Бүгін біз оқырмандарымызға жентек еттен жасалатын ең ерекше тағамдарды ұсынбақпыз. Соның ішінде гректердің дәстүрлі тағамы кефтедесті жасап үйренеміз. Кефтедес көкөністер мен жентек еттен пісіріліп, гарнирмен бірге дастарханға ұсынылады.
Фото: mtdata.ru
Кефтедес
Бүгін біз оқырмандарымызға жентек еттен жасалатын ең ерекше тағамдарды ұсынбақпыз. Соның ішінде гректердің дәстүрлі тағамы кефтедесті жасап үйренеміз. Кефтедес көкөністер мен жентек еттен пісіріліп, гарнирмен бірге дастарханға ұсынылады.
Қажетті өнімдер
500 гр. сиыр етінен жентек ет
2-3 дана пияз
2 тілім ақ нан
2 тіс сарымсақ
1 дана жұмыртқа
4 ас қасық майдалап туралған ақжелкен
4 ас қасық сүт
1 ас қасық қызыл шарап сірке суы
1 ас қасық зәйтүн майы
1 шай қасық кептірілген орегано дәмдеуіші
10 дана жалбыз жапырағы
Дәміне қарай тұз, бұрыш қосылады
Қуыру үшін өсімдік майы қажет.
Дайындалу тәсілі:
Ең алдымен ақ нанды сүтке жібітіп қою керек. Нанды жібітіп, оған жентек етті, жұмыртқа мен майдалап туралған пиязды, сарымсақ, ақжелкен және жалбызды қосамыз. Барлығын жақсылап араластырып, тұз, бұрыш қосамыз. Орегано дәмдеуішін де қосып, зәйтүн майы мен сірке суын себелесеңіз болады.Соңында барлығын қолмен жақсылап араластыру керек.
Осылайша дайындалған жентек еттің бетін тағамдық пленкамен жауып, бір сағаттай тоңазытқышқа салып қоямыз. Егерде сиыр етінен жентек етіңіз болмаса, қой етін пайдалануға болады.
Жентектен домалақ пішін жасап, майды табаға құйып қыздырасыз да, қуырып ала бересіз. Қуырылған гефтедестерді қағаз майлыққа қойыңыз. Сонда қағаз артық майын өзіне сіңіріп алады. Пісіп шыққан дәмді гефтедестерді өзіңізге ұнайтын гарнирмен ұсына аласыз. Гарнир тағамның дәміміен үйлесіп, тәбетті аша түсері сөзсіз.
Фото: i.mywishis.in
Жентек еттен жасалған орама
Бұл тағам сәл ғана қымбатқа түсуі мүмкін. Бірақ мерекелік дастарханға ұсынсаңыз, үстел үсті жайнай түседі. Сиыр етінің жентек етінен жасалатын ораманы бірге дайындап көрейік!
Қажетті өнімдер
500 гр. дайын қамыр
200 гр. саңырауқұлақ
100 гр. томат тұздығы
25 гр. сары май
3 дана пияз
3 дана жұмыртқа
3 тіс сарымсақ
Ақжелкен мен аскөк
Дайындалу тәсілі: Пиязды, 2 тіс сарымсақты, аскөк пен ақжелкенді майдалап турап, жентек етпен араластырамыз. Сосын оған 3 жұмыртқаны салып, тағы бір рет жақсылап араластырып жіберген дұрыс. Дайын жентек етті формаға жайып салып, бұқпа пеште пісіріп аламыз. Бұқпа пешті 180 градусқа қойып қыздырып, 20 минут пісіріңіз. Піскен соң суытып қоямыз.
Енді саңырауқұлақты қалған сарымсақпен бірге қуырып алу керек. Саңырауқұлақтарды қуырсаңыз суы шығып кетеді. Сол суы тартылғанша қуырамыз. Артынша қамырды жайып, ортасына суыған саңырауқұлақ пен жентек етті жайып саламыз. Ал, қамырдың сыртына 1 жұмыртқаның сарысын жағуға болады. Қамырды орап, пеште 30-40 минут пісіреміз.
Фото: kulray.ru
Жентек ет салынған картоп
Бұл тағам пісіп шыққан кезде иісі мұрныңызды жарады. Әсіресе үйге тосыннан достарыңыз келіп қалғанда осы тағамды дайындап жіберетін болсаңыз, көп уақыт жоғалтпайсыз. Өйткені аталмыш тағамды әзірлеуге жентек ет пен картоп болса жеткілікті.
Қажетті өнімдер
- 500 гр. фарш
- Өсімдік майы
250 мл еттің сорпасы
50 гр. қатты сыр
5 дана ірі картоп
1 дана пияз
3-4 жұмыртқа
3 ас қасық томат тұздығы
1 ас қасық балықтан жасалған соус
Тұз, бұрыш
Дайындалу тәсілі: Ең алдымен пиязды аршып, майдалап турап алыңыз. Сосын табаны қыздырып пияз бен жентек етті қуырасыз. Пияз жұмсарғаннан кейін томат тұздығы мен балықтан жасалған соусты құю керек. Қақпағын жауып, 15-20 минут бұқтырасыз.
Осы уақыт аралығында картопты қайнатып алыңыз. Картоптың қатты пісіп кетуіне жол бермеңіз. Шикілеу болғаны дұрыс. Жартылай шикі картоптардың ортасын алып тастайсыз. Сөйтіп ортасына алдымен дайын жентек етті салып, бетіне үккіштен өткізілген сырды себелейсіз. Дайын картоптарды формаға салып, бұқпа пеште 10-15 минут пісіресіз.
Фото: i.mycdn.me