Үнемі орындасаңыз, жадыңыз жақсарады, назарыңыз өткір, ойларыңыз жинақы болады.
Бұрын адамның жасы келген сайын ұмытшақ бола бастайды деуші еді үлкендер. Жас балаларға «Сендердің миларың қазір есепшот сияқты, сайрап тұрады. Қазіргі оқып-жаттағандарың өмір бойы естеріңде қалады» дейтін әңгімені сіз де естіген боларсыз?
Ал қазіргі ұмытшақтық жас талғамайды. Үлкендерді былай қойғанда, кішкентай балалардың өзінің жады нашар, зейіні шашыраңқы. Жаттау жаттап, оқығанын баяндап беруден қиналады. Пәтер, телефон, т.б. нөмірлерін есте сақтап қалу тіптен қиын. Кейде айтқың келгенді жеткізе алмай, тіл ұшында тұрған сөзді суырып ала алмай әлекке түсетініміз бар. Айтқан сөзімізді, берген уәдемізді ұмытып, оған ұялып қаламыз. Осындай жағдайлар сізде де бола ма? Иә десеңіз, мына жаттығуларды міндетті түрде назарға алыңыз.
Ұмытшақтықтан арылтып, жадты жақсартуға арналған жаттығулар кешені нейробика деп аталады. Ол физикалық жай-күйіне қарамастан барлық жастағы адамдарға қолжетімді. Әрі нейробикамен кез келген уақытта және кез келген жерде айналысуға болады. Сол себепті ең қарапайым жаттығулар саналғанмен, тиімділігі өте жоғары.
- Сізге қағаз бен қалам қажет. 1-ден 20-ға дейінгі сандарды жазып шығыңыз. Жазу барысында 20-дан 1-ге дейінгі санарды кері ретімен дауыстап айтып отырыңыз. Жазу мен айтуда екі түрлі сан болатындықтан, миға шатыспау үшін тиянақты болуға тапсырма беріледі.
- Екінші қағаз және тағы бір қалам алыңыз. Екі қолға екі қалам ұстаңыз. Алдымен екеуімен бірдей түрлі пішіндер сызыңыз. Сәлден соң жаттығуды қиындатып, екі қолдың әрқайсына әртүрлі тапсырма беріңіз. Мысалы, бір уақытта оң қолмен шеңбер, сол қолмен – төртбұрыш.
- 6-7 сіріңке талын үстелге қалай болса солай тастаңыз. 2-3 секунд ішінде олардың орналасуын есте сақтаңыз да, көзіңізді жұмып, таяқшалардың қалай жатқанын елестетіңіз. Әр жолы бірнеше сіріңке талын қосып отырыңыз.
- Келесі жаттығуды жасау үшін екінші адамның көмегі қажет. Сіз көзіңізді жұмып отырасыз. Ол алдыңызға бір-бірден түрлі заттарды қойып отырады. Қолмен сипалап сезу арқылы қандай зат екенін, табу қажет. Бұл жаттығу есте сақтауды жақсартып қана қоймай, басқа да сезім мүшелеріңізді белсенді етеді.
- Сөздерді кері қарай айтып көріңіз. Мысалы, піл – ліп, түйе – ейүт, сынау – уынас, жамылу – улымаж, т.с.с. Керісінше нұсқасын неғұрлым жылдам айтып үйренсеңіз, соғұрлым жақсы.
- Түрліше санақ жүргізіңіз. Мәселен, 100-ге дейінгі сандардың ішінен 5-ке бөлінетіндерін тізбектеңіз. Одан кейін тек тақ сандарды айтып шығыңыз. Сосын жетіге бөлінетін сандарды жіктеңіз. Осылайша өзіңізге түрлі тапсырмалар ойлап тауып, сандармен ойнауға болады.
- Барлық айларды, жыл мезгілдерін және аптаның күндерін кері ретпен атап шығыңыз.
- Кез келген әріпті таңдап, сол әріптен басталатын кем дегенде 20 сөзді айтыңыз.
Егер осы жаттығуларды үнемі орындасаңыз, жадыңыз жақсарады, назарыңыз өткір , ал ойларыңыз жинақы болады.
Дайындаған: А. Бектұрғанова,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: