Батамен ел көгереді...
«Дін мен дәстүр» кітабында жыртыс дәстүрі туралы қысқаша былай дейді: «Жыртыс» дегенде алдымен жаназа кезінде таратылатын шүберектер мен бет орамал ойға келеді. Дегенмен кейбір деректерде қазақ салтында екі түрлi жағдайда жыртыс жыртады. Бiрi, келiн түсiрiп, қоржын сөккенде (қоржын саларда). Екіншісі, үлкен жастағы адамдар қайтыс болғанда. Сондай-ақ, жыртыс - қуаныш кезінде де үлестірілетін кәде. Қазақ дәстүрінде қуаныш сәтіндегі әйелдер арасында үлестірілетін және солар атқаратын ежелгі ғұрыптардың бірі. Негізінен, келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол «сандық ашар» жоралғысы кезінде алынып, сол тойға қатысқан әйелдердің бәріне жыртылып таратылады. Қолға тиген жыртыс - сыйлы кәде болып есептеледі. Сонымен қатар қазақ халқының өлік жөнелту ғұрпында үлестірілетін, көлемі бет орамалдай мата бөлігі немесе қиықша - шыттан жасалып шетін шілтерлеген шағын ақ орамалшаны да жыртыс ретінде таратылатын болған. Жыртыс алған адам бетін сүртіп, марқұмға Алладан рақым тілеп, дұға етеді. Қайтыс болған кісі ұзақ өмір сүрген, үбірлі-шүбірлі болса, жұрт жыртысты оның жасын берсін деген ниетпен алады. Жыртыс марқұмның тіріде дос-жарандарына, көрші-қолаңдарына артық-ауыс кеткен алыс-берісінің өтеуі, қиямет күнінде қарыз болмас үшін өтем ретінде берілген.
Қазақта «жұғысты болсын», «жұғымды болсын», «тие берсін» деген ұғымдар бар. Бұл жақсылық пен жамандықтың жұғымы бар деген түсініктен туған. Қазақ «жақсының киесі, жаманның кесірі бар» деп сенген. Екі жағдайда да жыртысты адамдар жақсылықтың нышаны ретінде қабылдаған. Тек жастар үйленгенде жыртылатын матаның саны жұп болған. Өйткені бұл «жастардың жұбы айырылмасын» деген мағынада жасалды. Ал қайтыс болғанда таратылатын жыртыс матасының саны тақ болады. Бұл «өлім көбеймесін» деген ойдан туған. Таратылған жыртысты адамдар ешқашан лақтырып тастамаған. Бұл «жақсылықтың үлесі» деп сенетін ата-бабамыз жыртыстан балаға киім тіккен.
Сондай-ақ, жаңа түскен келін көп уақыт бойы бала көтере алмай қамығып жүрсе, ауылдың алтын құрсақ, абыз аналары үндеу тастайтын болған. Яғни, жыртыс матасынан ырымдап балаға зар болып жүрген келіншектерге көрпе тігіп берген. Мұны көпті көрген, үбірлі-шүбірлі, ұрпақ тәрбиелеген дана аналарымыз қырық үйден қырық жыртысы жинатып алғызады да, барлығы жиналып, ниеттеніп, сол баласыз үйдің дастарханына келіп, қырық түрлі жыртыстан ерлі-зайыптыларға арнап құрақ көрпе тігеді. Бұл көбейсін деген ырым.
фото: stud.baribar.kzӨйткені, елдің батасынан, ақ жаулықты ананың тілегінен асқан тілек жоқ. «Балалы бол, көбей, біздің жолымызды беріп, үбірлі-шүбірлі бол!» деп батасын берген аналардың тілегі қабыл болып, содан балалы болып жататын жағдайлар жиі кездеседі.
Расында да осы ырымнан соң, сол шаңырақ баланың былдырына толып, шаттыққа бөленеді. Өсіп-өніп көбейеді.
Қыз баланың жасауына құрақ көрпені қосудағы негізгі тілек тек дүниесі құралсын деп емес, балалары көп болсын деген ниетпен беріледі екен.
Жыртыс дәстүрінде осындай терең сыр бар. Қазақтың көне ырымын, қазір де жалғасып келе жатқан осындай дәстүрінен өзіңізге қажетін ала біліңіз.
Өйткені, сенімнің күші қашанда жеңіп шығатыны дәлелденген.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: