Оқиға туралы рейс жолаушыларының бірі әлеуметтік желіде жазды.
ERNUR.KZ. Air Astana әуе компаниясының Ақтаудан Алматыға бағыт алған ұшағы қозғалтқышындағы техникалық ақауға байланысты әуежайға шұғыл қайтуға мәжбүр болды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиға туралы рейс жолаушыларының бірі әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, әуе кемесі ұшқаннан кейін 20 минут өткен соң, бортта электр қуатының үзілістері байқалып, қатты гүріл естіліп, түтін иісі шыққан. Стюардессалар алаңдаушылық танытқанымен, жолаушылар сабырлық сақтаған.
Экипаж командирі қозғалтқыштың істен шыққанын хабарлап, ұшақтың Ақтауға қайта оралатынын мәлімдеді.
«Ұшақ кенеттен төмен түсе бастады, қатты шайқалды. 700 метр… Жылдамдық пен биіктік біртіндеп азайды, бірақ әуежай әлі көрінбеді. Кенеттен бір дыбыс шықты… Кейбір жолаушылар дұға етсе, өзгелері үнсіз отырды. Ақыры жерге қонғанда, бәрі жеңілдеп, көздеріне жас алды. Бізге өмірдің тағы бір мүмкіндігін берген тағдырға алғыс айтамыз. Бүгін бұл ұшқыштар біздің өмірімізді сақтап қалды. Әрбір сапарыңыз қауіпсіз өтсін!» – деп жазды жолаушы.