Ұйқысы ауысып кеткен сәбиге де киімін теріс кигізеді.
фото: unclesamfireworks.com
Мұндай ырым баланың үстіне бөртпе шығып, қиналғанда немесе көз тиіп ауырғанда да жасалынып жатады. Алайда негізгі шығу тарихы басқаша екенін білесіз бе?
Қазақ ырым еткендіктен, кішкентай бала ауырып жатқанда үстіндегі көйлегін теріс кигізу арқылы ауруды алшақтатады, іш киімін теріс кигізу арқылы тіл-көзден сақтайды деп ырымдаған.
Ал ел ішінде мынадай ырым бар екенін білесіз бе? Көпке дейін бала көтере алмай жүрген әйелдер ырымдап кішкентай балаға киімін теріс кигізіп жүргізеді. Ұл балаға ұлдың киімін теріс кигізіп жүргізсе, көп ұзамай балалы болуды аңсап жүрген әйел ұлды болады, ал қыздың киімін қыз балаға теріс кигізіп жүргізсе қызды болады деп ырымдайды.
Діни аңыздарда бұл ғұрыпты Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі.
Алла Тағала Былқысқа көпке дейін бала сүю бақытын нәсіп етпепті. Сол кезде Былқыс Сүлеймен пайғамбардың ақылымен бес жүз жетім баланың көйлектерін теріс кигізіп жүргізеді. Артынша бала бақытының нышаны байқалады. Былқыс - мұсылман аңызының кейіпкері, Құранда аталатын Саба падишасының есімі.
Ал осы ырым қазақ арасында әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Сенімнің күші ме екен, әлде тылсыммен бір байланысы бар болар, бала сүюді армандап жүрген әрбір әйел осы ырымға жүгінсе, балалы болу бақыты бұйырады деп ойлаймын. Себебі мұндай жағдайларды ел іші болған соң, көріп те, естіп те жүрміз.
фото: vse.kz
Бір таныс жағдайды айтайын.
Он жыл бойы бала көтере алмай, бармаған жер, баспаған тауы қалмаған бір таныс келіншекке өзім естіген осы бір ырымды айтып, «осылай жасап көр, мүмкін бір ғажайып орын алатын шығар» деп ұсыныс айттым. Жолдасы екеуінің арасында сәби болмағандықтан, артынан еретін шығар деген үмітпен бір бала асырап алған болатын. Бұндай да ырым бар ғой, бала асырап алып, оған аналық мейірімін төгіп, еміренсе, өз құрсағына да бала бітіп, ана атануы мүмкін. Сондықтан ол панасыз қалған балаға қамқорлық танытып, аналық мейірімін төкті. Бір жағынан жетімнің басынан сипаған адамға баланың басында қанша тал шашы болса, соншама сауап жазылады деген тұжырымға сүйеніп, қартайғанда жаныма жалау болады деген үмітпен асырап алған болатын. Ол балаға да барлық жағдайды жасап, өз перзентіндей қабылдап, бақытты өмір сүріп жатыр. «Маған бауыр керек, неге мен жалғызбын?» деген сұраққа қалай жауап берерімді білмей қиналамын деп мұңын айтып отырған келіншекке үмітін үзбей, ата-бабамыздан келе жатқан осы ырымды жасап көруін ұсындым.
Ұзақтан іздеп әуре болмай, үйдегі баласының киімін үнемі теріс қаратып кигізіп жанына ертіп жүрсе бұл да сол ырымның орындалғаны емес пе?
Шынында да сол келіншектің құрсағына бала бітіп, сүйінші сұраған кезінде барып таң қалдым. Әйтпесе бұл туралы ұмытып та кеткен екенмін.
Кейін айы-күні жетіп, баласын аман-есен қолына алған кезде ұлан-асыр той жасап, қуанышын бөліскен еді.
Егер балалы болу бақыты алыстап бара жатса, осы ырымды жасап көріңіз, мүмкін сізге де пайдасы тиер. Әрбір әйел аналық бақытқа кенелуге лайықты.
Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
Жастар ЖАНАЗАға көп бармауы керек пе?