Норвегия 2015 жылы осы шекара бекетінде Ресей аумағы арқылы Сирия, Ауғанстан, Ирактан 5 мың босқын ағылып келгеннен кейін биіктігі 3,5 метр болатын 200 метрлік қоршау салған.
ERNUR.KZ. Норвегия билігі Ресеймен шекараға қоршау салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қоршау 198 шақырымдық құрлықтық шекарада салыну мүмкін, деп жазады ulysmedia.kz.
Елдің әділет министрі Эмили Энгер Мель мұндай қызығушылық Финляндияның Ресеймен шекарасына 200 шақырымдық қоршау салу туралы жоспарынан кейін туғанын айтты.
«Шекаралық қоршау тежеуші фактор болатыны үшін ғана қызық емес, мұндағы датчиктер мен технологиялар шекараға жақындаған адамды анықтай алатынынмен де қызық. Енді мұндай қоршау Норвегияда шынымен салынуы мүмкін. Мұндай шара шекараның барлық немесе белгілі бір бөлігіне қолданылуы мүмкін» деген министр NRK ресурсына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, билік бұдан бөлек шекарашылардың санын арттырып, Ресеймен арадағы «Стурскуг» көлік өткізу бекетіндегі бақылауды күшейтпек.
Норвегия 2015 жылы осы шекара бекетінде Ресей аумағы арқылы Сирия, Ауғанстан, Ирактан 5 мың босқын ағылып келгеннен кейін биіктігі 3,5 метр болатын 200 метрлік қоршау салған. Былтыр елдің полициясы Украинадағы соғғыс басталғалы Ресей жағынан 3 шекараны заңсыз кесіп өту дерегін тіркеген.