басталған болатын.