Әлемдегі ең қымбат көлік нөмірлері қанша тұратынын білесіз бе?
Көлік нөмірінің «крутой» болуы – иесінің атақ-даңқын, дәрежесін айғақтап тұратын бір белгі іспетті. Шын мәнісінде олай емес, әйтсе де, кей көліктер мен олардың нөмірін көргеннен-ақ иесі жайлы көптің көкейінде «бір дөкей-ау» деген ой туады. Осыдан келіп біреулер артық шығын шығарса да, арнайы біркелкі саннан не өзі қалаған әріптерден тұратын серияны жоғарырақ бағаға сатып алғысы келіп тұрады.
Таң қаларлығы, әлемде атаққұмарлығы шегіне жеткен бай-бағландардың көлігінің VIP нөмірі темір тұлпарының құнынан кем түспейді екен. Сенбесеңіз, ең қымбат нөмірлер тізіміне көз салыңыз.
VIP1
Бұл нөмір бастапқыда Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің меншігі болған екен. Кейіннен көпшілікке белгісіз себептермен Папа одан бас тартып, атақты нөмір 2006 жылы аукцион арқылы сатылымға шығарылады. Көптеген үміткерлердің ішінен ресейлік олигарх Роман Абрамовичтың бағы жанып, біраз күш салу және жарты миллион долларын жұмсаудың нәтижесінде «VIP1» белгісін өзіне меншіктепті.
Білетіндер орыс бағланының бұл нөмірді әлі күнге белсенді қолданатынын, көбіне Rolls-Royce Corniche IV Convertible атты көлігіне тағатынын айтады.
M1
Бұл нөмірдің ерекшелігі бір әріп пен бір саннан тұратындығында ғана емес. Ол – ІХ-ХХ ғасыр аралығында пайда болған алғашқы көлік нөмірі ретінде тарихта қалған. Жақын уақытқа дейін «М1» белгісі Англиядағы Таттон саябағында экспонат ретінде тұрған эксклюзивті Mercedes-Benz 1900 ретрокөлігіне тағулы болған. Тек 2006 жылы ғана оны әлемдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі Майк МакКумб сатып алады. Құны – 332 мың фунт стерлингке (шамамен 180 миллион теңгеден астам) бағаланған. Бір қызығы, кәсіпкер оны өз көлігіне қадамай, сол кезде алты жаста болған ұлына сыйлаған екен.
S1
«S1» белгісі шотландықтарға жақсы таныс. Себебі, ол лорд Кингсбургтың нөмірі болыпты. Ал, лорд Кингсбург – 1903 жылы алғашқы жеңіл автокөлікті сатып алғаны үшін шотланд тарихына енген азамат. Арада біраз жылдар өткен соң белгілі нөмірді белгісіз біреу сатып алған. Оның аты-жөні жарияланбағанымен, әл-ауқаты жақсы біреу екенін жорамалдау қиын емес. Себебі, нөмір жарты миллион долларға сатылғаны белгілі. Кейіннен шотландықтар осы белгі тағылған эксклюзивті қызыл Skoda көлігін Эдинбург көшелерінен бірді-екілі рет байқап қалыпты.
F1
«F1» белгісінің қолданылып келе жатқанына бір ғасырдан асқан. Бүгінгі иесі – британдық тюнинг-ательенің негізін қалаушы Афзал Кхан. Ол белгіні 2008 жылы Эссекс графтығы муниципалитетінен 440 мың фунт стерлинге (250 миллион теңгеге жуық) сатып алған екен. Қазір кәсіпкердің эксклюзивті Mercedes-Benz SLR McLaren көлігін айшықтап тұр.
25 O
2014 жылы аты аңызға айналған музыкант Эрик Клэптон Ferrari автоконцернінен «25 О» белгісін сатып алады. Сөйтіп өзінің сүйікті автокөлігі Ferrari 250 SWB-ға тағады. Бұл белгі несімен ерекше дерсіз бәлкім? Музыкант үшін «25 О» белгісінің құндылығы – автокөліктің «250 SWB» деген сериясымен сәйкес келетіндігінде ғана екен.
1
Бір ғана «1» санынан тұратын көлік нөмірі бүгінде әлемдегі ең қымбат белгі болып тұр. 2008 жылы Абу-Дабилық миллиардер Саид Абдул Гаффар Хуридің меншігінде пайда болды. Сол кездегі құны – 14 миллион долларды құраған. Қазіргі таңда миллиардердің Rolls-Royce көлігінде таңулы тұр.
Facebk
2012 жылы Аустралияның қарапайым тұрғыны Тай Тран өз көлігінің сериялық нөмірін аукциондық сатылымға шығарды. Қызығы сол, ол белгі атақты әлеуметтік желі Facebook тауына тым ұқсас болды. «FACEBK» таңбаларынан тұратын нөмірді мамандар 1,2 миллион долларға бағалаған. Аукцион барысында оған таласушылар көп болмапты. Сондықтан да, көрсетілген бағаға Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің бір табынушысы сатып алған.
9, 7, 5
Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен аукцион барысында бір ғана «9» таңбасынан тұратын нөмір 4,2 миллион долларға сатылды.
Ал, «7» және «5» таңбаларымен белгіленген екі нөмірді келесі бір араб олигархы Таталь Мухаммед аль-Кури сатып алған. «7» нөмірінің бағасы 4,6 миллион доллар болса, «5» таңбасы 6,8 миллион долларға бағаланған.
Міне, ең қымбат нөмірлер мен олардың бас айналдырар бағасы осындай. Әлбетте, мұндай құнды таңбаларды иеленуге мүмкіндігі барлардың арзан көлік мінбейтіні де белгілі. Қалай болғанда да, әркім өз көрпесіне қарай көсілгені жөн шығар.
Аударған: Бауыржан ЕРМАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Көлік дөңгелегін қысқа қамдап қойдыңыз ба?