Өз қолыңызбен шұжық жасап көрдіңіз бе?

0
15 250

Дүкеннен сатып алатын шұжықты қандай еттен жасайтынын ғаламтордағы түрлі видеолардан көріп жүрміз.


Өз қолыңызбен шұжық жасап көрдіңіз бе?

фото: chermotari.com

Барлығы бірдей ондай болмаса да, күмән тудырады. Рұқсатымен шығарылатын ет өнімдерінің де таза болмауы мүмкін. Өйткені, қалай жасалғанын көзбен көріп тұрғанымыз жоқ. Сол себепті де, шұжықты да үйде дайындап, ешбір күмәнсіз жегенге не жетсін?!

Тауық еті қосылған дәмді шұжық

фото: nastavnick.ru


Керектілер:

  • 2,5 кг тауық еті
  • 500-600 гр. сиырдың майы
  • 3 бас сарымсақ
  • 1,5 ас қасық тұз
  • 1 шай қасық қара бұрыш
  • 5 метр шығатын ішек керек.
  • Дәмдеуіштер: паприка, қыша, кориандр, гүлшетен, насыбайгүл, 1 ас қасық ұнтақталған апельсин қабығы және т.б.


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен ішекті тазалап алайық. Ол үшін ішекті аударып, пышақпен немесе қасықпен тазалау керек. Әбден тазаланған ішекті жуып, дайындап аламыз.
  2. Дайын ішекті сатып алуға да болады. Мұндай ішектер тұздалған болады.
  3. Тауық етін майдалап турап, майды еттартқыштан өткіземіз. Сосын барлық дәмдеуіштерді қосып, араластырамыз.
  4. Сарымсақты аршып, еттартқыштан өткізесіз. Сөйтіп етпен араластырыңыз.
  5. Қолмен жақсылап араластырып, 20 минут бетін жауып қоя тұрыңыз.
  6. Енді ішектерді фаршпен толтыру ғана қалды. Ол үшін пластикалық бөтелкенің түсін кесіп тастап, ішекке бас жағын жалғаймыз. Сосын кесілген жағынан қасықпен фаршты салып, ішекті толтырамыз.
  7. Арнайы құралыңыз бар болса сонымен де ішекті толтыруға болады.
  8. Ал, ішектің екі басын кәдімгі жіппен байлайсыз.
  9. Мұндай үйде дайындалған шұжықты пешке салып пісіріп алуға да, қайнатуға да болады.


Тартылған еттен дайындалған шұжық

фото: image3.thematicnews.com


Керектілер:

  • 500 гр. фарш
  • 15 гр. желатин
  • Тауық етіне арналған дәмдеуіштер
  • Кептірілген аскөк
  • Тұз
  • 2 ас қасық ұнтақ жармасы
  • 1 бас сарымсақ


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен фарш пен ұнтақ жармасын араластырып аламыз. Екеуін араластырып біраз уақыт бір шетке қоя тұрамыз. Ал, желатинді азырақ сумен араластырып аламыз.
  2. 30 минуттан соң фаршқа дәмдеуіштер мен майдалап туралған сарымсақты салып, жақсылап араластыру керек. Сосын желатинді қосыңыз. Осылайша дайындалған фаршты тоңазытқышқа 1 сағат салып қойыңыз.
  3. Дәмдеуіштерді әбден сіңген фаршты аласыз да, фольга қағазына салып орайсыз. Дайын болған шұжықты 180 градусқа қыздырылған пеште 1 сағат бойы пісіресіз. Сосын суытып, таңға дейін тоңазытқышқа салып қойыңыз. Кейіннен шұжықты түскі асқа немесе кешкі асқа жей беруге болады.


Сүт қосылған шұжық

фото: i.ytimg.com


Керектілер:

  • 500 гр. тауық еті
  • 200 мл сүт
  • 1 шай қасық тәтті қызыл бұрыш
  • Тұз, бұрыш
  • Тауық етіне арналған дәмдеуіш.


