«200 адамға 1 дәретхана»: Астанада құлағалы тұрған жатақхана тұрғындары жандарын шүберекке түйіп отыр

0
1 190

Олар 60 жыл бұрын бой көтерген, іші сыз тартып, су сорғалап, сырты опырылып жатқан баспана кірпішінің астында қаламыз ба деп қорқады.


«200 адамға 1 дәретхана»: Астанада құлағалы тұрған жатақхана тұрғындары жандарын шүберекке түйіп отыр

ERNUR.KZ. Астананың оң жағалауында орналасқан жатақхана тұрғындары өмірлері үшін қауіптенеді. Олар 60 жыл бұрын бой көтерген, іші сыз тартып, су сорғалап, сырты опырылып жатқан баспана кірпішінің астында қаламыз ба деп қорқады. Тез арада жергілікті билік бір шешім қабылдамаса, Үкімет үйі мен Парламентке, яғни сол жағалауға барып, өкпе-назымызды айтамыз деп бекініп отыр деп, жазады Almaty.tv.

Жатақхананың қабырғасы шытынап, кірпіштері құлай бастаған. Әйтеуір бүгінге дейін ешкім зардап шекпепті. Бірақ, тұрғындар ең қорқыныштысы үйдің сыртында емес, ішінде болып жатқанын айтады. Ғимарат іші расымен де өте қорқынышты және бүкіл үйді қолаңса иіс алған.

Қолқаңды қабатын бұл иіс сантехникалық құбырлардан ағатын нәжістен дейді тұрғындар. Айтуларынша, нәжістің суы төбеде орналасқан құбырлар бітеліп қалғанда тамшылап ағады екен. Ал көктем келісімен бірінші қабат түгел дәретханадан шығатын нысапқа толады. Бұның барлығы үйдің іргетасының жоқтығынан. Ал жоғарғы қабаттар болса еріген қар суының астында қалуда.

«Бұл үйде әзер өмір сүріп келеміз. Төртінші қабаттан бастап астына дейін су өтеді. Ол аз десеңіз, таракандар көбейіп кетті. Қанша дәрілегенімен кетпейді», - деп ашынады тұрғындардың бірі Талғат Мырзагелдиев.

Антонина Лавриненко болса бұл үйде 1968 жылдан бері тұрып келеді. Тұрғын коммуналдық қызметтерді үзбей төлейді. Алайда, бұл бағытта ешқандай жұмыстар істелмейді екен. Ал, соңғы 6 жылда мұндағы жағдай күрт нашарлап, жатақханадағы өмір тозаққа айналған дейді Нина әжей. 200-ден астам тұрғыны бар ғимаратта жалғыз дәретхана бар. Оның өзі бірінші қабатта.

«1972 жылы жатақхананы бұзамыз деген еді. Одан бері қаншама жыл өтті, әлі тұр. Бізге жатақхана 2022 жылы апаттық үйлердің тізіміне кіреді дейді. Бірақ, оған дейін жетпейтін сияқты. Бүгін-ертең төбесі мен қабырғалары түгел шытынап, астында қаламыз ба деп қорқып отырмыз. Бұрын қиындықтарды сезбейтінмін. Қазір қартайдым. Дәретханаға түсудің өзі қиямет-қайым», - дейді Нина ЛАВРИНЕНКО.

Үйдегі қабырғалардан электр сымдарының ретсіз ілінгенін көруге болады. Тұрғындардың сөзінше, олардың тұйықталуынан жатақханада екі рет өрт шыққан.

«Былтыр және одан алдыңғы жылы 2 рет сұмдық өрт болды. Өзіміз қолдан келгенше жөндеу жұмыстарын жасадық. Бірақ, оның пайдасы не?! Астынан да, үстінен де кірпіштері құлап жатыр. Бізге 2012 жылы сүріледі деді. Бірақ әлі жыр болып келеді. Талай табалдырықты тоздырдық. Маған үйдің қабырғалары – 60 пайызға, шатыры – 80, едені – 62, терезелері мен есіктері – 80, сантехникасы мен электр желілері – 90 пайызға ескірген деген қағаз берді», - дейді құлағалы тұрған үйдің тұрғыны Қайынжамал СӘКІРОВА.

Кенесары көшесі 57/1 мекенжайындағы жатақхана Байқоңыр ауданына қарайды. Аудан әкімдігінде аталған ғимараттың расымен де апатты жағдайда екенін мәлімдеді. Алайда, жергілікті шенеуніктер бұған тұрғындардың өзі кінәлі дегенді айтып отыр. Аталған баспанада ПИК жоқ. Салдарынан әбден тозып кетті дейді әкімдіктегілер. Үй сүріледі, бірақ әзір емес.

«Арнайы комиссия техникалық зерттеу жүргізді. Жатақхана ғимаратының ескіріп-тозуы 71 пайызға деп бағаланып отыр. 2020-2022 жылдары сүріледі. Оған дейін сантехника, электр желісі мен шатырын жөндейміз. Бұл жылдары аталған үйдің меншік иелеріне пәтер беріледі», - дейді Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан КАНАЛИМОВ.

Шенеуніктерден әбден күдерін үзген тұрғындар болса 2022 жылға дейін күте алмаймыз дейді. Өйткені, дәл осындай уәдені жергілікті билік бұған дейін бір емес, бірнеше рет берген. Олар апатты үйден өздерін дәл қазір эвакуациялауын талап етуде. Олай жасамаса Үкімет үйі мен Парламентке дейін барып, өкпе-назымызды айтамыз дейді.