Қазақстандық құтқарушылар Түркияда 7 адамды құтқарып, 19 мәйітті үйінді астынан шығарды – ТЖМ

0
1 100

Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде.


Қазақстандық құтқарушылар Түркияда 7 адамды құтқарып, 19 мәйітті үйінді астынан шығарды – ТЖМ

ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде.

«Газиантеп қаласында пневмокаркасты модуль негізінде медициналық бекет орнатылды, ол жеке құрамды жылыту үшін де қолданылады. ТЖ салдарынан зардап шеккендерге, құтқарушыларға, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына шұғыл көмек көрсету біздің негізгі міндетіміз болып табылады. Күніне орта есеппен 35-тен астам зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді. Олардың ішінде стресстің жедел реакциясымен, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым. Күн сайын жеке құрамның жылыту пунктіне зардап шеккендердің туыстары мен жақындары, орта есеппен 40-50 адам кіріп жылынады. Апаттар медицинасы орталығының медициналық пункті мен медициналық қызметі барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен қамтамасыз етілген. Шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету тәртібінде жергілікті органдармен өзара іс-қимыл жасаймыз»,- деп ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Жазылбай Қозыбахов айтты.
Газиантеп қаласы бірінші эшелонның жұмыс жүргізу ауданы болып белгіленді. Мұнда жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жүргізілуде.
Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғастырылуда. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 4 қаза тапқан әйелдің денесі шығарылды.
Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат ішінара қираған, апатты, қирау динамикасы байқалады, тұрақсыз құрылымдарға байланысты ғимараттардың толық қирау қаупі бар. Ғимараттың 3-қабатына дейін инженерлік техниканы пайдалана отырып, демонтаж жүргізілді, үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғастырылудаү Қайтыс болған 6 адамның денесі шығарылды.
Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде, қайтыс болған 4 адамның денесі шығарылды.
Қазақстанн ТЖМ құтқарушыларының екінші эшелоны Түркияға келген сәттен бастап іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы - Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді. Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді. Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс - қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық қызметтеріне жеткізілді. Қайтыс болған бір адамның денесі шығарылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Хатай елді мекеніне құтқарушылар тобы және кинологиялық есептоптар жіберілді. Іздеу объектісі - толығымен қираған алты қабатты үй. Осы объектіде 9-10 ақпанда үйіндінің астынан қайтыс болған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі – Қазақстан азаматы, екеуі – Түркия азаматы.