Тренермен жаттығудың 3 ПАЙДАСЫ

0
3 158

Сіз қандай спортпен айналысып жүрсіз?


Тренермен жаттығудың 3 ПАЙДАСЫ

фото: 101hairtips.com

Үш аптадан соң көктемнің алғашқы айы. Қалың киімдерді тастайтын уақыт жақындаған сайын адамды сымбаты ойландыра бастайды. Айнаға қарап, «5-6 кг салмақ тастау керек еді», «Салбыраған бұлшықеттерді шынықтыру қажет», «Формаға келмесем болмайды, неден бастаймын?» деп сіз де ойланып жүрсіз бе?

Спортпен шұғылдануды қолға алғысы келетін кез келген жан бұдан өзге «фитнес зал немесе үй?» деген сұраққа тірелетіні де бар. Ал сіз қай жерде жаттығу жасамақсыз? Біздіңше, бұнда аса айырмашылық жоқ-ау. Өйткені өзіңізге қажетті спорттық құралды сатып алуыңызға болады. Спорттық құралдар Kaspi.kz қосымшасында толып тұр.

фото: pro-remont.org

Аулаңыздағы, жақын маңдағы саябаққа қойылған фитнес құрылғыларын пайдалануға да болады. Немесе спорт құралынсыз-ақ орындалатын жаттығулармен сымбатыңызды түзей аласыз.

Бастысы, ниет керек. Дегенмен спортпен шұғылдануды бастаған алғашқы айларда фитнес-тренердің бақылауы өте қажет екенін естен шығармаңыз.



Біріншіден...

Фитнес-тренер – белгілі бір уақытын сол салаға жұмсаған маман. Маман сізге нақты не қажет екенін сұрап біліп, дұрыс жолды нұсқай алады. Кез келген уақытта мазалаған сұрағыңызға жауап ала аласыз.

Мысалы, бір жеріңіз ауырса өз бетіңізше үйде емделесіз немесе дәрігерге барып оның нұсқаған ем-шарасын жасайсыз. Қайсысында ем жылдам қонады?

Дәл сол сияқты фитнес-тренер де сізге мақсатыңызға жететін қысқа жолды көрсетеді. Ол денсаулығыңыздың жай-күйіне қарай негізгі жаттығуларды топтап ұсынады. Ал қажеттіні ғана орындағанда нәтижеге жылдам жетесіз.

Мысал: Айгүл мен Гүлнұр көкірек бұлшықетін жиыруды, қатайтуды жоспарлады. Айгүл интернетті ашып іздеді. Онда көкірек бұлшықетін шынықтыратын жаттығу көп. Ақпараттарды оқыды, видеосабақтарды көрді. Олардың ішінен өзіне ыңғайлысын таңдап жүргенде екі апта уақыты өтіп кетті. Алғашқы аптада бірнешеуін орындап көрді. Келесі аптада орындалуы қиын жаттығулардан гөрі жеңілірегін таңдауды жөн санады.

Ал Гүлнұр сол күні-ақ фитнес-тренерге барды. Маман жарты сағат сұхбаттасудан кейін оған үш жаттығуды нұсқап, аптасына үш рет орындау керектігін айтты. Қалай орындайтынын көрсетті. Гүлнұрдың қателіктерін түзеді.

Нәтижеге қайсысы жылдам жетеді? Сенесіз бе, екі апта бойы күнде 5-6 жаттығуды орындаған Айгүлде емес, аптасына үш мезгіл, үш-ақ жаттығумен дайындалған Гүлнұрда нәтиже бар. Неге? Өйткені маманмен шұғылдану нәтижені жылдамдатады.



Екіншіден...

Маман қауіпсіздік шараларын айтып, денсаулыққа зиян тигізіп алудан сақтайды.

Мысалы, кез келген спорт түрімен шұғылданғанда, ең бірінші денені қыздырып алу керек. Қызған бұлшықет тез шынығады. Бұны моншаға барғанда алдымен бу бөлмесіне кіріп денені жіпсітіп алуға ұқсатуға болады. Жіпсіп тұрған дененің кірі тез езіле ме, әлде моншаға бара салып суға бір шайынып езгілеген дененің кірі ме?

Бұлшықетті қыздыру маңызды. Көбіне өз бетінше шұғылданатындар 3-5 минут бұлшықетті қыздыруға ерінеді де жаттығуға кірісіп кетеді. Содан біреудің сіңірі созылып кетсе, біреу аяғын шығарып, тағы біреу белін ауыртып алады т.б.

Сондай-ақ бірден көп жаттығу орындап, ертеңіне бұлшықеттері ауырып, араға көп үзіліс салып немесе «спорты құрсын, осылай жүре берейін» дейтіндер де кездеседі.

Мысал: Айгүл бір құрбысынан «Пәленше күнде 100 рет ішке пресс жасап, бір айда «қыпша бел» болыпты» дегенді естіді. Наурыз айына дейін қарындағы майды кетірем деп Айгүл бір күнде 100 рет ішке пресс жасады. Ертеңіне орнынан тұра алмай қалды. Белі ауырып қиналған ол «жедел жәрдем» шақырды. Дәрігерлер Айгүлдің қарын бұлшықеттері жыртылып кеткенін анықтады. Бірнеше ай жаттығу жасауға тыйым салды.

Ал Гүлнұр фитнес-теренерден бір айда қарындағы майдан құтылу мүмкін еместігін естіді. Сонымен қатар тренер салмақтан біртіндеп, ағзаға күш түсірмей арылу қажеттігін айтты. Жаттығумен қоса кейбір тағамдарға шектеу қойып, диете ұстағанда ғана нәтиже болатынын білген Гүлнұр денсаулығына зиянсыз арықтауды қолға алды.



Үшіншіден...

Тренер бақылап отырады. Бақылаушы болғанда ғана жаттығу дұрыс әрі уақытылы орындалады.

Мысалы, кез келген жұмыс орнында басшы келмей қалған күні жұмысшылардың бірі базар аралап, тағы бірі ерте қайтып кетеді. Көбісі әңгіме айтып, кофе ішіп уақытты өткізеді.

Сол секілді жаттығу орындағанда да бақылаушы болмаса тәртіпке бағынатындар аз. «Шаршап тұрмын, бүгін жаттығу залына бармай-ақ қояйын», «Осы жетеді, шаршадым» деп, тиісті жаттығу орындалмай қалады да нәтиже болмайды.

Ал, оқырман, сіз осы үш «плюстың» қатарына фитнес-тренермен жаттығудың тағы қандай артықшылықтарын қосар едіңіз?

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Бас ауруын дәрісіз-ақ қойдыруға болады

Целлюлитті «жоқ қылатын» 3 жаттығу