Аяқталу мерзімі 2022-2023 жылдарға жоспарланған 4 іс-шара мерзімінен бұрын орындалды.
2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде 2021 жылы іске асыру жоспарланған 68 іс-шараның 33-і орындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аяқталу мерзімі 2022-2023 жылдарға жоспарланған 4 іс-шара мерзімінен бұрын орындалды. Атап айтқанда, 9,4 шақырым өзен арналары қайта құрылып, 22,2 шақырым тазартылды. 8,2 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, 8,1 шақырым бөгеттерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі гидротехникалық құрылыс салынды. 4 жергілікті құлақтандыру жүйесі орнатылды. Автомобиль жолының астындағы су өткізу құбыры ауыстырылды.
Бұдан басқа, аталған елді мекендерді су тасқынына қарсы қорғау үшін ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен іске асырылатын екі негізгі бағдарламалық құжаттар шеңберінде су тасқынына қарсы жұмыстардың орындалуына мониторинг бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жалпы су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру барысында 340 елді мекеннен су басу қаупі жойылды. 385 елді мекенде қауіп азайтылды. Бүгінгі күні су тасқыны қаупі бар 1 010 елді мекеннің 285-і үшін ықтимал қауіп сақталуда.
Өткен тәулікте өңірлер аумағында жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштері Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 144 379 м3 еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарында 7 961 инертті материал салынған қап төселді. Батыс Қазақстан облысында 250 м2 алқапта өзендерде мұз кесу жұмыстары жүргізілді.
Батыс Қазақстан облысында авариялық-құтқару жұмыстарына Маңғыстау және Атырау облыстарының ТЖД күштері мен құралдары жеке құрамнан 92 адам, 13 техника, 2 жүзу құралы және 6 мотопомпа жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында су басқан 53 тұрғын үйі мен Ақтөбе облысында 57 саяжай үйі бақылауда тұр.
Өткен тәулікте Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 773 адам эвакуацияланды. Олар уақытша эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйлеріне орналастырылды. Қайтыс болған және зардап шеккен адамдар туралы ақпарат тіркелген жоқ.
ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Жақсыбай ауылынан Орал қаласына 2 жүкті әйел жеткізілді.
Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында 99 тұрғын үйді, Ақтөбе облысында 57 саяжай үйін және 21 аула аумағын су басты.
Ақтөбе облысының республикалық маңызы бар жолдарының 2 учаскесінде, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарының облыстық және жергілікті маңызы бар 14 учаскесінде су тасуда.
Осы жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, ҰҚК ШҚ, ЖАО 2 229 адам, 489 техника, 238 су айдау құралы және 27 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖМ жеке құрамынан 974 адам, 117 техника, 145 су айдау құралы, 21 жүзу құралы бар.