Қазақстанның 124 азаматы Түркияның зардап шеккен өңірлерінен шығарылды – СІМ

0
544

Сондай-ақ ол хабар-ошарсыз кетті деп есептелген Қазақстанның тағы бір азаматы Хатай қаласынан табылғанын атап өтті.


Қазақстанның 124 азаматы Түркияның зардап шеккен өңірлерінен шығарылды – СІМ

ERNUR.KZ. Түркияда соңғы төрт күнде зілзаладан зардап шеккен аймақтардан 124 қазақстандық шығарылды. Олардың елу сегізі Астанаға оралды, деп жазады sputnik.kz.

"Соңғы төрт күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязыг провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды. Оның ішінде 58 қазақстандық Астанаға репатрациялық рейстермен жеткізілді", - деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров журналистерге арналған брифингте.

Сондай-ақ ол хабар-ошарсыз кетті деп есептелген Қазақстанның тағы бір азаматы Хатай қаласынан табылғанын атап өтті. Ол екі күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір аман сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зардап шекпеген.

Смадияровтың айтуынша, жер сілкінісі туралы ақпараттар тарағалы бері министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желісіне мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Көбі Түркия аумағында тұратын туыстарын табуды өтінген. Сонымен қатар Түркиядағы дипломаттарға қоңыраулар мен өтініштер түсіп жатыр.
"Олар осы бірнеше күн ішінде 150-ден астам отандастың орналасқан жерін анықтап, Қазақстандағы туыстармен байланыс орнатуға көмектесті. Өңірдегі ауыр жағдайды, байланыстың болмауын немесе байланыстағы қиындықтарды ескере отырып және азаматтарымызға қажетті көмек көрсету үшін дипломаттар апат аймақтарына, атап айтқанда ең көп зардап шеккен Газиантеп, Антакья және Кахраманмараш қалаларына барды", - деді СІМ ресми өкілі.
Көптеген отандасымызға қауіпсіз жерге көшуге көмек қажет болған. Олар көлікпен, тамақпен және баспанамен қамтамасыз етілді. Кейбір азаматтар елге оралуға ниет білдірді.
Бұдан бөлек, көптеген қазақстандық үйлердің құлауына байланысты құжаттарын жоғалтқан. Консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берді.