​МАДОННА, ДЖЕЙ ЛО, ШАКИРА: әлемдік жұлдыздар ЗУМБА БИЛЕУГЕ неге құмар

0
1 343

Олардың мінсіз мүсінінің құпиясы осында.


​МАДОННА, ДЖЕЙ ЛО, ШАКИРА: әлемдік жұлдыздар ЗУМБА БИЛЕУГЕ неге құмар

Артық салмағы барлар және одан арылудың жолына түскендер депрессияға жиі ұшырап жатады. Себебі, бұл күрес жолында үйреншікті өмір салтын бұзуға, жайлы өмір зонасынан шығып, жайсыз зонаға кіруге тура келеді. Тәбетің тартып тұрған асты жемей, мәзір бойынша тамақтану, қалағаныңша ұйықтамай, режиммен жүріп-тұру, шаршап-шалдыққаныңа қарамастан терлеп-тепшіп жаттығу жасау... Бір қарағанда осының бәрі өз-өзін азаптау секілді көрінеді.

Иә, расында да сіз өз-өзіңізді азаптайсыз, егер осы әрекеттерді ынта-ықылассыз, нашар көңіл-күймен жасасаңыз. Ақыр соңында депрессияға түсіп, бір-ақ күнде бәрін тастап, бұрынғы өмір салтыңызға қайта ораласыз. Алдыңғыдан да көп артық салмақ жинап аласыз.

Осының бәрінің алдын алуға болады. Ол үшін көңілді жүріп, артық салмақтан арылу жолындағы амалдарыңызды ықыласпен орындасаңыз болғаны. Бұл мақсатта зумба биі өте жақсы көмекші бола алады.

Зумба – би фитнесінің ең жас бағыттарының біріне жатады. Бұл бағыт өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында кездейсоқ пайда болды. Альберто Перес есімді фитнес-жаттықтырушы және биші жаттығу кезінде қойылуға тиіс әуеннің кассетасын үйінде ұмыт қалдырады. Тығырықтан шығу үшін аэробика сабағының орнына меренге және сальса билерін үйретуді шешті. Жаңа жаттығу фитнес әуесқойларына, ал нәтие жаттықтырушының өзіне ұнады. Сондықтан Альберто Перес көп ұзамай «Зумба» деген атаумен фитнестің би түріндегі жаңа бағытын жасау идеясын ұсынды.

Би фитнесінің көпшілікке ұнағаны сонша, бүгінде онымен әлемде 200 миллионнан астам адам айналысады. Мадонна, Дженнифер Лопес, Дженнифер Энистон, Натали Портман, Эмма Уотсон, Виктория Бекхэм сынды әлем жұлдыздары қызығушылық танытып, күнтізбесіне тұрақты фитнес түрі етіп бекіткен. Әлемдік әнші Шакира тіпті жүкті кезінде де зумбамен белсенді айналысуды үзбеген екен. Мишель Обама да зумба жаттығуларын жасайтынын айтып, бөліскен.

Латын американдық музыкамен орындалатын фитнес-жаттығу калорияны көбірек жағудың ең тиімді жолдарының бірегейі. Сабақ барысында қарапайым қимылдар үйренеді, олар кейіннен тән мен жанның биіне айналады. Зумба биі арқылы сағатына шамамен 500-800 калориядан арылуға болады. Жаттығудың қарқындылығына және адамның салмағына байланысты бұл көрсеткіш кішігірім өзгеруі мүмкін, әрине. Зумбаны жүгірумен салыстыратын болсақ, бір сағаттық Зумба сеансын бір жарым сағат жүгірумен немесе екі сағаттық атпен жүрумен теңестіруге болады.


Зумбаның негізгі артықшылықтары:

  • бұлшықет тонусының жоғарылауы;
  • сымбаттылықтың пайда болуы;
  • дұрыс жүру қалпын қалыптастыру;
  • артық майларды «жағу»;
  • көп калорияны тұтыну;
  • жүрек-қантамыр жүйесін нығайту;
  • жүрек пен өкпе жұмысын жақсарту;
  • омыртқа жүйесін нығайтып, арқаны түзеу;
  • қозғалыс кординациясын жақсарту;
  • шаршау, енжарлықтан арылу;
  • көңіл-күйді көтеріп, стресске төзімділікті қалыптастыру;
  • жалпы ағза төзімділігін арттыру;
  • иммунитетті көтеру;
  • артық салмақтан арылу;
  • өзіңе деген сенімділіктің қалыптасуы.

Зумба би жаттығуы кезінде оңды-солды емін-еркін қозғалудың арқасында көңіл-күй айтарлықтай көтеріледі. Ең қызығы, бұлшықеттік есте сақтау қабілеті жақсарады.


