​Геморрой да жаттығумен емделеді

0
3 856

Өзіңді өзің емде!


​Геморрой да жаттығумен емделеді

фото: avatars.dzeninfra.ru

Халық арасында «Аурудың ең жаманы – геморрой, не оны өзің көре алмайсың, не өзгеге «мына жерім ауырып жатыр» деп көрсете де алмайсың» деген әзіл-шыны аралас сөз бар.

Расында да, тіпті бұл аурудың атын атауға да ұяласың. Сондықтан болар, ауруы асқынып жаны қиналғанша дәрігерге бармайтын адам көп. Ал асқынған геморройды емдеудің бір ғана жолы – операция.

Дегенмен, геморройды да бастапқы сатыларында дәрісіз, дәрігерсіз емдеуге болады. Әрине жаттығулар көмегімен өзіңізді өзіңіз емдей аласыз.

Біз бұл орайда Цзен Циннань мен Лю Даоцинның «Қытай медицинасының терапевтік жаттығулары» атты кітабынан екі жаттығуды ұсынамыз.



1-жаттығу

Бірінші жаттығу «Жиыру, қысу» деп аталады. Жалпы геморройдың пайда болуының бір себебі – тамырлар арқылы қанның кері ағуының қиындауы. Ал қанның кері ағымы көбінесе бұлшықеттердің тым бос болуымен байланысты.

Бір орында отырып жұмыс істейтін, қимыл-қозғалысы аз, қарынға май жинаған адамдардың белден төмен орналасқан бұлшықеттері уақыт өте келе босайды. Соның салдарынан тік ішектің төменгі бөлігінде қанның тоқырауы, тамырлардың ісінуі орын алады. Демек, бұлшықетті шынықтыру арқылы бір орында тоқырап қалған қанды қозғалтуға, қозғалысын жылдамдатуға болады. Бұл ауруды емдеуге жәрдемдеседі.

Сонымен мынадай жаттығуды орындаңыз. Жаттығу техникасын қысқаша сипаттасақ: «Тыныс алу, тарту, қысу, тынысты тоқтату». Осының бәрі бір уақытта орындалуы қажет.

  • Өзіңізге ыңғайлы қалыпты таңдаңыз: отыру, тұру немесе шалқадан жату.
  • Бүкіл денеңізді босаңсытып, сандарыңызды бір-біріне барынша жақындатып ұстаңыз.
  • Терең тыныс ала отырып, осы сәтте жыныс бұлшықетін жоғары көтеріңіз, яғни жиырыңыз. Ауаны өкпеден шығармай қанша уақыт кідіре аласыз? Сонша уақыт жыныс бұлшықетін мейлінше жиырып ұстап тұрыңыз.
  • Сосын ауаны сыртқа шығара отырып бүкіл денені босаңсытыңыз. Бір қалыпты тыныс алыңыз.

Жаттығуды кез келген жерде, өзіңізге қолайлы уақытта, күніне екі рет орындаңыз. Жаттығуды күнде (екі рет), арасын үзбей орындағанда нәтиже болады.



2-жаттығу

Екінші жаттығу «Табандарды түйістіру» деп аталады. Бұл цигун жаттығуын орындау үшін:

  • Жамбасты төсенішке «төсеп» суреттегідей отырыңыз.
  • Арқаны түзу ұстаңыз.
  • Тізелерді керіп, аяқ табандарын бір-біріне тигізіңіз (1-сурет)
  • Қолдарыңызбен табандарды ұстап, өзіңізге қарай тартыңыз.
  • Екі қолды тізеге қойыңыз. Табандарды ажыратпай, тізені жоғары көтеріңіз (2-сурет)
  • Денені босаңсытып, тізені төмен бос жіберіңіз. Алғашқы қалыпқа оралып, жаттығуды 24 рет қайталаңыз.
  • Осы қалыпта отырып, табандарды ұстаңыз. Ал денеңізді сағат тілі бағытымен 24 рет айналдырыңыз (3-сурет). Кейін сағат тіліне қарама-қарсы бағытта денені айналдыруды қайталаңыз (4-сурет)


Есте ұстаңыз:

  1. Ащы тағамнан бас тартыңыз.
  2. Геморройға кері әсер ететін іш қатуды болдырмауға тырысыңыз.
  3. Күнде ұйықтар алдында жылы сумен дәрет алыңыз.
  4. Қан айналымды жақсарту мақсатында тік ішек айналасындағы бұлшықетті саусақ ұшымен жеңіл массаждаңыз.
  5. Егер тік ішек төмен түскен (сыртқа) болса, жаттығуды орындауға болмайды.

Дереккөз: econet.ru

Тағы да оқыңыз:

ЖҮРЕК АЙНЫҒАНДА осы жаттығуды жасасаңыз САП ТЫЙЫЛАДЫ

Ақ шашты қарайтатын 2 жаттығу