Ер адам әлеуметтік желідегі парақшасында таныстарынан белдемше бере тұруын сұрапты.
ERNUR.KZ. Голландияда ер адам аптап ыстықта жұмысқа белдемше киіп келді. Оған компаниядағы дресс-код ережелері бойынша, ер адамдарға кеңсеге шолақ шалбар киіп келуге салынған тыйым себеп болған, деп жазады Stan.kz.
Хилверсюм қаласының 21 жастағы тұрғыны Пим Стинберген кадрлар бөліміне барып, неліктен жұмысқа шолақ шалбар киіп келе алмайтынын білмек болыпты. Өз кезегінде бөлімдегілер шолақ шалбар киген қызметкерлердің жеткілікті түрде байсалды болып көрінбейтінін айтқан. Алайда әңгіме барысында компанияда белдемше киюге рұқсат екені анықталады. Осылайша, Стинберген осы мүмкіндікті пайдаланып қалмақ болған.
Артынша ер адам әлеуметтік желідегі парақшасында таныстарынан белдемше бере тұруын сұрапты. Ол ұсынылған белдемшелердің бірін таңдап, оны кеңсеге киіп барған.
«Әрине, бәрі күлді. Алайда әріптестерім маған емес, менің жағдайдан шығудың басқаша жолын тапқаныма күлді», - дейді Стинберген.
Айтуынша, әріптестері оны батылдығы үшін мақтап, батыр деп атаған.
Стинбергеннің сөзінше, оның сырт келбеті басшысының жүрегін жібіткен. Өз кезегінде ол компаниядағы дресс-код саясатын қайта қарастыруды уәде етіпті.