Колония бала психикасын бұзып, болашақ қылмыскерлерді даярлайтын ғана орын деп алаңдайды.
ERNUR.KZ.Қырғызстандық құқық қорғаушылар елдегі жалғыз балалар колониясын жабуға шақырады. Олар бұл колония бала психикасын бұзып, болашақ қылмыскерлерді даярлайтын ғана орын деп алаңдайды, деп жазады Азаттық радиосы.
Омбудсмен институтының дерегінше, 2017 жылы колонияда 47 бала қамауда отырған. Оның 23-і түрме жазасына кесілген, ал қалғаны тергеу абақтысында күдікті ретінде отырған.
Омбудсмен институты қызметкерлері 2017 жылы колонияға бірнеше мәрте тексеру жүргізіп, соның негізінде жылдық есеп әзірлеген. Омбудсмен аппаратына қарасты отбасындағы зорлық-зомбылық пен гендерлік кемсітушіліктен қорғау бөлімінің меңгерушісі Махабат Тұрдымаматованың сөзінше, мониторинг балалардың білім мен медициналық қызмет алу құқығының сақталмайтынын көрсеткен.
- Бірнеше рет тексеріп, колонияда халықаралық стандарттарға сай жағдай жасалмағанын анықтадық. Мысалы, балалармен арнайы даярлықтан өткен психологтар жұмыс істеуі тиіс. Бірақ колонияда мұндай мамандар жоқ болып шықты. Балалардың білім алу құқығы да шектелген. Оқулықтар ескі, сауатын мүлде ашпаған балалар да бар екен. Медициналық көмек алу құқығы да шектеулі. Көбі тіс дәрігерінің көмегіне зәру. Дәрігерді қаладан шақыртады екен, бірақ бұған ақша керек. Колонияда отырған балалардың денсаулығына ерекше күтім қажет. Колониядан шыққан соң түзу жолға түсіп, дұрыс өмір сүру үшін оларға жағдай жасау керек қой, - дейді ол.
Әріптесінің пікірін құқық қорғаушы, "Бір дүние – Қырғызстан" ұйымының басшысы Толекен Исмаилова да құптайды. Құқыққорғаушы колония балалардың болашағына балта шауып жатыр деп санайды. Исмаилованың сөзінше, балалар колониясындағы жағдайды жақсартып, әлемдік стандарттарға сәйкестендіру қажет.
- Бұл – совет заманынан сақталып қалған балалар колониясы. Ол жердегі жағдай бір рет те жақсартылмаған. Батыс елдерінде балалар колониялары кәдімгі үйге ұқсайды. Оларда әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Ал біз өкінішке қарай, түрмеден босаған балалардың өміріне көңіл бөлмейміз, керісінше, оларды қылмыстық жолға түсуге итермелейтін жағдай жасаймыз. Колониядағы бала саны 50-ге жетпейді, бірақ ол жерде бюджет қаржысы есебінен жалақы төленетін 100 шақты адам жұмыс істейді.
Мемлекеттік жазаны орындау қызметінің баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарованың мәлімдеуінше, жалақысы мардымсыз болғандықтан, кәсіби психологтар балалар колониясында жұмыс істеуге келіспейді.
- Мұндай жағдайда балалармен жұмыс істеу қиын. Психологтар жалақысын азсынады немесе мұндай балалармен жұмыс істеуден жүрексінеді. Бұған қоса, мекеме қаладан алыс орналасқан. Құқық қорғаушылар колонияда отырған сотталғандар мен ол жерде жұмыс істейтін қызметкерлер санының сәйкес еместігіне наразы. Бірақ әйелдер мен жасөспірімдерге арналған уақытша қамау абақтысы да осы колонияда орналасқан. Сондықтан қызметкерлер үш мекемеде жұмыс істейді.
Қырғызстан ішкі істер министрлігі дерегінше, соңғы алты айда елде жасөспірімдер жасаған 134 қылмыс тіркелген. Көбі адам тонап, ұрлық жасағаны үшін ұсталған. Бірақ қоғамдық қауіпсіздік қызметінің өкілі Алмазбек Исаковтың сөзінше, милиция олармен профилактикалық жұмысты күшейтіп, бостандықтан айырмауға тырысады.
- Біз рейдтер жүргізіп, балаларды есепке аламыз. Қылмыс жасаған балалардың көбі - қараусыз қалғандар. Олардың әке-шешесі жоқ немесе өзге елде жұмыс істеп жүр. 14 жасқа толмаған балаларды қамауға болмайды. Үш-төрт жыл түрме жазасы қарастырылған қылмыстар үшін шартты жазамен босатылады. Сосын үш айға жуық бақылауымызда болады,- дейді ол.
ІІМ дерегінше, өткен жылы алты айдың ішінде жасөспірімдер арасында 117 қылмыс тіркелген.
Балалар колониясы Қырғызстандағы Шу облысының Вознесеновка ауылында орналасқан. Бұл мекемеде кісі өлтіру, адам зорлау, ұрлық немесе адам тонау сияқты ауыр қылмыстары үшін сотталған 14 пен 18 жас аралығындағы азаматтар жазасын өтейді. Сотталғандардың көбі жетім немесе әке-шешесінің қарауынсыз қалған балалар.
Кәмелетке толғаннан кейін колония тұтқындарын этаппен ересектер колониясына жібереді. Ресми дерекке сәйкес, колониядағы балалардың 20 пайызы қайта қылмыс жасағаны үшін сотталған.