Алакөлде демалатын туристердің қауіпсіздігі Ashyq-пен қамтамасыз етіледі

0
510

"Сары" және "қызыл" статусы бар жеке тұлғаларға Алакөл көлінің туристік-рекреациялық аймағына келуге тыйым салынады


Алакөлде демалатын туристердің қауіпсіздігі Ashyq-пен қамтамасыз етіледі

ERNUR.KZ. Алакөл жағалауында демалатын туристердің қауіпсіздігі Ashyq жобасы арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді, деп жазады Елорда Инфо.

Қызметкерлер мен демалушы туристердің қауіпсіздігі мен Алакөл көлінің жағалауында коронавирустың таралуын барынша азайту кәсіпкерлік субъектілерінің «ерікті» қатысушылар форматында Ashyq жобасын енгізуі арқылы қамтамасыз етіледі. Мұнымен қоса, демалыс аймағында күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим, термометрия, бетперде кию тәртібі және әлеуметтік қашықтық сақталады.

Кәсіпкерлер немесе келушілерді демалыс және тұру орындарында орналастыруға жауапты тұлғаларға, сондай-ақ көлдің туристік-рекреациялық аймағында орналасқан қызмет көрсетуші өзге де объектілерге қоныстанатын демалушылардың «жасыл» және «көк» статусын QR-код немесе ЖСН арқылы тексерген кезде ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген. Шетел азаматтарының статусын тексеру үй-жайға кіруді бақылайтын қызметкердің Ashyq қосымшасына паспорт нөмірін енгізу арқылы жүзеге асады.

Келушілер берілген күннен үш тәуліктен аспайтын, теріс нәтижесі бар ПТР әдісімен жүргізілген зертханалық тексеру туралы құжатты (еріп жүрушілерде анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда) немесе коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсын алғанын растайтын құжат ұсынған кезде, туристік-рекреациялық аймақ объектілеріне өз статусын тексермей кіре алады. Сонымен қатар еңбекке уақытша жарамсыздығын растайтын құжатты ұсынған азаматтардың демалыс аймағына статусын тексермей кіруіне рұқсат беріледі. "Сары" және "қызыл" статусы бар жеке тұлғаларға Алакөл көлінің туристік-рекреациялық аймағына келуге тыйым салынады.

Бұған қоса Ashyq жобасына қатысатын тасымалдаушыларды қоспағанда, облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар белгілі бір шектеулермен жүзеге асырылмақ.