Бұған дейін осы айда елдің шығысындағы Нангахар провинциясында орын алған су тасқыны салдарынан 16 адам, соның ішінде 15 бала қаза тапты.
ERNUR.KZ. Ауғанстанда су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны бейсенбі күні 150 адамға жетті. Ел билігі таудағы Парван провинциясында нөсер жаңбырдан орын алған су тасқыны салдарынан 900-ден астам отбасыны қауіпсіз жерге көшірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Кем дегенде 250 адам жарақат алды. Тірі қалғандардың айтуынша, қаза болғандар арасында балалар көп. Табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін.
Ауғанстан аудандары құрғақшылықтан да, оңтүстіказиялық муссон кезеңіндегі толассыз жаңбырдан да үнемі зардап шегіп отырады.
Жергілікті тұрғын 45 жастағы шаруа Мұхамед Қасым AFP-ға су тасқыны салдарынан отбасының 11 мүшесі қайтыс болғанын айтты. «Менің әпкем, оның күйеуі, екі қызы мен олардың балалары бір үйде ұйықтап жатқан еді», - деді Қасым.
Парван провинциясы билігінің айтуынша, су тасқыны Чарикар қаласын басқан, жергілікті аурухана жарым-жартылай қирады, жарақат алған көптеген адам Кабул ауруханаларына ауыстырылды.
Провинцияның баспасөз хатшысы Вахида Шакхар құрбандар санының саны әлі де өсуі мүмкін екенін мәлімдеді, себебі құтқару командалары қираған үйлердің астында қалған адамдарды іздеу жұмыстарын жүргізуде.
Кем дегенде сегіз адам, соның ішінде екі бала суға батып кеткені, 14 адам жарақат алғаны хабарланып отыр.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани өз мәлімдемесінде қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, Парван және басқа провинцияларға көмек жеткізуді бұйырған.
Парванда 2000-нан астам үй қирады, 1000-нан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Сондай-ақ, Нангархар, Панджшир, Вардак, Логхар, Пактика және Каписа провинцияларында да аяқасты орын алған су тасқыны туралы хабарланды.
Ауғанстанда нөсер жауын мен аяқасты су тасқыны салдарынан жыл сайын ондаған адам қаза табады.
Бұған дейін осы айда елдің шығысындағы Нангахар провинциясында орын алған су тасқыны салдарынан 16 адам, соның ішінде 15 бала қаза тапты. Ондаған үй қирап қалды.