Осындай артықшылықтармен қатар, Зумбаның бірнеше кемшіліктері де бар:

  • хореографияның күрделілігі, ол көптеген би қимылдары мен олардың байланыстарын есте сақтауға байланысты;
  • бұлшықет массасының баяу өсуі, өйткені бүкіл жүктеме ең алдымен өз салмағыңызбен орындалады;
  • сондай-ақ, кейбір белсенді қозғалыстар әлсіреген буындарда қабынуды тудыруы мүмкін.

Осы сынды жағдайларды есепке ала келе, Зумба биімен айналысуға болмайтын топтар да ашық жіктеледі. Олар:

  • Шектен тыс семіздік
  • Тамырлардың варикозды кеңеюі
  • Жүктілік
  • Инфекциялық аурулар
  • Тірек-қимыл жүйесінің ақауы
  • Жүйке жүйесінің бұзылысы
  • Жүрек-қантамыр жүйесі бойынша қандай да бір дертті болу
  • Жақын арада жарақат алу немесе ота жасату
  • Бас сүйегі аурулары
  • Гипертония
  • Тахикардия


Зумба бағыттары

Зумба-степ – степ-аэробиканың қимыл-қозғалыстарын қолдана отырып жасалатын би-жаттығулар кешені. Зумбаның бұұл түрінде секіру, әрлі-берлі қадам жасау қимылдары өте көп. Басты салмақ дененің төменгі бөлігіне – аяққа түседі.

Зумба-сентао – арқалы орындық көмегімен жасалатын би қимылдары. Орындық арқалығы тірек ретінде қызмет атқарады. Жаттығулардың кейбірі орындықта отырып жасалса енді біреулері арқалығынан ұстап жүріп айнала жасалады.

Зумба-тонинг – күш элементтері бар би қимылдары. Жаттығу кезінде салмағы шамамен бір келі шығатын маракас гантельдері пайдаланылады. Марака құрылғысы ырғақты сақтауға көмектеседі. Ол табылмаған жағдайда әдеттегі гантельдерді қолдануға да болады.

Аквазумба – су астында жасалатын түрі. Әсіресе, тірек-қимыл жүйесінде кінәрат бар адамдар үшін өте қолайлы. Су денеге тірек болып тұрады және буындарға түсетін күшті азайтады.


Жаңадан бастаушыларға кеңес

Зумба биін арнайы студияға барып, жаттықтырушымен үйренген жақсы. Алайда, оған мүмкіндік болмаса үйде-ақ ғаламтордан қарап жасай аласыз. Бастапқыда қол мен аяқ қимылдарын қатар жасап үйрену қиынға соқса, алдымен бар назарды аяққа салыңыз. Нұсқаушының денесінің төменгі бөлігі қалай қозғалады – соны қадағалаңыз және қайталаңыз. Аяқ элементтерін меңгергеннен кейін барып қол мен иық қозғалыстарын қоса аласыз. Ритмді жақсы ұстауға музыкаға сәйкес санау жақсы көмектеседі. Топтық биге ілесе алмай жатсаңыз, бастапқыда өз жылдамдығыңызбен билей беріңіз. Бірте-бірте қосылып кетесіз.

Егер бірінші, екінші немесе тіпті бесінші жаттығуда да үйрене алмай жатсаңыз, көңіліңізді түсірмеңіз. Сәтсіздіктерге назар аудармаңыз, жай ғана қозғалыңыз және одан ләззат алыңыз. Ерте ме, кеш пе, міндетті түрде жетістікке жетесіз. Бастысы, өз көңіл-к.үйіңізді түсірмеу, көтеріңкі ұстау екенін есіңізден шығармаңыз.

Зумба фитнестің ең тиімді түрлерін біріктіреді: би және аэробика. Онымен айналысудағы ең жиі кездесетін мақсаттардың бірі – артық салмақтан арылу. Бір сағаттық жаттығу кезінде шамамен 500-800 ккал жұмсалады. Аэробты жаттығулар денені оттегінің көп мөлшерімен қанықтырады, бұл майдың жағылуына ықпал етеді.

Зумба спорттық би болғандықтан, онымен айналысу кезінде ыңғайлы және жеңіл аяқ киім – кроссовка кию маңызды. Киім таңдағанда қозғалысты шектемейтін бос және ыңғайлысын таңдау керек.

Ауыр жаттығуларсыз арықтағысы және үнемі көңілді жүргісі келетіндер үшін Зумба тамаша нұсқа болады. «Зумба» атауының өзі мексика тілінен аударғанда «көңілді болу» дегенді білдіреді. Ал испан тілінен «шу» немесе «көңіл көтеру» деп аударылады.

Онымен кез келген жастағы және жыныстағы адамдар айналыса алады. Әсіресе, әйелдер мен қыздар үшін бұл әйелдік пен нәзіктікті дамытудың тамаша тәсілі.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Сағаттап тыңдаудан жалықпайтын ӘДЕМІ ДАУЫС иесі болу – ОП-ОҢАЙ