ДИЕТАНЫ соңына жеткізбейтін ЖАҒДАЙЛАР

0
2 258

Диетаның үзілуі - емдәм кезінде артық тамақтанып қою немесе жеуге болмайтын тағамды жеп қою. Сіздің басыңыздан да мұндай жағдай өткен болар?!


ДИЕТАНЫ соңына жеткізбейтін ЖАҒДАЙЛАР

Диетологтардың айтуынша «срыв» көбіне тез арықтаймын деп қатал диеталарды ұстағанда, тек бір ғана мәзірмен тамақтанғанда болады дейді. Тіпті, кейбір ағзаны тазартатын диеталарда тек сумен шектелуге тура келеді. Осындай жағдайлар диетаның басталмай жатып үзілуіне әкеп соқтырады. Сол себепті де фигураңызға көңіліңіз толмаса қатал диетадан бастамаңыз. Ең оңай әрі тиімді диета түрін тауып, сол бойнша ас мәзірін дайындаған дұрыс.


Егер сіз тек жұмыртқа, алма, айран немесе тек қарақұмықпен диетаға отырып, ашыға жүріп, арықтауды қолға алсаңыз, бұл дұрыс әрекет деп айта алмаймыз. Дәл осындай ас мәзірімен денсаулығыңыз бұзылып, асқазан ауырып, екі аптадан кейін ашыққан ағза шыдай алмай диетаның үзілуіне апарып соқтырады. Осылай қайталана беретін болса, сіз артық салмақтан арылудың орнына, салмағыңызға салмақ қосып аласыз. Өйткені 2 күн диетада жүріп, үшінші күні майлы, қуырылған тағамдарды шектемей жегеннен кейін бұрынғыдан да көп салмақ жинап алуыңыз мүмкін дейді мамандар. Себебі, ағзада “калория тапшылығы” басталады. Ағза өзіне керекті құнарлы затты ала алмаған соң, миыңызға кері әсер етіп, кейін орнын толықтыруды талап еткен ағза ас алдында өзін ұстай алмайды. «Срыв» дегеніміз осы!

Диетаның үзілуіне кейбір тағамдардан мүлде бас тарту себеп болады. Мысалы, диета бастаған адам, өзінің жақсы көретін тәтті күлшесін немесе қазіргідей жаз мезгілінде балмұздақ жеуден 1 ай бойы өзін тыяды. Дегенмен 1 айдан кейін ол бәрібір сол тағамды жейді. Оның ағзасы соны қалайды. «Срывтың» басы осылай басталады. Сіз бір ғана балмұздақ жеумен шектелмейсіз. Одан әрі қарай араныңыз ашылып, 1 ай бойы жей алмағаныңыз бәрін жейсіз.

Кей жағдайларда «срыв» нәтиженің жоқтығынан да болады екен. Бар күш-қуатыңызды жинап дұрыс тамақтанып, физикалық белсенділікті арттырып жүрсіз. Алайда нәтиже «нөл». 1 келі де салмақ тастамайсыз. Осының әсерінен адам диетаны үзуіне тура келеді. Ол еріксіз солай жасайды. Егер сіздің ағзаңызда да осындай жағдай болып жатса, эндокринолог немесе диетолог-дәрігерлерден кеңес алғаныңыз дұрыс.


Диетаның үзілуіне жол бермес үшін не істеу керек?


  • Біртіндеп арықтауды бастаңыз. Өзіңіз діттеген, өзіңіз қалаған салмаққа қол жеткізу үшін 6-10 ай бойы тер төгуге тура келеді.
  • Дұрыс тамақтану мен спортты қатар алып жүрген адам алғашқы 1-2 айда жақсы нәтижелер көрсете бастайды. Сондықтан қаншалықты тез арықтайтыныңызға бас қатырмай керекті нәрсені жасай беріңіз, өзіңізді жақсы көріңіз, нәтиже байқалады.
  • Ғажайыпқа сенбеңіз, табиғат заңдылығында тез болатын нәрсе жоқ, бәріне уақыт пен еңбек керек, әр нәрсе өз уақытында болады.
  • Күнделікті тамақтану құнарлылығын 500-600 ккал азайтыңыз. Егер бұрын 2500 ккал бойынша тамақтанатын болсаңыз, енді сізге 2000 немесе 1800 ккал ғана тамақ жеу керек.
  • Арықтау үшін жиі-жиі тамақтану керек. Мысалы, күніне 3-5 рет тамақтанған жөн.
  • Диета кезінде ұсынылатын және ұсынылмайтын тағамдар деген тізімді алып тастаңыз. Ең дұрысы өзіңіз қалаған тағамды жей жүріп арықтау. Көбіне пайдалы жеміс-жидектер мен көкөністерді жеуге тырысыңыз. Сондай-ақ, құс еттері, майсыз балық еті, теңіз өнімдерін ас мәзіріне қосыңыз. Таңғы асқа міндетті түрде жасұныққа, басқа да пайдалы дәрумендер мен минералды заттарға бай сұлы, қарақұмық, арпа, күріш т.б. ботқаларды дайындаңыз.
  • Ал салмақ жоғалтуға еш септігі тимейтін – кондитерлік өнімдер, тәтті сусындар, нан-макарон, ақ күріш, майлы ет, шұжық, майонез, жартылай дайын тағамдарды өте аз мөлшерде тұтынуға кеңес береміз.
  • Тамақтану мәзіріңізге енген мұндай азын-аулақ өзгерісті позитивпен қабылдаңыз. Күн сайын түрлі тағамдар дайындап, өз көңіліңізді өзіңіз көтеріңіз. Арықтау қолыңыздан келеді!

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Құлпынай диетасымен 4 күнде 4 келі салмақ тастайсыз


МАЙ БАСУДЫҢ І-ші дәрежесіне ШАЛДЫҚҚАНДА не істеу керек?