Үндістанда 3 мың ауылды су басты

0
830


Үндістанда 3 мың ауылды су басты

ERNUR.KZ. Үндістанда нөсер толастамай тұр. Салдарынан 3 мың ауылды су басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғи апаттан әсіресе елдің шығысындағы Ассам штаты қатты зардап шекті. Мұнда 80-нен аса адам көз жұмған. Мамырдың аяғынан бері нөсер салдарынан өңірдің 3 миллионға жуық тұрғыны үй-жайын тастап, уақытша орындарға көшірілген. Бұл аздай, осы Ассам штатында қазір коронавирус та өршіп тұр.

Көрші Бангладеш пен Непал халқы да топан судан зардап шегіп отыр. Бір ғана Непалдың өзінде маусымның басынан бері табиғи апаттан 100-ден аса адам көз жұмған. Із-түзсіз жоғалып кеткен 50-ге жуық тұрғын әлі табылған жоқ. Ал мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Олар нөсердің жақын арада басылатын түрі жоқ дейді.


– Билік су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік беріп, малдарына жем-шөбін жеткізіп жатыр. Ал үйлеріне нұқсан келтірілген кейбір тұрғындарға шатырлар тараттық, - дейді уақытша лагерь басшысы Вишну Дас.


– Мен кедеймін. Топан су кесірінен лашығымнан түк қалмады. Жаңадан салу керек. Отбасымызбен бірге ең қажетті деген заттарды ғана алып шығып үлгердік. Сөйтіп, осы уақытша лагерьге келдік, - дейді жергілікті тұрғын Анджан Чандра.