​Целлюлитті «жоқ қылатын» 3 жаттығу

0
2 427

Неге еркектерде целлюлит болмайды?


​Целлюлитті «жоқ қылатын» 3 жаттығу

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Байқасаңыз, салмағы көп еркектерде целлюлит бола бермейді. Неге? Өйткені бұл көбіне әйел гормондары теңгерімсіздігінен пайда болатын ағза жұмысы бұзылысының бір түрі. Сондықтан да целлюлит әйелдің репродуктивті аймақтарында, яғни қарын, жамбас, бөксе, санда көрініс табады.



Целлюлит ауру түрі ме?

Целлюлит – дерт емес, бірақ ол аурулардың тууына себепші болуы әбден мүмкін. Өйткені целлюлит май жасушаларының ұлғаюы. Тері астындағы май жасушаларының көлемі ұлғайып кеткенде ол іртік-іртік, кедір-бұдыр боп көзге көрінеді.

Целлюлит ауыртпағанымен, ол лимфалардағы қан айналымды баяулатып, соның салдарынан бүкіл ағза жұмысына кері әсерін тигізеді. Сондықтан да целлюлитке бей-жай қарауға болмайды.



Пайда болу себептері

  • Дұрыс тамақтанбау
  • Семіздік
  • Стресс
  • Қимыл-қозғалыстың аз болуы
  • Қалқанша безі жұмысының бұзылуы
  • Гормондардар теңгерімсіздігі
  • Зиянды әдеттер: алкоголь, темекі



Емдеу жолдары

  • Талассотерапия
  • Мезотерапия
  • антицеллюлиттік массаж
  • гирудотерапия
  • озонотерапия
  • липосакция
  • ағзада артық тұздың жиналуына алып келетін тұзды тағамдардан бас тарту
  • күніне 2-2,5 литр су ішу
  • көбірек жаяу жүру...

Бұның бәрі де тері асты май ұлпасында зат алмасуды реттейді және ағзадан артық суды шығару арқылы целлюлитті біртіндеп жояды.

Осы орайда, «тері асты май жасушасының қанайналымы мен зат алмасуын физикалық жаттығулар арқылы реттеуге бола ма?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, болады және бұл целлюлитпен жылдам күресетін ең дұрыс шешім. Өйткені физикалық жаттығулар ағзадағы артық суды тер арқылы шығарумен бірге май жасушаларын оттегімен қанықтырады. Осының нәтижесінде, май ұлпаларының көлемі кішірейіп, тері тегістеледі.

Біз целлюлитпен күресетін жаттығуларды ұсынамыз, ал сіз орындаңыз.



Отырып-тұру

Отырып-тұру жаттығуын барлық оқырман біледі деп ойлаймыз. Оп-оңай. Уақыт та, орын да талғамайтын жаттығу. Ешқандай фитнес құралы да қажет емес.

  • Тік тұрыңыз;
  • Қолдарыңызды алға созыңыз немесе қолды белге қойсаңыз да болады;
  • Орындыққа отырғандай қалыпта отырып, қайта тұрыңыз. Арқаны тік ұстаңыз;
  • 15-20 реттен күніне 3 рет қайталаңыз. Яғни таңертең 15-20 рет жасаған соң, түскі уақытта қайталап, кешке тағы бір орындасаңыз болады.

Отырып-тұру жаттығуының тағы бір түрі бар. Ол аяқты алға бір қадам қойып отыру (выпады).


  • Тік тұрыңыз;
  • Алға жүріп бара жатқандай бір қадам жасаңыз;
  • Отырыңыз, артта қалған аяқтың тізесі жерге 4-5 см жетпеуі керек және арқа тік болуы қажет;
  • Түрегеліп, аяғыңызды қайта орнына қойып, бастапқы қалыпқа оралыңыз.
  • Келесі аяқпен жаттығуды қайталаңыз;
  • Күніне әр аяққа 15 реттен, үш мезгіл қайталаңыз.


Жамбасты көтеру

  • Шалқаңыздан жатыңыз;
  • Тізені бүгіп, аяқты жинаңыз, табандар еденде тұрсын;
  • Қолдарыңызды дене тұсында ұстаңыз;
  • Жамбасты еденнен көтеріңіз;
  • Ос ықалыпта 5-6 секунд тұрып, жамбасты еденге қойыңыз;
  • Күніне екі мезгіл, 20 реттен орындаңыз.



Аяқты артқа сермеу

  • Еденге төрт тағандап тұрыңыз;
  • Арқаны, басты тік ұстаңыз;
  • Оң аяқты созып, жоғары көтеріңіз;
  • Лажы барынша тізені бүкпеуге тырысыңыз;
  • 15 рет қайталаңы;
  • Бірер секунд кідіріп, сол аяқпен жаттығуды қайталаңыз.
  • Күніне екі мезгіл жасаған дұрыс.


Есте ұстаңыз: Кез келген физикалық жаттығу қанайналымды жақсартады және бұлшықетті шынықтырады. Денеде бұлшықет көбейсе, май азаяды. Ал целлюлит май жасушаларының ұлғаюы мен жұмысының бұзылуын білдіреді.

Олай болса, аяққа, санға, бөксеге арналған осы бес жаттығуды аптасына үш рет орындауды дағдыға айналдырыңыз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Бір аяқпен тұру – көп аурудың алдын алады

Қынап бұлшықетін шынықтырудың оңай әдісі