Банка жабу науқаны басталып кетті. Дегенмен, сіз әлі үлгермеген боларсыз?! Егер өте дәмді әрі сулы, хош иісі аңқып тұратын салат жапқыңыз келсе, мына рецептті алуыңызға болады.
Қажетті қоспалар:
- 500 гр. қияр
 - 500 гр. қызанақ
 - 150 гр. болгар бұрышы
 - 150 гр. қырыққабат
 - 100 гр. сәбіз
 - 150 гр. пияз
 - ½ бөлік чили бұрышы
 - 50 гр. қант
 - 1 ас қасық тұз
 - 75 мл өсімдік майы
 - 40 мл 9%-дық сірке су
 - Жарты бума ақжелкен
 
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен барлық көкөністерді тазалап жуып аламыз.
 - Қиярды ортасынан бөліп, осы қалыпта тураймыз. Қызанақты да дәл осылай жұқалап турау керек.
 - Пияздың қабығын аршып, оны да жұқалап турау керек. Сәбіздің де қабығын аршып, ірі немесе орташа үккіштен өткіземіз.
 - Қырыққабатты да майдалап турау керек.
 - Ақжелкенді ұсақтап турап, болгар бұрышын ұзаншалап турауға болады. Ал, ащы бұрышты жұқалап әрі дөңгелектеп тураймыз.
 - Барлық туралған көкөністерді бір табаққа салып араластырып, қант, тұз, өсімдік майы мен сірке суын қосамыз. Көкөністерді тағы бір араластырып, 3 сағатқа қалдырамыз.
 - Банкаларды ас содасымен тазалап жуып, жақсылап шаю қажет.
 - Кастрөлге су құйып, қайнатамыз. Осы суға қақпақтарды саламыз. Содан соң қайнап тұрған кастрөлдің бетіне тор темірді қойып, банкаларды қойып, 15-20 минут бойы зарарсыздандырамыз.
 - Енді банкаларға маринадталған салатты салып, қақпағын қойып шығамыз. Кастрөлдегі қайнап тұрған суға салат салынған банкаларды салып, қайтадан қайнатамыз. 30 минуттан кейін банкалардың қақпағын бұрау беруге болады.
 - Дайын банкаларды төңкеріп қойып, сыртынан матамен жауып қою керек. Осылайша қыста жеуге арналған салаттарымыз да дайын болды.
 
Өте оңай салат

Қажетті қоспалар:
- 500 гр. болгар бұрышы
 - 100 гр. пияз
 - 1 кг қызанақ
 - 80 мл өсімдік майы
 - Дәміне қарай тұз, бұрыш
 - 100 гр. қант, сірке суы қосылады.
 
Дайындалу тәсілі:
- Болгар бұрышының дәндерін тазартып, жуып алған соң, ұзыншалап турау керек.
 - Қызанақтарды да жуып аламыз. Қызанақтарды табаққа салып, ыстық су құйып, 3 минут қойып қоямыз. Сосын қызанақтарды судан алып, салқын суға саламыз.
 - Енді қызанақтардың қабығын аршу ғана қалды. Содан соң қызанақты блендерге салып, езбе жасаймыз.
 - Пияздың қабығын аршып, блендермен ұсақтап алуға болады.
 - Табаға май құйып, болгар бұрышын қуырамыз. Осы қуырмаға қызанақ езбесі мен майдаланған пиязды құясыз.
 - Табадағы езбеге тұз, қара бұрыш, қант салып, жақсылап араластырамыз. Осылай 25-30 минут бұқтырып, соңында сірке суын қосамыз.
 - Дайын салатты зарарсыздандырған банкаларға құйып, қақпағын бұрап жабамыз.
 
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Таңғы асқа лаваштан дәмді тағам дайындаңыз
                        
                        
                    
