Apple iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіруі мүмкін

0
130

Бұл шешім, NDTV мәліметінше, Үндістанның жабдықтау тізбегін қаншалықты тез дамыта алатынына және Қытай мен АҚШ арасындағы сауда келіссөздерінің барысына байланысты болады.


Apple iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіруі мүмкін

ERNUR.KZ. Apple келесі жылы АҚШ-та сатылатын iPhone құрылғыларының жинағын Қытайдан Үндістанға көшіруді жоспарлап отыр, деп жазады kaz.inform.kz.




Apple Қытайдан бас тартып, iPhone өндірісін Үндістанға көшіруді жылдамдатуы мүмкін. Бұл шешім, NDTV мәліметінше, Үндістанның жабдықтау тізбегін қаншалықты тез дамыта алатынына және Қытай мен АҚШ арасындағы сауда келіссөздерінің барысына байланысты болады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Apple-ге Қытаймен байланысты азайту үшін қысым көрсетіп отыр. Ол жақында Қытаймен тарифтерге қатысты келіссөздер жалғасып жатқанын растады. Бұл арада Үндістандағы Apple-дің серіктес өндірушілері өндіріс көлемін арттыра бастады.

Foxconn компаниясының Карнатака штатының Бангалор қаласындағы зауыты осы айда іске қосылады деп күтіліп отыр және ол толық қуатында жылына 20 миллион құрылғыға дейін өндіре алады. Сонымен қатар Foxconn-ның тағы бір ірі зауыты Тамилнад штатында орналасқан, ол Apple өнімдерінің халықаралық жеткізілімінің шамамен 50%-ын қамтамасыз етеді.

Компанияның экспорты өткен қаржы жылымен салыстырғанда 40%-дан астамға өсті. Бұған қоса, Үндістанда iPhone өндірісі рекордтық деңгейге жетті: соңғы бір жыл ішінде 22 миллиард долларға бағаланатын құрылғылар шығарылған.

Қазіргі уақытта Үндістан Apple-дің жаһандық iPhone өндірісінің шамамен 20%-ын құрап отыр, бұл елдің мобильді технология саласындағы маңызды рөлін айғақтайды. Сарапшылар биыл Apple Үндістандағы жылдық өсімін 10–15% деңгейінде сақтайды деп болжап отыр.

Бұған дейін Трамп енгізген тарифтерге байланысты Apple iPhone бағасын көтеруі мүмкін екені хабарланған болатын.