Бұл қоршаудың құрылысы 25 қаңтарда басталып, 30 маусымға дейін созылады деп жоспарланған.
ERNUR.KZ. Польша Беларусьпен шекарадағы қоршаулар салу құрылысын аяқтады. Шекара бойындағы болат сыммен қоршалған қоршаудың биіктігі бес метр, жалпы ұзындығы 187 шақырым, деп жазады stan.kz.
Бұл қоршаудың құрылысы 25 қаңтарда басталып, 30 маусымға дейін созылады деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны 1,6 миллиард злотый (321 миллион долларды) құрады.
Поляк арнайы қызметінің министрі-үйлестірушісінің баспасөз хатшысы Станислав Жарынның айтуынша, қазір Польшаға заңсыз кіруге толықтай тосқауыл қойылған.
"Қоршауға электронды қозғалыс сенсорлары мен бақылау камералары орнатылуда. Польша шекарасы Еуропадағы ең қорғалған шекара болып табылады", - деп атап өтті Жарын.
Польша билігі Беларусь шекарасында былтыр көктемде басталған көші-қон дағдарысына байланысты тікенек сыммен бес метрлік қоршау салуға шешім қабылдады. Одан кейін беларусьтік “Белавия” әуе компаниясының Еуропаға ұшуына шектеу қою аясында Таяу Шығыс пен Африкадан келген мигранттардың Беларусьтен Польша шекарасын заңсыз кесіп өту фактілері күрт өсті. Осыған орай Варшава Минскіні шекарада қасақана дағдарыс туғызды деп айыптады.
Мигранттардың жиналуына байланысты Польша билігі әскерилерді шекараға жиды. Сонымен қатар Беларусьпен шекаралас аймақтарда төтенше жағдай жарияланды. Биылғы жылдың басында Варшава Беларусьпен шекарада қоршаулар құрылысы басталғанын хабарлады. Бастапқыда Польша билігі тосқауыл құрылысына 160 миллион доллар жұмсауды жоспарлаған.