Карантинді тиімді өткізгіңіз келсе банка жабуға кірісіңіз.
Әсіресе дәл қазіргідей көкөністер өте қолжетімді бағада сатылып жатқанда қиярдан "лечо" салатын жасап көріңіз. Мұндай салатты міндетті түрде жауып алу керек. Себебі қияр лечосы өте дәмді әрі пайдалы. Мерекелік кештерде де дастарханыңыздың сәнін келтіріп, жайнай түсуіне септігін тигізеді.
Қиярдан дайындалатын лечоны 0,5 литрлік немесе 1 л банкаға жапқан дұрыс. Алдын ала банкаларды тазалап жуып, стерилдеп қоясыз. Сосын дайын салатты қараңғы әрі салқын жерде сақтауға кеңес береміз.
Қажетті өнімдер:
- 1 кг қияр
- 1-2 дана қызанақ
- 1 дана сәбіз
- 1 дана болгар бұрышы
- 1-2 тіс сарымсақ
- 250 мл өсімдік майы
- 9%-дық 2 ас қасық сірке суы
- 0,5 ас қасық тұз
- 1 бума аскөк
- 0,5 ас қасық қант.
Дайындалу тәсілі:
- Қиярды тазалап жуып, екі басын кесіп алып тастаймыз. Сосын ортасынан бөліп, жартылай дөңгелектеп тураймыз.
- Дайын қиярларды кастрөлге саламыз.
- Енді қызанақты, болгар бұрышын, сәбіз бен сарымсақты тазалап жуып, аршып, тураймыз. Сәбізді үккіштен өткізген дұрыс. Қызанақ пен болгар бұрышын текшелеп турау керек.
- Осы туралған көкөністерді қияр салынған кастрөлге салып, қант, тұз, майдалап туралған аскөкті қосамыз.
- Өсімдік майын құйып, кастрөлді отқа қойып, бұқтырамыз. 20 минуттай бұқтырылған көкөністерге сірке суын құюды ұмытпаймыз. Барлығын жақсылап араластырып, тағы да 5 минут бұқтырамыз.
- Дайын болған лечоны стреилденген банкаларға құйып, қақпағын бұраймыз.
Қияр мен сарымсақ қосылған ЛЕЧО
Қажетті өнімдер:
- 2,5 кг қияр
- 1,5 ас қасық тұз
- 200 гр. қант
- 250 мл томат
- 9%-дық 100 мл сірке суы
- 75 мл өсімдік майы
- 1 бас сарымсақ
Дайындалу тәсілі:
- Қиярды тазалап жуып, салқын суға 1-2 сағат салып қою керек. Осылайша суға салынған қияр гіртілдек болады. Сосын қиярларды 4 бөлікке бөліп турап, үлкенірек табаққа салыңыз.
- Бөлек ыдысқа тұз бен қантты араластырып, қиярға себелеп саламыз. Оның бетіне майды құйып, томат тұздығын салыңыз. Барлығын жақсылап араластырып, 15 минут қоя тұрыңыз.
- Осы уақыт өткеннен кейін кастрөлді отқа қойып, қайнағаннан кейін 5 минут отта ұстап, аршылған сарымсақ пен сірке суын құямыз.
- Қиярды тағы да 2-3 минуттан соң оттан ала беруге болады. Стерилденген банкаларға қиярды салып, түбіндегі тұздық суын құйып отырасыз. Сарымсақты алып тастауға да, банкаға салуға да болады. Банканың қақпағын жақсылап бұрап, суығанша төңкеріп қойыңыз. Сонда лечомыз да дайын болады!
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
Тағы да оқыңыз:
Иммунитетті көтеретін ҚАРБЫЗ ШЫРЫНЫН дайындап ішіңіз
Дәмді окрошка дайындаудың 5 мәзірі