Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты тек әкімшілік іс қозғалған.
ERNUR.KZ. Алматы облысында жарты қабырғасы жоқ үйде мүгедек баласымен тұрып жатқан жалғызбасты ана халықтан көмек сұрайды. Ал оның үйіне қатты келіп соғылып, бір түнде тұруға жарамсыз еткен Ланд Крузер көлігінің иесі ізім-қайым жоқ. Әкімдік болса, жалғызбасты анаға бұл жағдайда көмектесе алмайтындарын жеткізген, деп жазады zakon.kz.
Зардап шегуші, Талдықорған қаласының тұрғыны Аида Базилбаеваның айтуынша, 26 маусымда таңғы үште шырт ұйқыда жатқанда "ЛандКрузер" көлігін тізгіндеген ер адамүйлерін бұзып бір-ақ кірген. Ол үйіндінің астында қалған мүгедек баласын өзі алып шыққан. Міне, осы оқыс оқиғаның болғанына 11 күн өтсе де, үйді қалпына келтіруге әлі бір де бір адам келмепті.
"Байдың балалары! Не істеп, не қойғандарын өздері де білмейді. Аяқтарынан тұра алмай тұрған. Жас балалар. Наркологиялық орталыққа апарды, олар "жеңіл дәрежеде мас" деп жазып беріпті. Неге? Мүмкін беретінін беріп, аузын жапқан шығар. Содан кейін олар тайраңдап жүр. Ал мен мүгедек баламмен осындай үйде тұрып жатырмын. Не істерімді білмеймін. Еш жақтан көмек жоқ", - дейді жалғызбасты ана кемсеңдеп.
Аида Базилбаева оқиғадан кейін үйіне толықтай сараптама жасатып, тұруға жарамайды деген шешім алыпты. Көлік соққысының қатты болғаны соншалықты, үйдің қабырғалары жарылып, апатты деп танылған. Бірақ көлік иесі үйдің бүлінген жерін ғана жөндеуге келіскен көрінеді.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты тек әкімшілік іс қозғалған.
"ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 608-бабына сәйкес (Жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы) іс қозғалды. Іс материалдары сотқа жолданды", - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев.
Ал Аида Базилбаева қазір мүгедек баласымен бірге апатты үйде тұрып жатыр. Оған әкімдіктегілер де көмектесе алмайтынын айтыпты. Енді жалғызбасты ана халықтан көмек сұрайды.