Ақтөбеде мектеп оқушысы қатарластарымен төбелестен кейін көру қабілетінен айырылған

0
125

Көзілдіріктің сынықтары көзін жарақаттаған.


Ақтөбеде мектеп оқушысы қатарластарымен төбелестен кейін көру қабілетінен айырылған

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Ақтөбеде өз қатарластарымен төбелес кезінде зардап шеккен жасөспірімнің туыстары "Бұзақылық" дерегі бойынша қылмыстық істі қайта тергеуді талап етті, деп жазады tengrinews.kz.

Олардың айтуынша, 16 жастағы жасөспірімнің оң көзінде көру қабілеті 75 пайызға жоғалған. Енді оған ота жасалып, ұзақ уақыт қалпына келу қажет. Ол енді қалыпты өмір сүре алмайды, спортты тастауға мәжбүр болған.

"Туыстарының айтуынша, полиция бастапқыда істі екі бап бойынша қозғаған: бұзақылық және денсаулыққа орташа зиян келтіру. Алайда кейін "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу жабылған. Енді Тамерланның туыстары екінші бап та қайта саралануы мүмкін деп қауіптенеді", – делінген сюжетте.

Сонымен қатар, істің фигуранттарының ешқайсы ұсталмаған.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық істі тергеу жалғасып жатқанын айтты.

"Қазіргі уақытта бірқатар тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Соның ішінде қосымша сараптама тағайындалған. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деді ведомствоның баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салайық, оқиға 29 маусым кешке Ақтөбеде болған. Төбелестің бір бөлігі супермаркеттің бейнабақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда 16 жастағы жасөспірімнің бір топ адамнан қорғанып жатқаны көрінеді. Бір сәтте оны бетіне ұрып, көзілдіріктің сынықтары көзін жарақаттаған.