"Беташардың" палауынан дәм татқызбайтын себебі...
Беташар» дәстүрінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Аталмыш салттың айтары адам өміріндегі жаңару, өзге әлемге ену секілді түсінікке саяды. Ал «беташар» дәстүрінің негізгі мақсаты жаңадан түскен келіншекті туған-туыстарға таныстырып, ағайынның батасын алу.
Уақыт өткен сайын «Беташардың» мән-мағынасы өзгермегенімен, бұрынғыдай талаптар сақталмайтыны да рас. Беташар айтылмай келіннің табалдырық аттауына болмайды. Ал бұл талаптар қазір орындалып жүрген жоқ.
Одан кейін ең алғаш босаға аттағалы отырған жас келінді келген жеріне баса көктетіп әкелу қазақта - көргенсіздік саналған. Сондықтан оны ауылдан немесе түсетін үйінен тым қашық болмаса да біршама жер алыстау жерге түсіріп, жаяу әкеледі.
Бұл салтты көбінесе көрші мемлекетте тұратын қазақтар жақсы сақтап қалған. Үлкен ақ шашақты орамал салынып, төрт бұрышынан төрт келіншек кере ұстап орталарына келінді алады. Айналасында көптеген қыз-келіншек болады. Жас келіннің етене жақыны, тете бір қайнысы сүйінші алу үшін думандатқан топтан бұрын ауылға барады.
Солай келін түсіріліп, беташар айтылып, туған-туыспен таныстырылған соң, шаңыраққа енуі тиіс.
Ал беташарда көбіне оңтүстік өңірлерде тойдың асы ретінде палау пісіріледі. Нағыз бабында, жақсы пісірілген палаудың күріші бірікпейді («шашпа палау» деп жатады). Ал жаңадан үйленген жас жұбайларға осы беташар палауынан дәм татқызбайтын себебі, «күріш секілді басы бірікпейтін болмасын» деген ниетпен оларға басқа ас дайындатады. Мұны көбінесе көршілері дайындап алып келеді. Ол екі жас үшін берілетін садақа.
Ал беташардың палауынан жас жұбайларға дәм татқызбау себебін кейбіреулер былай түсіндіреді: «Оның етін жеген екі жастың өмірлеріне, денсаулықтарына зиян келеді. Әсіресе жас келіннің денсаулығына көбірек зиян келуі мүмкін жүйке ауруына шалдығады немесе бас ауруына ұшырайды» деп қаталдау айтатындар да бар.
Бұндай ырымды әр жерден ести бересің ғой, егер де жаңа түскен келін беташарда пісірген палаудан жесе, тек қыз туа береді деген сенім де бар екен.
Қандай сенім, қандай ырым болса да сол күні, бір рет қана беташар палауынан дәм татпай-ақ қойғаннан ештеңе өзгермес.
Сондықтан, халықтың ырым-тыйымының астарына да үңілген жөн болатын сияқты.
Нұр Әлем,
Тағы да оқыңыз:
"Саусақты сықырлатпа, таңдайыңды тақылдатпа" - НЕГЕ?
ТОҚЫМҚАҒАР дәстүрін қай кезде орындайды?