Бүйрек жұмысында ақаулар пайда болса да адамның бет-жүзі ісіне бастайды екен
Бетті арықтатудың тәсілдері көп. Бірақ беттің дөңгелене бастауы салмақтың артуына байланысты екенін де ұмытпайық. Егер қандай да бір диета барысында дене сымбатыңыз айтарлықтай өзгеріп, тартымды бола түссеңіз, яғни бет-жүзіңіздің де өзгергенін байқайсыз. Алайда кей жағдайларда бұлай болмауы да мүмкін. Өйткені беттің томпақ болуы адамның қанына, гормондық түзілістеріне де байланысты болады екен.
Ендеше беттің семіруіне не әсер ететінін білуге тырысып көрейік.
Өзіңіз бағамдап көріңіз, бетіңіздің семіруі дене-бітіміңіздің толысуынан емес пе? Егер тек бетіңіз ғана емес, бүкіл денеңізде артық салмақ байқала бастаса, онда бұның басты себебі де осы екенін түсіне беріңіз. Ал, олай болмаған жағдайда төмендегі нәрселер себеп болуы ғажап емес.
Гормондық бұзылыстар
Көптеген гормондық бұзылыстар мен оның көбеюі адамның семіріп кетуіне әсер етеді екен. Әсіресе акромегалияға ұшыраған адамдарда денесінің бір бөлігі ғана семіре бастайтын көрінеді. Акромегалия – бұл гормонның артуымен түсіндіріледі, мұндай жағдайда адамның беті, құлағы, жағы мен ерні томпая бастайды дейді мамандар. Сондықтан да бетім семіріп кетті деп ойланбай жүре беруге болмайды. Оның себебін анықтап, соған сай әрекет жасағаныңыз дұрыс.
Қалқанша без ауруы
Қалқанша безінің қызметі бұзылғанда бетті ісік шалғандай болып, көздің айналасы күлдіреп, жақ та ісінеді. Егер қалқанша безінің жұмысы ауырласа онда адам керісінше арықтап, шекесі ісіп, беті де солғын тартып тұрады.
Бүйрек жұмысының бұзылуы
Бүйрек жұмысында ақаулар пайда болса да адамның бет-жүзі ісіне бастайды екен. Сондай-ақ, көз айналасында да ісіктер пайда болып, әдемі кейпіңізден айырыла бастайсыз. Егер бүйректе қандай да бір проблемалар барын анықтасаңыз, бірінші кезекте емделуді қолға алыңыз.
Жүрек-қан тамыр аурулары да беттің ісінуіне себеп бола алады дейді дәрігерлер. Сонымен бірге қан қысымының көтерілуі, ентігу, жүрек соғысының бұзылысы да беттің ісінуіне әсер етеді.
Беттің ісінуі мен екінші иектің пайда болуы бұл ағзада қандай да бір ақаудың бар екенін білдіреді екен. Ал, бұған себеп болатын нәрсе – салмақтың артуы. Себебі адам семірген сайын ішкі ағзаларды да май басып, зат алмасу жұмысы бұзылады. Осыдан кейін арықтау да оңайға түспейді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей бет пен иектің томпақтана түсуі ең алдымен семіздіктен болуы ғажап емес. Сондықтан да артық салмақтан арылуға тырысыңыз. Ал, олай болмаған жағдайда жергілікті дәрігердің кеңесіне жүгініп, қажетті анализ талдамаларын тапсырып, денсаулығыңызға көңіл бөліп көріңіз. Сонда бәлкім бетіңіздің көлемі кішірейіп, бұрынғыдай тартымды бола түсерсіз.
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: