173 мың теңгеге дейін айыппұл: Әскерден жалтаруға көмектескендерге қандай жаза қарастырылған

0
103

Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Жақсылық Айтбаев көшеде шақырылушыларды ұстау жағдайларына қатысты пікір білдірді.


173 мың теңгеге дейін айыппұл: Әскерден жалтаруға көмектескендерге қандай жаза қарастырылған

Фото: Freepik.com

ERNUR.KZ. Алматыда әскери қызметке шақыруға бақылау күшейтілді. Билік әсіресе жұмыс берушілер мен ұйым басшыларының жауапкершілігіне назар аударды. Ақпаратты қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.

Алматы қаласы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Ержан Рымбектің айтуынша, кәсіпорындар, ұйымдар және оқу орындарының басшылары әскери қызметке жататын қызметкерлер мен студенттер туралы мәліметті уақытында ұсынуға міндетті.

“Мәліметті ұсынбау немесе кешіктіру 10-нан 40 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салуға әкеп соғады”, – деді ол.

Сондай-ақ билік өкілдері әскерден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салды. Қасақана жалтарғандарға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Ал қызметтен толық жалтаруға тырысқандарға 3000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Жақсылық Айтбаев көшеде шақырылушыларды ұстау жағдайларына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, заңсыз әдістерге тыйым салынғанымен, жалтарғандарды іздестіру шаралары толық тоқтатылмайды.

“Кей жағдайда азаматтарды хабардар ету және әскери басқару органдарына жеткізу шаралары жүргізіледі. Егер өкілеттікті асыра пайдалану деректері болса, олар тексеріліп, тиісті шаралар қабылданады”, – деді ол.

Сонымен қатар полковник әлеуметтік желілерде ақшаға “кейінге қалдыру” немесе “әскери билет” уәде ететін делдалдарға сенбеуге шақырды.

“Әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдайды. Делдалдардың қажеті жоқ. Барлық мәселе мемлекеттік қызметтер порталы арқылы шешіледі. Құжаттарды қолдан жасау және өзге де заңсыз әрекеттер делдалдарға да, шақырылушыларға да қылмыстық жауапкершілік жүктейді”, – деп атап өтті ол.