Уэльс ханшайымы Диананы еске алу үшін тағайындалған бұл марапат онымен аттас қайырымдылық қорының атынан беріледі.
Фото: Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі
ERNUR.KZ. 18 жастағы Диана Мурзағалиева ерекше әлеуметтік күш-жігері үшін Уэльс ханшайымы Диананың атындағы марапатқа ие болды, деп жазады inform.kz.
Уэльс ханшайымы Диананы еске алу үшін тағайындалған бұл марапат онымен аттас қайырымдылық қорының атынан беріледі. Оған ханшайымның екі ұлы, Жоғары Корольдік Мәртебелі Уэльс ханзадасы және ханзада Гарри, Сассекс герцогы демеушілік танытады.
Диана Мурзағалиева сөйлеу қабілетінің бұзылуына және денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болғандарға қолдау көрсетіп келеді. Семей полигонында ондаған жылдар бойы жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан дизартрия дертіне шалдыққан Диана бірнеше рет ота жасатып, талай сынақ пен қиындыққа қарсы түрған. Бала кезінде сөйлей алмаған ол өз ойын жазу арқылы жеткізіп, кейіннен мүмкіндігі шектеулі балалардың армандары туралы әңгіме құрастырған. Осы оқиғалар оның «Үміт әрдайым жанымызда» анимациялық фильміне негіз болды.
Инклюзивті Академияның негізін қалаған және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған жасанды интеллектпен жұмыс істейтін SPEAKUP қолданбасын жасаған ол білім, технология және әңгімелеу арқылы жаһандық инклюзияға жаңа дем берген.
«Диана» марапатының бас директоры, доктор Тесси Оджо CBE Диана Мурзағалиеваны марапатымен құттықтады.
– Біз уақытын оң өзгерістер жасауға арнаған дүние жүзіндегі Диана марапатының жаңа жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз. Біз бұл марапатты жеңіп алған адамдардың жастарды қауымдастықтарға қатысуға шабыттандыратынын білеміз, - деді ол.
Диана марапаты кімдерге беріледі?
«Диана» марапатының барлық жеңімпазы кем дегенде 12 айын үгіт-насихат және оқытудан бастап, қаражат жинау мен қызмет көрсетуге арнаған.
2024 жылы 30-дан астам елден 80-нен аса волонтер топтарға жиналды. Әрбір номинация бес негізгі критерий бойынша қарастырылып, бағаланды. Олар: көзқарас, әлеуметтік әсер, бөзгелерді шабыттандыру, жастар арасындағы көшбасшылық және әлеуметтік әрекет жолы.
Қазылар алқасы кемінде үш төрешіден, оның ішінде бір жастар өкілінен құралады.
Айта кетейік, 2024 жылғы Диана сыйлығына 1 700-ден астам өтінім келіп түсті.