Бұған дейін "Гаджеттер" айдарында виброплатформаның не екенін және қалай қолдануға болатынын жазған болатынбыз.
Сурет: zoryana.ua
Физикалық формасын жақсартқысы келетін, денсаулығын нығайтуды және артық салмақтан арылуды мақсат ететін адамдар арасында виброплатформалар танымал бола түсуде. Бұл құрылғы денеге вибрация (діріл) әсерін беріп, терең бұлшықеттердің жұмысын белсендіреді және күшейтеді.
Арықтау мен денсаулықты жақсарту жолында виброплатформа қолданатын болсаңыз, онда жай ғана тік тұру не отырудың пайдасы өте баяу байқалады. Сондықтан құрылғының оң әсерін арттыра түсетін мына 5 жаттығуды да қосыңыз.
1. Отырып-тұру
Қалай орындау керек: платформа үстінде екі аяғыңызды иық деңгейінде ашып тік тұрыңыз. Діріл қосылған соң терең тыныс алып, жаттығуды бастаңыз. Тізеңізді бүгіп, жамбасыңызды артқа қарай жіберіп, жартылай отырыңыз. Дем шығару кезінде бойыңызды қайта тіктеп, бастапқы қалыпқа оралыңыз.
Пайдасы: Отырып-тұру жаттығуы аяқ, жамбас және арқа бұлшықеттерін белсендіреді. Бұл жаттығу төменгі дене бөлігінің күшін арттырып, зат алмасуды жақсартады. Ал ол вибрациямен қосылған кезде бұл процесс жылдамырақ жүреді.
2. Бір аяқпен сымдай тартылу
Қалай орындау керек? Бір аяғыңызбен виброплатформаға тұрыңыз, екінші аяқты сәл көтеріңіз. Терең тыныс алып, қолды екі жаққа созып, арқаңызды түзу ұстаған күйі алға қарай еңкейіңіз. Көтерілген аяқ жерге параллель болуға, тізе бүгілмеуге тиіс.
Демді баяу шығару кезінде бастапқы қалыпқа оралыңыз да, жаттығуды екінші аяқпен қайталаңыз.
Пайдасы: Бұл жаттығу тепе-теңдікті және координацияны дамытады. Жамбас пен сан, арқа бұлшықеттерін күшейтеді.
3. Платформадағы планка
Қалай орындау керек? Қолдарыңызды түзу қалпында немесе шынтақтан бүгіп виброплатформаға тіреңіз.Екі қолдың арақашықтығы иық деңгейінде болғаны абзал. Аяқты тік қалпында артқа қарай созып, кеудені еденнен көтеріңіз.Иық, арқа, жамбас,тізе бәрі бір түзу сызық бойында болуын қадағалаңыз. виброплатформаға қойып, планка қалпына тұрыңыз. Осы қалыпты мүмкіндігінше ұзақ ұстаңыз (20–30 секундтан бастап, біртіндеп уақытты көбейтіңіз).
Пайдасы: Құрылғының дірілімен қосылған планканың әсері барлық бұлшықет топтарын, әсіресе корпус пен арқа бұлшықеттерін белсендіреді. Дене қалпын (осанка) жақсартады және іш бұлшықеттерін күшейтеді.
4. «Бұрау»
Қалай орындау керек? Виброплатформаға отырып, тізеңізді бүгіп, аяқтарыңызды сәл көтеріңіз. Қолдарыңызды бірге ұстап, денеңізді сәл артқа қарай еңкейтіңіз. Балансты сақтап, денеңізді солға және оңға бұрыңыз, іш және бүйір бұлшықеттерін жұмысқа қосыңыз.
Пайдасы: "Орыс бұрауы" қиғаш және түзу іш бұлшықеттерін тамаша дамытады, бел көлемін азайтуға және жалпы физикалық форманы жақсартуға көмектеседі.
5. Кері серпілу
Қалай орындау керек? Планка қалпына тұрып, қолдарыңызды виброплатформаға қойыңыз. Тыныс алып, шынтақтарыңызды бүгіп, кеудеңізді платформаға қарай түсіріңіз. Демді баяу шығара отырып бастапқы қалыпқа оралыңыз.
Пайдасы: Кері серпілу жаттығуы кеуде, қол, иық және корпус бұлшықеттерін белсендіреді. Бұлшықет массасын арттырып, төзімділікті күшейтеді.
Виброқұрылғымен қосарлауға болатын жаттығулар қатары мұнымен шектелмейді. Тағф да ізденіп, түрлі тәжірибе жасап көрсеңіз, көңіл қуантарлық нәтиже көретініңіз анық.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,


