Әрине, мұның барлығын ұйымдастыру, қонаққа барған үйіне ілу апару ененің міндетіне кіреді.
Ілу салу - қазақтың ұлттық жол-жоралғысы. Бір нәрсені, затты сый ретінде беру, үйдің қабырғасына іліп қоюдан шыққан салт. Дәстүрлі қазақ қоғамында жаңадан отау тігілгенде, жаңа үйге келген туысқандар, құда жекжаттар өздерімен бірге басқа жосын-жоралғылармен бірге ілу әкелген.
Жаңа түскен келінді сол елдің туған-туысы, ағайыны мен көршілері үйлеріне шақырып, есік көрсету рәсімін жасап, қонақ ететін болған. Кей жерлерде «отқа шақыру» деп те аталып жүр. Бұл жас келіннің еліне сіңіп, күйеуінің жақындарымен танысу салты.
Үйіне шақырған адам да жаңа түскен жас келін келген елінің туыстарын, жақындарын тани жүрсін, үйімізге келіп жүрсін деген ниетпен шақырады.
Жас келінді үйіне қонаққа шақырып, дастарханын жайған адамға міндетті түрде ілу апару керек. Ілу дегеніміз- мата, көйлек-көншек немесе жағдайы жетіп жатса, кілемше, тағынатын бағалы әшекей бұйымдарды ала барады.
Әрине, мұның барлығын ұйымдастыратын, қонаққа барған үйіне ілу апару ененің міндетіне кіреді.
Жас келін қонақ болып барған үйіне сәлем беріп кіргеннен кейін апарған затын босағаға іліп кететін болған. Содан шыққан сөз болса керек «ілу» деген сөз.
Ал қазір де бұл ғұрып сақталған. Бірақ апарған затын босағаға «іліп» кетпей, үй иесінің қолына ұстатып, келінді таныстырып, «бұл қайнағаңның, абысыныңның үйі...» деген секілді бір жағынан үймен де таныстырып өтеді. Келін өзін еркін сезіну үшін жасалатын ғұрып.
Бір жағынан, беташар рәсімі өтіп, ағайын-туыс үйлеріне тарқаған соң, тек өз отбасы мүшелерімен бірге қалатын келіннің күйеуінің жақын-жуықтарымен, туыстарымен танысып үлгермейтіні бар. Сондықтан, өзге жерге келін болып келген соң, тезірек ағайынмен араласып кетсін деген ниеттен туындаған. Келін туыстарының үйінде болса да келген қонақтарына шай құйып, иіліп сәлем беріп, дастархандағы көп адамның шынысын ауыстырмай шай құяды.
Осы арқылы оның мұқияттылығы сыналады.
Бұл да жас келін білуге тиісті ежелгі салтының бірі. Келін түскен үйіне түрлі көйлек-көншектерді іліп қоятын болған. Оны көрші-қолаң, жақын туыстары келіп алып кетеді. Бұл салт қазақта туған-туыстың байланысын қоюлатуға қызмет еткен. Бірақ қазірде бұл салт біршама өзгергенімен, мағынасын жоғалтқан жоқ.
Жас келіннің өзімен бірге ала келген (немесе соңынан әпке-жеңгелері алып келетін) киім-кешегінен қайынсіңлілеріне бір-бірден үлестіреді.
Сондай-ақ, ілуді тек қана жаңа түскен келін ғана емес, қайынжұртына алғаш қонақ болып барған күйеу жігіт те ала барады.
Қазіргі күнде бұл салт сәл өзгеріп, құдалықта орындалып жүр. Алайда, қыз берген жақтың құдалыққа келгенде, құдаларына «ілу салуы» шарт емес. Кейде осындай білместіктен де екі жақтың сыйластығына салқындық түсіп жататыны да жасырын емес.
Ал күйеу жақ, келін алған құдалар міндетті түрде қыздың төркініне ілу апаруы тиіс. Ол көбінесе кілем болып келеді қазіргі уақытта.
Осындайда өзімнің келін болып босаға аттаған сәтімдегі оқиға ойыма орала кетеді. Келін болып келген жерімде ата-енем дәстүрге сай құдалық тойын жасап, менің ата-анамды, төркінімді құдалыққа шақырған. Содан кейін құдалықтың кәде жолы бар, киіттері, ана сүті, әке ақысы, барлығы да орындалды.
Құйрық-бауыр жеп, ұндай жұғымды болсын деп құдалар бір-біріне ұн жағып, қоржын ашып, тоғыз көрсетіп, мәре-сәре болған жап-жақсы той болып жатқан.
Мен өз үйімнен ұзатылып келгендіктен, ата-анам ол міндеттерінен құтылған болатын. Бірақ той тарқап, өзіміз ғана қалғанда енем менен «құдағидың маған әкелген ілуі қайда?» деп сұрады. Мен жас келін емеспін бе? Ондай салттың бар екенін де білмеймін, үлкендердің ісіне араласқан да жоқпын. Сондықтан, мен бұл туралы білмейтінімді айттым.
Енем болса біздің бөлмемізге кіріп, анамның маған арнап алған бірдей етіп алған үлкен екі кілемнің біреуін өзіне алып қалды. Өйткені, біз тұңғыш ұл мен үлкен келін болғандықтан, енші алатынымыз белгілі еді.
Үлкен кісі болғандықтан, енеме келген күннен-ақ қарсы шықпай-ақ қояйын деп үндемедім. Бірақ анамнан телефон шалып сұрадым.
Анам арнайы «ілу» деп кілем апармағанын, ақшалай бергенін айтқанда енемнің де бұл салтты дұрыс білмейтін шығар деген ойға келдім.
Ол да абысын-ажындарының айтқанынан солай деп ойлаған шығар, білмеймін. Алайда «ілу салу» деген салттың қай кезде орындалатынын біле жүрсеңіздер артықтық етпес деген ойдамын.
НҰР Әлем,
Тағы оқыңыз:
Көршімен АҒАЙЫНДАЙ араласқыңыз келсе, "КӨЖЕ" дәстүрін орындаңыз