ERNUR.KZ. Қазақстанда жаңа жылдан бастап барлық әлеуметтік төлемнің көлемі артты. Мәселен, зейнетақы 8,5 процентке өседі. Балаларға арналған жәрдемақылар да шамамен 6,5 процентке көтеріледі, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Ең төменгі зейнетақы мен күнкөріс деңгейі
2025 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған негізгі көрсеткіштердің бәрі өсті. Ең төменгі жалақының көлемі ғана сол қалпында қалды.
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге;
ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге;
ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңге;
ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
айлық есептік көрсеткіш – 3 932 теңге.
Бүгінде айлық есептік көрсеткішті әлеуметтік төлемдерді есептегенде қолданады. Мәселен, бала туғанда берілетін жөргекпұлдың көлемі 38 АЕК-ті құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3 692 теңге, ал жөргекпұлдың көлемі (38×3 692) 140 296 теңге болған. 2025 жылы жәрдемақы 149 416 теңгеге дейін артады.
Бала туғанда және бала күтіміне төленетін жәрдемақы
Қазақстанда заң бойынша үшінші балаға дейінгі жәрдемақының нақты көлемі белгіленген. Ал төртінші баладан бастап оның мөлшері артады.
бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК - 149 416 теңге;
төртінші баладан бастап 63 АЕК – 247 716 теңге.
Ал егіз бен үшем туған жағдайда әрбір баланың төлемі бөлек есептеледі. Одан кейін 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақылар төленеді.
1-ші балаға 5,76 АЕК – 22 648 теңге;
2-ші балаға 6,81 АЕК – 26 777 теңге,
3-ші балаға 7,85 АЕК – 30 867 теңге;
4-ші балаға 8,90 АЕК – 34 335 теңге.
Көпбалалы аналардың жәрдемақысы артты
2025 жылдан бастап көпбалалы аналардың жәрдемақысы шамамен 4 мың теңгеге өседі.
4 баланың жәрдемақысы 16,03 АЕК – 63 030 теңге;
5 баланың жәрдемақысы 20,04 АЕК – 78 798 теңге;
6 баланың жәрдемақысы 24,05 АЕК – 94 565 теңге;
7 баланың жәрдемақысы 28,06 АЕК – 110 332 теңге.
Осылайша, әрбір бала үшін 4 АЕК – 15 728 теңге қосыла береді. Мәселен, 12 баланың жәрдемақысы келесі жылы 188 736 теңге болады.
Сондай-ақ, көпбалалы ананың наградасын алғандардың жәрдемақысы көтеріледі.
"Алтын" алқа", "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" үшін 7,40 АЕК – 29 097 теңге;
"Күміс алқаға" 6,40 АЕК – 25 165 теңге.
Мүгедектік үшін берілетін жәрдемақы қандай болады
Мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақысы ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі. Сондықтан олардың төлемі 4,5-6 мың теңгеге өседі.
7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 74 428 теңге.
7-18 жастағы мүгедек балалар және одан үлкен азаматтар:
I топ – 101 702 теңге;
II топ – 84 598 теңге;
III топ – 74 428 теңге.
Бала кезінен мүгедектігі бар адамдар:
I топ – 101 702 теңге;
II топ – 84 598 теңге;
III топ – 74 428 теңге.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін ата-анаға және I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. 2025 жылы оның көлемі 74 428 теңге болады.