Сотталушылар сот үкіміне келіспей, апелляциялық сотқа жүгінбек.
Фото: instagram/ruslan.kadesov
ERNUR.KZ. Астанада "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС-нің экс-басшысы Руслан Қадесов сотталды. Сотталушылардың қатарында параны алған оның сыбайласы Олжас Давлетов те бар, деп жазады inbusiness.kz.
Руслан Қадесов Олжас Давлетов арқылы Астана қаласында көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу шарты бойынша аванс төлеп, сметаны ұлғайтқаны үшін "KazStroyDevelopment-2050" ЖШС мердігер ұйым басшысы Асановтан 170 миллион теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара алған.
Алайда сотталушы алаяқтық жасап, Асановтан тек 10 миллион теңге ақша алғанын мойындады.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС Бас директоры Р.Қадесов пен азамат О.Давлетовты кінәлі деп танып, олрға қатысты үкім шығарды.
“Сот үкімімен Р.Қадесов 10 жылға, О.Давлетов 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот Р.Қадесовтың мүлкін – құны пара сомасына тең төрт автокөлікті, Lexus LX570, Kia Carnival, Land Rover Defender және BMW 750 тәркіледі. Сондай-ақ мемлекетке 170 миллион теңге мөлшерінде пара сомасы қайтарылды”, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылар сот үкіміне келіспей, апелляциялық сотқа жүгінбек.