Үйде ҚАРАҚҰМЫҚ таусылды ма? Орнын КҮРІШ пен АРПА алмастыра алады

0
4 360

Қарақұмықтың құрамымен бірдей бұл жармаларды ойланбастан тұтына берсеңіз болады.


Үйде ҚАРАҚҰМЫҚ таусылды ма? Орнын КҮРІШ пен АРПА алмастыра алады

Коронавирус індеті біздің елге келгелі дүкен сөрелерінде азық-түлік тез таусылып жатқанын көріп жүрміз. Бірақ өзіңізге қажетті азық түрін таба алмасаңыз, оның орнын басқасымен алмастыруға болатынын білесіз бе? Мысалы, қарақұмық жармасы қазір ең өтімді жармалардың бірі болып тұр. Дегенмен сіз еш ойланбастан оның орнына мына жармаларды алсаңыз құрамы мен пайдалылығы жағынан еш ұтылмайсыз.


Күріш

Күріш - зат алмасуды реттейтін, В тобындағы дәрумендерге бай жармалардың бірі. Сол себепті де жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуына жол бермейді. Алайда күріштің пайдалылығы оның сыртқы қабықшасында екенін ұмытпау керек. Ең дұрысы қоңыр түсті немесе ақталмаған күрішті алыңыз.

Бидай

Бұл жарма түрі тері мен сүйектердің жұмысын қалыпқа келтіреді. Оның құрамы амин қышқылдарына бай. Бидай артрит және сүйек сынған жағдайларда адамның жалпы ағзасының жағдайын жақсартады. Сонымен қатар, В тобындағы дәрумендер қанның құрамына да жағымды әсер етіп, ми жұмысын дамыта түседі. Бидайды әсіресе іш қату кезінде жеген өте пайдалы.


Арпа

Жалпы адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуіне көмектесіп, ми жұмысын жақсартатын жармалардың бір түрі осы - арпа екен. Бұл жарма май басудың алдын алып, ағзадан зиянды токсиндер мен шлактарды шығарады дейді мамандар.


Пайдалы жармалардан мынадай тағамдарды дайындап, уақытыңызды тиімді іске арнаңыз.


Күріш пен көкөністер қосылған жеңіл тағам


Қажетті өнімдер:

  • 150 гр. күріш
  • 1 дана сәбіз
  • 1 дана пияз
  • 1 дана болгар бұрышы
  • 300 мл су
  • Балғын аскөк
  • Дәмдеуіштер, тұз, өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қазанды отқа қойып қыздырып, май құйыңыз. Қыздырылған майға майдалап туралған пиязды салыңыз.
  2. Пияз қуырылып жатқанда сәбізді аршып, болгар бұрышымен бірге ұзыншалап турайсыз. Сосын туралған көкөністерді қазанға салып қуырасыз.
  3. Біраз қуырылғаннанк ейін тазалап жуылған күрішті салып, су құямыз.
  4. Дәміне қарай тұз, дәмдеуіштер салып, 20-30 минут қақпағын жауып бұқтырамыз.
  5. Тағам дайын болуға 10-15 минут қалғанда майдалап туралған аскөкті салып жіберуді ұмытпаңыз. Сонда тағамымыз да дайын болады.


Арпа жармасы қосылған дәмді сорпа


Арпаны көбіміз ұната бермейміз. Бірақ та дәл осы сорпаны ішкеннен кейін сіз де арпа жармасын сүйіп жейтін боласыз. Сондықтан да алдын ала арпа сорпасын ішуден бас тартпаңыз.

Қажетті өнімдер:

  • 1 стақан арпа жармасы
  • 1 ас қасық зәйтүн майы
  • 1 дана пияз
  • 150 гр. тауық еті
  • 2 тіс сарымсақ
  • 0,5 бөлік чили бұрышы
  • 1,5 литр сорпа
  • 1 дана қызанақ
  • 1 дана сәбіз
  • 0,5 бөлік лимон
  • Тұз, бұрыш қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Бір күн бұрын арпаны тазалап, суға салып жібітіп қою керек.
  2. Пиязды майдалап турап, сәбізді үккіштен өткізіңіз. Қазанға зәйтүн майын құйып қыздырып, пияз бен сәбізді қызарта қуырасыз.
  3. Етті турап, жуыңыз да, қуырмаға салыңыз. Біраз қуырып, арпаны қосып, дайын сорпаны құйыңыз.
  4. Сорпаны жарма жұмсарғанша қайната бересіз.
  5. Осы уақыт аралығында қызанақты майдалап турап, оны сорпаға саламыз. Лимонның шырынын сығып оны да құйып жіберу керек. Сорпаны 5 минуттай қайнатып, оттан аламыз. Дайын сорпаның бетіне майдалап туралған аскөкті турап, дастарханға ұсына берсеңіз болады.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


1 литр сүттен 1 литр қаймақ дайындауға болады


Иммунитетті көтеру үшін ҚҰРТ ҚОСЫЛҒАН ас ішіңіз


Ағзаны ҚУАТТАНДЫРАТЫН үш түрлі САЛАТ