​Диетаны дұрыс ұстап жүрмін деп ойлайсыз ба?

0
7 216

Емдәмді дұрыс ұстамаған жағдайда еш пайдасы болмайды. Сондықтан да диета кезінде кететін қателіктерді тізбектемекпіз. Өзіңіздің қандай қателік жіберіп жүргеніңізді біліп алыңыз!


​Диетаны дұрыс ұстап жүрмін деп ойлайсыз ба?

фото: diet-log.ru

Диетаны дұрыс ұстау маңызды. Сонда ғана ол денсаулыққа өте пайдалы болмақ. Кез келген диета ағзаны тазартып қана қоймай бауыр, асқазан жұмыстарын жеңілдетіп, жұмысын жақсарта түседі. Ал, емдәмді дұрыс ұстамаған жағдайда еш пайдасы болмайды. Сондықтан да диета кезінде кететін қателіктерді тізбектемекпіз. Өзіңіздің қандай қателік жіберіп жүргеніңізді біліп алыңыз!

№1 қателік: Түскі ас ішпеу

Осылайша тез арада салмақ тастаймын деп ойлайсыз ба? Егер осылай ойлайтын болсаңыз өте қатты қателесесіз. Түскі асты ішпеу арқылы сіз жағдайды қиындатып, ағзаңызды әлсіретесіз. Сондықтан түскі немесе кешкі асты ішпей қою дұрыс емес. Бұлайша тамақтану арқылы сіз арықтаудың орнына артық салмақ қосып алуыңыз ғажап емес. Сонымен қатар, ішкі ағзалар жұмысы да бұзылатынын ұмытпаңыз. Дұрысы күніне 4-5 рет, аз-аздан тамақтану керек.

№2 қателік: Көмірсулардан бас тарту

Қазіргі уақытта көп адамдар көмірсуы мол тағамдарды тұтынсаң, денеңе май жиналады деп түсінеді. Мұндай диеталар да баршылық. Алайда көмірсулардың миға пайдалы екенін ұмытпауымыз керек. Көмірсулар ағзаға күн сайын қажетті зат, әсіресе диета кезінде. Ағзалардың қалыпты жұмыс істеуіне әсер ететін көмірсулар мен жасұныққа бай тағамдарды өз рационыңыздан алыстатпаңыз.

№3 қателік: Ашығу

Кейбір жандар диета ұстағанның жөні осы екен деп, астан мүлде бас тартып жатады. Бұл да дұрыс емес. Ашыққан кезде адам өте сезімтал әрі ашуланшақ болып кетеді. Ұйқысы қашып, мазасыз күйге түсері анық. Тағамнан үзілді-кесілді бас тарту жүрек ұстамасына алып келуі мүмкін. Сондықтан да диетаны дұрыс ұстауды біліп алған жөн. Ал, аптасына бір күнді ашығуға арнасаңыз, бұдан ағза зардап шекпейді.

№4 қателік: Күні бойы жаттығу залынан шықпау

Бір күн бойы жаттығулармен айналысып, тез арада салмақ тастау қате түсінік. Тәулігіне 1 немесе 45 минут жаттықсаңыз жетіп жатыр. Осы уақыт аралығында сіз шын мәнісінде артық калорияны жоғалтып үлгересіз. Ал, керісінше күні бойы жаттығу залынан шықпайтын болсаңыз, ағзаны әлсіретіп, келесі күні әлжуаздың күйін кешіп, ештеңеге зауқыңыз соқпай қалады.

№5 қателік: Диетамен шектелу

Диета ұстанып қана белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиын. Кез келген диета басқа тәсілдермен біріккен кезде ғана жүзеге асады. Ол үшін жаяу жүріп, йогамен айналысқан дұрыс. Зиянды әрекеттерден аулақ болыңыз.

№6 қателік: Тым жоғары талап

Диета ұстану арқылы көп салмақ тастаймын деп өзіңізге ауыр алып қоймаңыз. Әсіресе «бір айда 25 келіге дейін салмақ тастадым» деген секілді жарнамаларға көңіл аудармаңыз. Арықтау соншалықты оңай шаруа емес. Сіздің салмақ жоғалтуыңызға бір жылдай уақыт кетіп жатса да таңқалмаңыз. Себебі сіз сонша артық майды бір айда ғана жинап алған жоқсыз ғой. Арықтау да дәл сондай. Бір айда немесе екі айда 25 келіден арылу мүмкін емес жағдай.

№7 қателік: Күн сайын таразыға тартылу

Егер сіз таңертең ұйқыдан тұрған бойда таразыға жүгіретін болсаңыз, алға қойған мақсатыңызға жете алмауыңыз мүмкін. Диета ұстаған уақытта ағза стрестік жағдайда болады. Ал, оған күн сайынғы таразыға тартылуды қосатын болсаңыз, үлкен қателікке бой алдырасыз. Жалпы айына екі рет қана таразыға тартылу ұсынылады.

фото: vse-dlya-zhenschin.ru

Осындай қателіктерді жіберіп алып жүрсеңіз, тез арада түзелуге кеңес береміз. Нәтижесінде мүсініңіз сымдай тартылары сөзсіз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