Дайындалу тәсілі:

  1. Дайын фаршты сүтпен араластырып алыңыз. Сөйтіп 40 минуттай тоңазытқышқа салып қоясыз.
  2. Фаршты тоңазытқыштан алып, дәмдеуіштерді, барлық керектілерді қосып, араластыру қажет. Жақсылап араласқан әрі жұмсақ күйге түскен фаршты енді асханалық пленкаға салып орайсыз. Қатты қысып орап, екі жағын байлап қоя бересіз. Бұл фарштан кішірек-кішірек бірнеше шұжық шығады.
  3. Шұжықтарды қайнап тұрған суға салып, 10 минут қайнатасыз да, артынша майға қызарта қуырып аласыз. Сонда шұжықтың дәмі кіре түседі.


Майсыз шұжық

фото: i.ytimg.com

Керектілер:

  • 1 кг сиыр еті
  • 0,5 кг тауық еті
  • 3 шай қасық тұз
  • 1,5 шай қасық бұрыш
  • 2,5-3 шай қасық желатин
  • Қалауыңызша сарымсақ
  • Қуыру үшін арнайы пакет қажет.


Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен етті тазалап алуымыз керек. Ол үшін етке жабысқан майларды, сіңірлерді пышақпен кесіп алып тастау керек. Сосын оны текшелеп әрі майдалап турайсыз. Еттің барлығын емес, 1/3 бөлігін, тауық етін толықтай турап, дайындап аламыз. Сосын еттің қалған бөлігін ірілеп турап, еттартқыштан өткізіңіз.
  2. Өте майда иодсыз тұзды, ірі қара бұрышты, ұнтақталған қызыл бұрышты және барлық дәмдеуіштерді араластырып, ұнтақтайсыз. Осы дәмдеуіштерге 1-2 ас қасық су қосып, тартылған ет пен туралған етке бөліп құяды. Тұзды да суға ерітіп, сосын қосқан дұрыс.
  3. Артынша тартылған етті екіге бөліп, екі пакетке сопақша формаға келтіріп, салып шығамыз. Туралған етті де дәл солай салыңыз да, бір сағат тоңазытқышқа салып қойыңыз.
  4. Осы уақыт өткен кезде шұжықтарды қайта алып, пакеттің жанын толықтай кесесіз де, шұжықтарды қайтадан орап шығасыз. Ораған уақытта барынша тығыз болғанына мән беріңіз. Екі басын жіппен байлап, таңға дейін тоңазытқышқа салып қоюға болады. Бірден пісіріп алуға да мүмкіндігіңіз бар. Жарты сағатта шұжық пісіп шығады.


Сиыр етінен дайындалған шұжық

фото: pp.userapi.com

Керектілер:

  • 2 кг майлы ет
  • 3 шай қасық тұз
  • Дәмдеуіштер
  • 3 тіс сарымсақ


Дайындалу тәсілі:

  1. Етті жуып, кептіреміз. Сосын етті ұзыншалап әрі жіңішке етіп тураймыз. Туралған етке дәмдеуіштерді, тұзды салып, 1 сағаттай тоңазытқышқа салып қоямыз.
  2. Бір сағаттан соң етті алып, 1/3 бөлігін еттартқыштан немесе арнайы ұнтақтағыштан өткіземіз. Кейіннен екі етті біріктіріп, қолмен жақсылап араластыру керек.
  3. Сосын етті арнайы пакетке төртке бөліп ораймыз. Орау барысында етті ұрғылап, арасында ауа қалдырмаған дұрыс. Сол себепті де пакетке ораған кезде де тығыздап отыруды ұмытпаңыз. Екі басын жіппен байлап, бір күн бойы тоңазытқышқа ұстаймыз. Сосын шұжықтарды пеште пісіруге де, қайнатуға да болады.


Дайындаған: Құрманкүл ӘТИ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Қысқа арнап қырыққабат дайындап үлгердіңіз бе?

Сіз ұнатқан жеміс қандай құпияңызды ашып береді? (ТЕСТ)

Жаңа піскен нанмен сүт қатып шай ішкен қандай?!