Испанияда 35 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, 2300-дей азамат қайтыс болған.
ERNUR.KZ. Испанияда мұз сарайы уақытша мәйітханаға айналды, деп жазады 24.kz.
Мадридте орналасқан кешенге енді коронавирустан қаза тапқандардың мүрделері жеткізілмек. Бұл жұмыспен Испанияның төтенше жағдайлар жөніндегі әскери бөлімшесі айналысады.
Жалпы мұндай қадамға Мадрид үкіметіне қарасты жерлеу қызметінің мәлімдемесі түрткі болып отыр. Нақтырақ айтқанда, аталған мекеме дүйсенбі күні вирустан көз жұмғандардың мәйіттерін қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Айтуларынша, қызметкерлерде қорғану құралдары жеткіліксіз.
Ал елдегі ахуалға келер болсақ, Джонс Хопкинс университетінің дерегі бойынша бүгінде бұл елде 35 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. 2300-дей азамат қайтыс болыпты. Сондықтан Испания премьер-министрі елдегі төтенше жағдай режимін тағы 15 күнге созу туралы шешім шығарды.