Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматы облысында қорықшы ер адамның аяғына оқ атты, оқиға видеоға түсіп қалды, деп жазады tengrinews.kz.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады. Жазбада ер адам мен қолында мылтығы бар қорықшы сөзге келіп, дауласып тұрғаны көрінеді. Бір сәтте қорықшы мылтығын оқтап, ер адамның аяғына жақын қашықтықтан оқ атады. Жараланған адам жерге құлап, аяғын ұстап, айқайлай жөнеледі.
Алдын ала мәлімет бойынша, далада от жағу жанжалға себеп болған.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
"Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала деректер бойынша, жанжал өзара келіспеушіліктің салдарынан туындаған", – делінген хабарламада.
Полиция өкілдері қылмыстық іс бойынша барлық жағдайларды жан-жақты, толық әрі объектив зерттеу мақсатында кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын қосты.